«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сегіз су айдыны балық өсіруге жарамсыз

Сегіз су айдыны балық өсіруге жарамсыз
ашық дереккөз
Сегіз су айдыны балық өсіруге жарамсыз
Көзін тапқанға балық та бір байлық. Өңірде балық шаруашылығын дамыту саласында қандай тұшымды жұмыстар атқарылды? Әлі де қордаланған мәселелер жоқ емес. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте алдымен осы мәселе қаузалды. Облыстық табиғи ре сурстар және табиғатты реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақовтың айтуынша, облыс бойынша биыл 464,3 тонна балық аулау тиіс болса, жалпы жыл соңына дейін 471,3 тонна балық аулауға мүмкіндік бар. 78 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары 69 табиғат пайдаланушыға бөлініп берілген. Балық аулау көлемін 2025 жылы 3 мың, 2030 жылы 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Тауарлы балық өсіруде де біздің өңір жақсы көрсеткіш көрсеткен. Дегенмен, 8 су айдыны балық өсіруге жарамсыз жағдайда, 64 балық шаруашылығы су айдындары бос тұр екен. Сонымен қатар Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында балық шаруашылығын дамыту бойынша бірде бір жоба жоқ. Бұл жұмыс Жуалы, Шу, Меркі аудандарында да өз деңгейінде емес. 2022 жылы аква өсіруді субсидиялауға 77,4 миллион теңге қаржы бөлінген. Жергілікті бюджеттен балық жемдеріне кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 44,4 миллион теңге, балық отырғызу материалына 32 миллион теңге, балық өсірудің биологиялық негіздемесіне 1 миллион теңге бөлінген. Субсидияға сұраныс хат жетер жеріне жетпей орта жолдан қайтыпты. Әділет министрлігіне жолданған құжаттар дұрыс болмаған көрінеді. Баяндамашыны тыңдаған облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы саланы мықтап сынға алды. Жауапты мамандар тарапынан балық шаруашылығын дамыту үшін нақты жоспар мен бірлескен іс-қимылдың жоқ екенін атап көрсетті. Жиында күл қоқысты жинақтау, сұрыптау және өңдеу жұмыстары бойынша да мәселе қаралып, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекова баяндама жасады. Ол өз сөзінде күл қоқыстан арылу мен өңдеу жұмыстары бойынша тарқатып айтты. «Бүгінгі таңда облыста барлығы 163 полигон және қоқыс төгуге арналған үйінділер жұмыс істейді. Қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметімен 43 мекеме жұмыс жасауда. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған. Сонымен қатар, 792 контейнерлік алаңдар 4042 контейнермен жабдықталған. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде 2025 жылға дейін Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері 51 бірлік арнайы техника мен қоқыс жинауға арналған контейнерлерді орнату жоспарланған болатын. Биыл маусым айында ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында 48 стихиялық қоқыс орны анықталып, барлығы жойылды», – деді. Осы мәселелерге аудан әкімдері жергілікті қазынадан ақша бөлмей отырғанын да жасырмады. Облыс әкімі осы тұста: «Сіздер алдымен өздеріңіз жұмыс істеулеріңіз керек. Қай аудан қанша қаржы бөлуі керек маған хатпен шығуларыңыз керек. Мен оған қолдау білдіремін», – деді. Сондай-ақ, басқарманың жұмысының жүйесіздігін, нақты жоспарының жоқтығын сынға алды. Сөзінің түйінінде облыс әкімі: «Енді бір аптадан соң басқарманың жұмысын қайта қараймыз. Егер сол кезде жұмыс дұрыс болмаса, басқаша шара қолданамыз», – деп қатаң ескертті.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар