Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойы үлкен деңгейде аталып өтті. Ол, тіпті, туысқан елдер әдебиеті өкілдерінің де назарын аударды десек артық айтқандық емес. Әсіресе, түбі бір түрік қандастарымыздың мерейтойға арнаған тарту-таралғылары ерекше болды.
Бұл ретте, халықаралық «ТҮРКСОЙ»-дың (Түркі мәдениетін және өнерін ортақ дамыту халықаралық ұйымы) ықыласын айтпай өтуге болмас. Себебі, ұйым екі ел мәдениетімен бірге оның әдебиетін дамытуға да ниет білдіріп отыр. Мысалы, биыл қаламгерлердің шығармашылығын насихаттайтын «Түркі әлемі жазушылар қауымдастығы» құрылғаны белгілі. Түркияның Анкара қаласында орналасқан Еуразия Жазушылар одағы осы қауымдастықтың жұмысын үйлестіреді. Сондай-ақ, «ТҮРКСОЙ»-дың қолдауымен «Kardeş kalemler» әдеби-көркем журналын шығарып келеді. Мерейтой қарсаңында осы журнал (бас редакторы Али Акбаш) бір санын толықтай қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнады. Оған Нұрлан Оразалин, Аққұштап Бақтыгереева, Марфуга Айтқожа, Рафаэль Ниязбек, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрғали Ораз және Жүсіпбек Қорғасбек секілді тағы басқа да белгілі ақын-жазушылардың дүниелері жарияланған. Аудармашы, публицист, халықаралық ұйымының Түркиядағы өкілі Мәлік Отарбаевтың аудармасымен жарыққа шыққан журналға жерлестеріміз ақын Күләш Ахметова мен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы туындыларының енуі өңір әдебиетшілері үшін үлкен мақтаныш. Енді түрік оқырмандары жерлестеріміз К. Ахметованың «Айша бибі» атты жауһар жыры мен жазушы К. Сәттібайұлының «Электорат» деп аталатын әсерлі әңгімесін өз тілдерінде оқи алатын болады. Ең бастысы, мұны тараздық қаламгерлер шығармашылығының жаңа бір белесі деп қабылдаған ләзім.
Жанғазы АХМЕТОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




