Жуалы ауданындағы №16 сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов аумақтағы бірнеше ауылдық округте болып, сайлаушылармен кездесті.
Алғашқы басқосу Ақсай ауылдық округінде өтті. Оны аудан әкімі Батырбек Құлекеев ашып, Бағлан Қарашолақовқа сөз берді. Халық қалаулысы мәслихат депутаттарының жылына кем дегенде бір рет сайлаушылармен кездесіп тұратындығын, ағымдағы жылдың облыс бойынша табысты болғандығын, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 196,2 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілгендігін, ауылшаруашылығында жалпы өнімнің 111,2 миллиард теңгені құрағандығын жеткізді. Оның үстіне Индустрияландыру картасының шеңберінде биылға белгіленген 7 инвестициялық жобаның ішінде құны 13,4 миллиард теңге болатын 2 жобасы пайдалануға беріліп, 556 жұмыс орны ашылыпты. Жыл басынан бері бөлшек сауда айналымының көлемі 112,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 10,1 пайызға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 1 пайызға артқан. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы басталғалы кәсіпкерлердің 324 жобасына 39,6 миллиард теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілген. Бұдан әрі Бағлан Қарашолақов әлеуметтік саладағы, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт жүйесін қаржыландырудың барысына тоқталды. Сөзінің соңында ол облыстық мәслихаттың, оның тұрақты комиссияларының жұмысы, сессияларда қаралған мәселелер туралы ақпарат берді. Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәрібай Құрмашов, Мыңбұлақ орта мектебінің директоры Эльмира Абишева, Дихан ауылының тұрғыны Әлжапар Кемелов Жеңістің 70 жылдығына орай майдангерлерге көмек-қолдау көрсетілсе, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен белгілер жөндеуден өткізілсе, Дихан мен Қайрат ауылдары арасындағы жол жөнделсе, Дихан ауылында жаңа мектеп салынса деген өтініш-тілектерін жеткізді. Күреңбел ауылында өткен кездесуде ауыл тұрғындары ауылдағы ауыз су құбыры жөндеуден өткізілсе, мектепке бала таситын автобус әперілсе, спорт зал соғылса, сүт қабылдап алушылар сүт бағасын көтерсе, мал, ет өткізетін пункттер ашылса деген сияқты өздерін толғандырып жүрген жайларды ортаға салды. Қошқарата ауылының жұртшылығы ауылға табиғи газ жеткізу, ауылдағы су ағатын тоғанды жөндеуге қаржы бөлу, ауылішілік жолдарды жөндеу туралы мәселе көтерді. Билікөлдік сайлаушылар да ауылға табиғи газ жеткізілсе, ауылдағы орталық көше жөндеуден өткізілсе, ауылды айналып өтетін қалааралық жолдарға жол белгілері қойылса, деген тілектерін жеткізген. Кездесулерді аудан әкімі Батырбек Құлекеев қорытып, басқосуларда көп мәселенің көтерілгенін, жалпы Бағлан Жиенәліұлының сайлаушылар аманатына аса сергек қарайтынын, осыдан да ауданда біршама жұмыстар атқарылғанын, алдағы уақытта да ауқымды істердің қолға алынатынын айта келіп, тұрғындар атынан облыстық мәслихат депутатына алғысын жеткізіп, еңбегіне табыс тіледі.
Мейірбек Мәтенов, журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді