«Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді»
Сәлемдескен кезде Шерағаңның қолымды «қысатын» әдеті бар. Аға әзілін түсіне қойған мен де саусақтарым күтірлеп, сынып бара жатқандай оң иығымды салбыратып «ойбай» деймін. – Не болды-ей? – дейді Шерағаң.
Деген кезде, жайшылықта қату көрінетін қабағына күн қонақтағандай жүзі ерекше жадырап сала береді. Жүзі ерекше жадырап сала берген кездегі көздерінен шашылған сәулелер жан-жағын пештің қызуындай жылытып жібереді.
– Қолыңыз қарулы екен ғой, аға, – деймін мен саусақтарымды «ауырсынғандай» сілкілеп.
Аға мен іні, бәлкім, әке мен ұл деуге де боп қалар, бұл «ойын», сірә, Патриархқа ұнаған сыңайлы. Сыңайлысы сол, ұшырасқан сайын саусақтарымды «күтірлеткісі» кеп тұратын боп алды.
Аға мен іні, бәлкім, әке мен ұл деуге де боп қалар, бұл «ойын», сірә, Патриархқа ұнаған сыңайлы. Сыңайлысы сол, ұшырасқан сайын саусақтарымды «күтірлеткісі» кеп тұратын боп алды.
***
Қызмет бөлмем алты қабатты әкімдік үйінің бірінші қабатындағы ұзын залдың сол жақ түкпіріне орналасқан. Бірде Шерағаң облыс әкімінің жиналысы біткенше осы құжырада «аяқ суытып», отыра тұруына тура келді.
Шерағаң үстелімдегі газеттеріме, шкафтағы кітаптарыма қарайды. Ұз-а-ақ үңіледі. Әлдебір әуенді ыңылдап та қояды. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегені сияқты. Бір кезде үстелімдегі «Захир» деген кітапқа көзі түсті де:
– Осы кітапты жазған адамды мақтайды да жатады. Өзінің аты-жөніне тілім де келмейді, – деді.
Менің де тілім келмейтін. Көзімді ашқанан қазақша «жылап», қазақша «күлген» менің орысшаға келгенде, әсіресе, оның «ь» деген белгіден тұратын не тұрмайтын сөзін айтқанда тілім бұралып, мүсәпір болам да қалам. Мен сияқты қазақтар қаншама. Бірақ ешқайсысы «орыстың осы «ь»-не тілім келмейді» деп айтпайды. Ал Шерағаң болса, білдей жазушы, анау-мынау емес, ел есін енді жиып келе жатқан елең-алаңда Мәскеудің білдей МГУ-інде оқыған, орысшасы да әжептеуір (аудармалары қаншама), «Пауло Коэльо» деп айтқанға тілім келмейді деп отыр.
Қандай шынайылық. Қандай ірілік. Қандай кішілік. Біздің кейбір ағаларымыз бен інілерімізге осы шынайылық жағы жетіспей жатады-ау. Қашан көрсең «мен бәрін білем» деп тыраштанады да жүреді.
Әкімнің ұзақ-сонар жиналысының бітуін күтіп уақыт «өлтіріп» отырған ардагер ағаны көңілдендіру үшін:
– Пауло Коэльо ғой, аға, – деп әрең дегенде тілімді бұрадым. – Бірақ алып бара жатқан анау айтқандай ештеңесі жоқ. Қысқа жазуға тырысады. Сосын тілі майда («Көркем» дегенді қазақылап жеткізгенім ғой). Сіздің «Ай мен Айшаңыз» бар ғой, соған келіңкірейді.
Дедім де, ішімнен «осыным асылық болып кеткен жоқ па» деп ойланып қалдым. Өйткені аға көңілі үшін айдалада өзімен өзі жүрген және не жазса да сатып алып (сонау «Алхимигінен» бастап), жата-жастана оқып жүрген жазушым Пауло Коэльоға тілім тиіп кетті-ау деп қобалжыдым. Олжас ақынның «Даланы асқақтату үшін, тауларды аласартудың керегі» жоқ екенін құлағымызға құйғанына жиырма бес-отыз жылдай уақыт болып қалса да әдептілікті ескермегеніме қынжылдым.
Кімнің кім екенін менен сұрайды дейсің бе, Патриарх та үндеген жоқ.
***
Бір күні Астанадан Ержұман аға Смайыл телефон шалды.
– Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетінің тойына Астанаға қалайда келуі керек. Ағаңның баруы мен келу жолына алдын ала билет ала бер. Қаражатын банктегі кәртечкеңе газет есепшісі аударып береді.
Ерағаңның сөзі командирдің бұйрығындай. Бұдан кейін «меншікті тілші» деген Жаппар құлда жан қала ма:
– Жарайды, – дедім.
Бірақ билет алу үшін Шерағаңның үйіне барып төлқұжатын алуға тура келді. Үйіне келдім. Сәлемдестім. Қолымды бұл жолы да «күтірлетті». Шерағаңның іш тартатын адамдарымен қол қысысып «ойнайтынын» біліп алғам. «Ойбай, саусақтарымды ауыртып жібердіңіз» деп, жорта ышқынып жатырмын тағы.
Жолда келе жатып «Патриархтың төлқұжаты қандай болады екен?!» дегендей, қайта-қайта қарай берем. Бірақ ешқандай ерекшелігі де, ешқандай кереметі де жоқ. Кәдімгі төлқұжат. Аты-жөні, туған жылы, тағы басқалар. Бірақ мен үшін Патриархтың төлқұжаты басқалардың төлқұжатынан бәрібір ерекше сияқты көріне берді.
Кенет басыма «Патриархтың төлқұжатының көшірмесін жасатып алып қалсам қайтеді» деген бір ой сап ете қалды да, «ксерокс» деген дүңгіршектің жанына көлігімді кілт тоқтаттым.
Патриархтың төлқұжатының сол көшірмесі архивтерімнің арасында әлі сақтаулы тұр. Бірақ бұл туралы Патриархқа ләм-мим дегенім жоқ. Деп керегі не. Жасатсам өзім үшін ғой.
***
Шерағаңның кейде менің атыма байланысты ұйқастарды қуалап «өлең» шығаратыны бар. «Әлі» деп аяқталатын атқа келгенде ұйқас та мұндай көп болар ма, көлікпен ұзақ жол үстінде келе жатқанда онысын кейде ыңылдап, кейде әндетіп айтып отырады. Тыңдармандарының «контингентіне» байланысты «өлеңінің» бірнеше нұсқасы да бар. Мысалы, бір нұсқасын «Сұрасаң менің атым Көсемәлі» деп бастайды да қулана жымиып қойып, «Министр боп өсем әлі» деген жоғары «пафоспен» аяқтайды. Бірақ маған «министрлікті» қимайтындар «Көкейін сұлулардың тесем әлі», «...бірдеңесін шешем әлі» деген ойнақы жолдарды айтса екен деп күтіп тұрады.
«Әкім аға Таразидің «соқасы мен сотасы» туралы өлеңге қарағанда имантаразылау ғой» деп өзімді өзім жұбатып қоямын ондайда.
***
Бір күні жұмысқа келе жатсам, ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. Қарасам, «Егемен Қазақстаннан» Самат Мұса екен.
– Көсемәлі, сені Шераға іздеп жатыр. Мынау Астанадағы үйінің телефоны, тез хабарлас, – деді.
Бір қиын тапсырма беретін шығар деп қорқып кеттім. Қорқатын себебім, сыйлы ағаның тапсырмасын орындай алмаудан өткен ыңғайсыз нәрсе жоқ. Бірақ қорықтым екен деп Шерағамен хабарласпау одан да жаман. Сондықтан жұмыс бөлмеме келе сап, жүрегімді басып, «бисмиллә» деп телефон нөмірлерін тердім. Телефон трубкасын Ақбілек апам көтерді де, бәрі естіліп тұр, «Тараздан ғой, Көсемәлі екен» деп Шерағаңа ұсынып жатты.
– Шераға, сәлеметсіз бе, бұл мен ғой, іздеген екенсіз.
– Аманбысың, – деп Шерағаң «пауза» жасады.
– «Хабарлассын» деген екенсіз. Не шаруа?
– Ешқандай шаруа жоқ. Ана бір мақалаңды оқыдым. Жақсы екен. Жаз. Жаза бер.
«Ақша жеткен жерге аяқ та жетеді» деген бір қысқа ғана мақалам жарық көрген. Сол Патриархтың көзіне түсіпті. Көзіне түскен соң оқыпты. Енді соны сонау Астанадан айтып тұр.
– Рақмет, аға.
– Ылғи телефон шалам алмайсыңдар, ана газеттеріңнің соңындағы телефон номерлерің қате жазылған ба, немене? – деді сосын.
Үні өте ренішті. «Шіркін, баяғыдай бас редактор болғанымда мұндай майда-шүйдеге дейін қалыс қалмайтын еді» деп күйініп тұрғандай. Самат Мұса сауын айтқан әңгіме осымен бітті. Дереу Ержұман ағаға телефон шалдым. Осындай да осындай, Шерағаң «хабарлас» деген соң хабарлассам ренжіп жатыр, газетіміздің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісінің телефон номеріндегі «2» деген бір цифр артық жазылып кетіпті, соның салдарынан Шерағаң маған қайта-қайта телефон шалып, ала алмапты. Ренжіп жатыр, – дедім.
Ертесіне әлгі «қате» түзетілді. Бірақ «қате» түзетілгенімен, менің көңілімдегі өкініш түзелмей, сол күйі қалып қойды. Өйткені әлгі артық жазылып кеткен «2» деген цифрдың кесірінен Патриархтың қаншама ақыл-ойынан құр қалдым.
Осы оқиға есіме түссе әлі күнге дейін өкінемін.
***
Ол кезде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісімін. Бас редактор Уәлихан Қалижан. Басшы ретінде жасаған бір біліктілігі сол, зейнетке шыққан Шерхан Мұртаза ағамызды «Егеменге» (ауызекі тілде бәріміз қысқартып «Егемен» дейтінбіз) қызметке алған. Ол туралы Шерағаң «Өзім бір кезде басшы болған газеттің бір кішкентай бөлмесінде отырмын» деп басталатын шағын мақаласын оқыдым-ау деймін.
Содан не керек, 1996 жылы бас редакторымыз Уәлихан Қалижан қасына айбарынан әкім біткен сескенетін мүйізі қарағайдай қаламгер ағамыз Шерхан Мұртазаны, газеттің білдей бөлім басшылары Аян Нысаналин, Әділ Дүйсенбек, фототілшісі Сиез Бәсібек және талантты журналист Құдияр Біләлді ертіп, өңірімізге сапарлап кеп қалды. Сапар міндеті – елді «Егеменге» жазылуға үндеу, насихаттау, сол үшін сонау Қордайдан бастап, Меркі, Құлан, одан Тараз асып, әкімдермен әңгімелесіп, оқырмандармен кездесулер өткізу.
Әлі есімде, Қордай мен Меркіден өткеннен кейін, Құланға келдік. Құлан – Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның орталығы. Тәуелсіздіктің арқасы да, бұрынғы Луговойдың – Құлан, ауданның – Тұрар Рысқұлов атануы. Оның үстіне Тұрар аты Шерағамыздың жүрегіне өте ыстық, өте жақын. Коммунистік партия салтанат құрып тұрған кезде жанын жалдап жүріп Тұрар туралы том-том кітап жазған қаламы қарымды қайсар жазушы. Оған басқа мансаптары мен беделдерін, атақтарын қоссаңыз, түр-тұлғасы, тіпті, аспандап кетеді.
Бірақ білімсіздігі ме, біліксіздігі ме, әлде кесірлігі мен кесапаттығы ма, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның сол тұстағы әкімі Тұрардай тау тұлға туралы эпопея жазған жазушы бастаған бір топ журналистер келіп, есігінен ішке енгенде креслосынан тұрған жоқ. Бізді қойшы, білдей бас редактор Уәлиханды да менсінбесін, бірақ ана қасиетсіз әкім қазақтың қарқарадай Шерағасына да отырған күйінде қол созды. «Қап, мынау ит бүлдірді-ау, адам танымай ма, әлде адам тануға адамдығы жетпеді ме? «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді» деген, мына жетесіз ата-баба өсиетінен де жұрдай екен ғой?» деп, менің көңілім әлем-жәлем боп, қабаржып қалды.
Бірақ демімді ішіме тартып, сыр бергенім жоқ. Десем де, әкім тарапынан орын алған мына сойқан сорақылыққа Шерағаң қалай «реакция» жасар екен дегендей бақылап отырмын. Шерағаң да ләм-мим демеді. Қабағы түйілді, мұрты тікірейді, еріндері жыбырлады, бірақ арыстанша арс етіп, жолбарысша жұлып түспеді. Жауын-шашын алдындағы бұлтты, тымырсық күндей түнерді де қойды.
Міне, менің Шерағаңды тануым осы кезден басталды. Бұрынғы әңгімелеріне қызығу, еңбекқорлығына еліктеу, жазатынын қорықпай жазып, айтатынын батыл айтатын батырлығын бағалаудың бәрі әншейін екен, ал итпен ит болмау деген ең ұлы қасиеті – мен бұған дейін қызығып жүрген әлгі мықтылықтарының бәрін ұстап тұрған тіреуі мен тіреп тұрған тұғыры екен.
Жұртқа жұғымы жоқ әкім басқарған аудан бишікештері ұйымдастырған кездесуді де жатырқап, жатсынып отырасың. Аудан, ауыл ақсақалдары мен зиялылары, басшылары жоқтай, әлгі әлсіздігін білдірмеу үшін ақшиып отыратын әкім Шерағаң бастаған топты бұрынғы Луговой зооветеринарлық техникумына алып келді. Ол кезде техникумның аудиторияларының сән, оның жадау-жүдеу студенттерінің көңілдерінен ән кетіп, шаршаңқырап қалған сәттері ғой, кездесу ойдағыдай бола қоймады.
Міне, осы кезде Шерағаң да шамырқанды. Әкімнің кабинетіндегі бұлттай түнерген қабақ қуалап әкелген «жел мен жаңбыр» сүйектен өтетін сөзге айналып, көкіректен әй, бір ақтарылды дейсің.
– Сендерде газетке жазылатын ақша қайдан болсын. Сендер, айналайындар, жатақханада жейтін азықтарың жоқ сияқты, осы кездесуге жиналғандарың үшін де жазықтарың жоқ. Бізді сендерге мына әкімдерің алып келіп отыр. Өкпелерің болса осыған айтыңдар.
Әкімнің қап-қара беті иесінің не ұялғанын, не қызарғанын білдірмеді. Біз қайтқанша бедірейіп, безеріп отырды да қойды.
Содан не керек, Таразға тарттық. Таразға келген соң да жетіскен жоқпыз. Облыс әкімінің орынбасарлары қонақ үй жағын ойластырмапты. Амал жоқ, Шерағаң, Аян, Әділ, Сиезбек, Құдияр бастаған топты Тараз қаласының №10-шағынауданындағы пәтеріме қонаққа шақырдым. Бас редакторымыз Уәлихан Қалижан болса жазылымның бар жауапкершілігін Шерағаңа жүктеп, өзі Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай жағына қарай тартып кеткен. Бір айлыққа қараған журналиспіз, барымызды нарымыз деп Шерағаңның алдына тостық. Әйелім мәнті істепті, соны жедік. Шай іштік. Есімде қалғаны осылар енді, егер бұлардан да мықты тағамдар жесек ұмытпас ем ғой.
Әйтеуір кітаптарым жиналған сөремнен асығыс іздеп жүріп Шерағаңның «Қара маржанын» таптым. О баста «Қызыл жебені» іздегем, қапелімде ол қолыма түспеді. Шерағаң «Қара маржанға» қабағын түйіп қарап-қарап тұрды да: «Досхан, Олжас, Индира!!! Бақытты болыңдар! Шер. Мұртаза. 15.05. 96.» деп, қол қойып берді.
Балаларымның аттарын айтқан сайын кім қойғанын, не үшін қойғанын түсіндіріп тұрғам ғой, оның үстіне өңкей мықтылардың аттары, Олжасқа келгенде «Ойхой!» деп қалды.
Шерағаңның сол қолтаңбасы батадай дарып, бүгінде Олжасым әлем жанкүйерлері танитын боксшы болды. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысты. Әлем, Азия чемпиондары атанды.
Ертесіне облыс әкімі Амалбек Тшановтың кабинетінде отырдық. Білікті басшының аты білікті басшы ғой, кешегі өзі де қортық, сөзі де қортық аудан әкімінен көш ілгері екенін көрсетіп, Шерағаңды ағалап, жағалап кісілігін көрсетті. Орнынан тұрып қарсы алып, Шерағаңды отырғызып барып орындығына отырды. Кісі сыйлау әдебінде мұның бәрі керек қасиеттер. Облыс әкімі отырғаннан кейін:
– Қалай демалдыңыздар? Қайда қондыңыздар? – деген жаттанды сұрақ қойды. Қоймаса да болар еді, бірақ өзінің тілінен тапты.
– Көсемәлінің үйіне қондық. Оныншы микрорайонда пәтері бар екен, бөлмелерінің бәрі құстың ұясындай тап-тар бірдеңе...
Басқа басқа, Шерағаңның облыс әкімімен әңгімесі менің үйімнен басталады деп ойламап ем. Бетім ду ете қалды. Түк түсінсем бұйырмасын. Түнде үйде отырғанда да пәтер туралы әңгіме болмаған. «Маған жаны ашып үлкен пәтер алуға жәрдемім тисін деген шын ниеті ме, әлде өзін облыс басшылары күтпей жай тілшінің күткенін беттеріне салық қып айтып отыр ма» деп қоям ішімнен. Ал ең масқарасы, осының бәрін Шерағаңа әдейі айтқызып отыр деп мен туралы жаман ойлап қалса ше?!
Амалбек Тшанов алғыр ойдың, жедел шешімнің адамы ғой, дереу қасындағылардың біріне:
– Көсемәлінің үйін дереу кеңейтіп беріңдер, анау Гамалея жақтан (көшенің аты ғой) көпқабатты жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан жоқ па, содан беріңдер, – деп тапсырманы табан астында тарс еткізді. Ал баспасөз мәселесіне мүлде алаңдамауымызды, оны, тіпті, облыс бойынша 100 пайыздан асыра жаздырып беретіндеріне сендірді.
Содан не керек, Шерағаңдар облыс әкімінің кабинетінен моншадан шыққандай жіпсіп, желпініп, жеңілдеп шықты. Шерағаңды енді Жуалы, Боранды бекет, Талапты арқылы ары қарай Шымкентке аттандыруым керек. Осы кезде Әділ аға Дүйсенбек мені оңашалап ап: «Иликоға базарлық алуым керек деп еді Шерағаң, көк базарларың қай жақта?» дей берді.
Көк базар орталықта. Облыстық әкімдікке тиіп тұр. «Бірақ Илико деген кім болды екен?» деп қоям ішімнен. Егер Шерағаңның өзі «базарлық алуым керек» деп тұрса, онда оңай болмады-ау, шынында. Дегенмен, ойыма грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мен, әжем, Илико және Иллиарион» деген ғажап повесінің кейіпкері түсе берді. Содан қашан базарға барып, ондағы өзбек, тәжік ағайындардан өрік, мейіз, жаңғақ, алма, алмұрт сияқты тағы басқа да таңсық, жеңсік жеміс-жидектерді бір шабадан ғып сатып ап, оны мәшинеге әкеп салғанша ішімнен «Илико» дедім де жүрдім. Сөйтсем, Илико деген батыр Шерағаңның немересі болып шықты, ал Шерағаң болса оны Илико деп еркелетеді екен де баяғы.
Жалпы, Шерағаңның оны-мұнысын көтерісіп жүруге о бастан құмбыл ем. Мысалы, қаламгер-қайраткер көкеміз депутаттықтан үміткер боп сайлаушыларымен кездесуге шыққан сапарларында да қасына талай рет ердім ғой, сонда түстенген үйлерімізде аудан, ауыл әкімдері Шерағамызға жалбақтап шапан кигізіп, дастарқандағы со күйі желінбей қалған азық-түлкті дорба-дорба ғып салып беріп жатады. Ондайда Шерағаң қабағын түйіп: «Мұндайдыыы дуанагершіліккк дейді» деп бас тартады. Бірақ халқымызда ұсынған қолды қақпайды дегенге ұқсас «ұсынылған сыйды қайтару» да әдепсіздікке жатады. Сондықтан Шерағаңа тиесілі заттарды үйіне білдірмей жеткізіп тастаудың шебері де боп алғанбыз.
Шерағаңдар аттанып кеткен соң үйге қарай құстай ұштым. Құстай ұшу себебімнің сыры белгілі, облыс әкімінің аузынан шыққан сөзді әйеліме жеткізіп, сүйінші сұрау. Бірақ әйелім онша қуана қоймады. Әйелдікі де жөн. «Бір батпақтан шығып екінші батпаққа барып батқаннан не пайда табамыз?» деген пәлсәпаның сыңайы. Шынында да, Гамалея жағына қарағанда оныншы микрорайоның ол кезде нағыз «Париж» тұғын. Содан әкімнің көмекшілеріне айтып, үлкен пәтерден өз еркімізбен бас тарттық та, оныншы микрорайондағы Шерағаң қонып кеткен үйімзіде қыстап қала бердік. Тек бертінде, 2000 жылы ғана қаланың орталығына қарай көшер кезде лыпылдаған біреуге бар болғаны 700 доларға (қате жазды деп түзетіп жүрмеңіздер – жеті жүз долларға) сатып кете бардық. Аңғалдығымыз, бәлкім, дүние жинауға қырымыздың жоқтығы шығар, әйтпесе сатпасақ та жемшөп сұрамай тұра беретін еді ғой, екі жылдан кейін Шерағаң қонған үйміздің бағасы 35 000 АҚШ долларына бір-ақ секірді. Сол кезде әйеліме «Әй, бір аппақ джиптен айрылдық-ау!» деп, күлдім.
Содан бері «Шерағаңның шапанынан шыққанбыз» дейтін журналистерге «Өзіміз Шерағаңның шапаны мен шабаданын көтеріскен жандардан боламыз» деп қоям әзілдеп.
***
Бұл әңгімені Шерағаның 80 жылдық мерей тойында белгілі қаламгер Әкім ағаның аузынан естідім.
Тоқсаныншы жылдардың соңын ала Шераға Шерхан Мұртаза мен Әкім аға Таразидың АҚШ-қа жолы түседі. Нью-Йорктің көкке ұмсынған зәулім ғимараттарының бірі Эмпайр-Стейт-Билдингтің (мұнараның атын орыс тілінде «Дом Имперского Штата» деп аударуға болады) ұшар басына шығады. Сол зау биіктен төмен қараған Әкім аға Тарази төмендегі адамдардың жүрісін тырбаңдап бара жатқан тасбақаларға ұқсатып, бұл «қызықты» өзінен бір жас үлкен ағасы Шерхан Мұртаза да көрсін деген оймен:
– Шераға, мына жерге келіп төмен қараңызшы, көшенің шетіндегі жолмен кетіп бара жатқан адамдар тасбақалардан айнымай қалады екен, – деп қасына шақырады.
Төмен қарау үшін Эмпайр-Стейт- Билдингтей тәкәппардың биігіндегі алаңның шетіне жақындау керек. Мұндай тәуекелді көңілі хош көрмеген және АҚШ штаттарындағы бірімен бірі таласқан неше түрлі ғимараттарыңнан да асқақ Һәм алып Тәңіртауды ғана мойындайтын Шерағаң:
– Әй, Әкім, көрсең өзің көре бер, мен пенделердің тасбақа сияқты тырбаңдап жүргенін көргім келмейді, мен адамдардың кеудесін керіп, өр мінезімен оқшауланып, әрқашан қасқайып, тік жүргенін көргім келеді, – деп, өзінің өмірлік ұстанымына Темірқазық жұлдыздай тірек етіп алған Тәңіртаудың дара перзенттері Тұрар Рысқұлов пен Бауыржан Момышұлы мінездерін (өзінің де әрине) меңзегендей, алаңқай жақтауына жақындай қоймайды.
Әңгіме ақиқатын ішіне бүкпеген Әкім аға да ер. «Мен Шерхан Мұртазадан бір жас кіші болсам да үнемі «Шераға» деп құрмет тұтамын. Шераға алдымда мұз жарғыш кемедей өмірдің дауылына қасқайып қарсы жүрсе, мен кішкентай қайықтай ылғи сол кеменің ығында жүремін» деуі (асқар шыңдай ағаға деген бұл бағадан Әкім аға биіктей түспесе, кішірейіп қалмайды) азаматтық үлкен сөз болды. «Талантты талант қана танып, талантты талант қана бағалайды» деген рас-ау.
***
Шерағаңның сексен жылдық тойында көңіл босатып, көзге жас үйірер сәттер де болды. «Баласағұн» бабамыздың атындағы сарайда өткен ғылыми-практикалық конференциядағы соңғы сөз Шерағаңның өзіне берілді.
Шерағаң толқи сөйледі. Мен шамам келгенше Патриархтың аузынан қандай сөз шықса дәл сол қалпында көшіріп алуға тырыстым. Әрине, қойын дәптеріме жазып үлгере алмай арасында қалып кеткен сөздері де көп. Бірақ Патриарх айтқан сөздің өзегі мынау болды.
– Ұзақ уақыт неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағыма құйып алып жатырмын. Осы сөздің бәрі рас болса, рақмет. Әрине, елімнің бақытты адамымын. Жақсылықты алдан күтемін. Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға... ұшып кетермін. Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді...
Болашаққа үміттеніп қана қоймай, бақилық дүниенің де бар екенін мойындап, ол жақты да ойлай бастаған Патриархтың жүзіне көзім түскен менің көңілім босап кетті.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Жуалы ауданы,
Талапты ауылы.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді