Жасаған жақсылығы алдынан шықты
Бір күні шаруа батпақты жермен үйіне қайтып келе жатты. Жердің миы шығардай езілген, өте бір қолайсыз, лайсаң күн еді. Кенет батпаққа батып бара жатқан баланың жанұшырған дауысын естіді. Бала батпақтан шығуға әрекеттенген сайын оны құрдым өзіне қарай тартып бара жатты. Өте қорқынышты көрініс еді. Қорыққанынан барынша көмек сұрап шыңғырған балаға әлгі шаруа жуандау бұтақты кесіп алып бір шетін ұсынды. Бала бұтақтан ұстап, құрдымнан аман-есен шыққан соң көпке дейін дірілдеп, көзінің жасы моншақтап ағып, есін жинай алмады. – Менің үйіме жүре ғой. Саған үстіңді құрғатып жылынып алу керек, – деді шаруа.
– Жоқ, жоқ, рақмет. Мені әкем күтіп отыр. Ол кісі шамалы уайымдап қалған болар, – деді бала шырылдап. Құтқарушыға алғыс толы көзімен бір қарап, есін жинаған бала көздеген бағытына қарай жүгіре жөнелді...
Таңертең шаруаның есігінің алдына қымбат сәйгүліктер ерттелген сәнді күйме келіп тоқтады. Оның ішінен бай мырза түсіп:
– Кеше менің баламды құтқарған сіз бе? – деп сұрады.
– Иә, мен, – деді шаруа.
– Мен сізге қанша қарызбын? – деді бай.
– Мырзам, мен кез келген есті адам жасайтын әрекетті жасадым. Сіз маған ештеңе қарыз емессіз! – деді шаруа.
– Жоқ, мен бұл ісіңізді қайтарымсыз қалдыра алмаймын. Менің ұлым – маған өте қымбат! Түсінесіз бе? Сондықтан маған кез келген соманы айтыңыз,төлеймін, – деп тұрып алады.
– Менің бұл әңгімені жалғастырғым келмейді. Сау болыңыз, – деп шаруа бұрыла бергенде, есік алдына жүгіріп оның ұлы шықты.
– Бұл сіздің ұлыңыз ба?, – деп сұрады бақуатты қонақ.
– Иә, – деді баласының басынан сипап тұрып шаруа әкесі мақтанышпен.
– Былай болсын. Мен сіздің ұлыңызды Лондонға алып кетіп, оқуын төлейін, егер ол да әкесі секілді шүкірлігі мол адам болса, мен де, сіз де ұтылмаспыз, – деді.
Арада ұзақ жылдар өтті. Шаруаның ұлы мектепті, сосын медициналық университетті бітіріп, пенициллин дәрісін ойлап тапқан, әлемге әйгілі ғалым болды. Оның есімі – Александр Флемминг еді. Соғыс кезінде Лондонның қымбат ауруханаларының біріне өкпе қабынуының ауыр түрімен баяғы бай мырзаның ұлы келіп түсті. Оның өмірін сақтап қалуға не себеп болғанын білесіз бе? Жұрттың айтуынша байдың баласын құтқарып қалған Александр Флемминг ойлап тапқан пенициллин дәрісі екен! Ал Александр Флеммингтің білім алуына жағдай жасаған мырза – Уинстон Черчилль еді. Ал оның ұлы Уинстон Черчилль кейіннен Англияның Премьер-Министрі қызметін атқарды. Сол Уинстон Черчилль: «Сенің істеген ісің өзіңе міндетті түрде қайтып келеді, – деп айтып жүреді екен.
Шынында да, бұл шағын оқиғадан үлкен ғибрат алуға болады. Қазіргідей мейірім мен ізгі қасиеттер азайған заманда жақсы амалға ұмтылған кісінің еңбегі ақталатыны анық. Айналамызға нұр шашып, жақсылық жасап жүрейік, ағайын!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді