Ғалымның есімі ұлықталды
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовті еске алуға арналған «Табиғатты ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздік контекстіндегі өңірлердің орнықты даму проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Пленарлық мәжілісті білім ордасының басқарма мүшесі – ректордың міндетін атқарушы Гүлвира Мұсабекова ашып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау жеделхатын оқып берді. Академиктің өмірі мен еңбек жолына тоқталды. Халықаралық конференцияға Израиль мемлекетінің техника ғылымдарының докторы, профессор Валерий Кац және Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Ирригация және мелиорация», «ТИАШМИИ» ғылыми-зерттеу университеті кафедрасының профессоры Бахтияр Матякубов онлайн байланыс арқылы қатысып, ғалым Ә.Ахметовтың техника ғылымдарының дамуына қосқан зор үлесін айтып, жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін, ғалымның шәкірті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова баяндама жасап, академиктің ғылымға сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды.
– Қатардағы оқытушыдан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі лауазымына дейін көтерілген, еңбек жолы кейінгі буынға үлгі боларлық тұлға тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының үздік тәжірбиесін зерттеп, оны университетті басқару ісіне батыл енгізе білді. Соның ішінде М.Х.Дулати атындағы университетте атқарған жұмыстарын атап өту менің парызым деп білемін. Студенттердің контингентін көбейту мәселесі, сапа менеджментін енгізу, студенттердің білімін бақылауда ашық әрі қолжетімді жүйені іске қосты. Техникалық бағыттағы магистратура мен докторантура бойынша жаңа білім бағдарламалары ашылды. «Жас өркен» сауықтыру лагерін іске қосып, студенттердің практика базасын нығайтты. Оқытушыларға арналған GPA жүйесі енгізілді. Мектептермен тығыз байланыс орнатылды. Қазіргі жатақханалардың барлығы сол кезде пайдалануға берілген. Студенттік билет арқылы жаңа бассейндер ашылды. Сол тұста университет республикада үздік бестікке енгені осындай табанды еңбектің жемісі. Бір сөзбен айтқанда, сол кездегі университет қызметкерлерінің корпоративтік рухы белсенді болды. Әшімжан ағамыз университеттегі ең басты тұлға ол – студент деп санады. Заманауи оқу үдерісінің негізгі қозғаушы күші деп таныды. Жиындарда мінберге бірінші студент шығатын еді. Әрбір студентке қолайлы жағдай жасалып, жатақханаға орналасуына дейін көңіл бөліп отырды, – деді Дария Пернешқызы. Жалпы, үш бірдей жоғары оқу орнын басқарған, жоғары білім және ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ғалым, техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Әшімжан Ахметовтің есімін әріптестері әрқашан құрметпен атайды.
«Aq-jol» – Аqparat».
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді