«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сарысудан есілген саз самалы

Сарысудан есілген саз самалы
ашық дереккөз
Сарысудан есілген саз самалы
Әр жұмада «Көне Тараз» тарихи- этномәдени кешенінде тұрақты өтіп жатқан «Әуенді Тараз кештері» жобасы аясында ауданның мәдениет және өнер күндері өтуде. Өткен жұмада Сарысу ауданының өнерпаздары өнер көрсетті. Тарихи Таразға сарысулықтардың арнаған өнері сом алтындай салмақты болып шықты. Концерт «Айжан қыз» би ұжымының «Қазақ» биімен ашылды. Мұнан соң сарысулық квартет орындаған «Қазақстаным» әні де жүректерге жетті. Әнші Мөлдір Мұсаева «Жүрегім ақ», «Ғашықтар әлемі», Ахат Кенжебаев шырқаған «Молдабай», Ермахан Оңғарбаев орындаған «Сен маған керексің», «Мама» әндері де көпшіліктің көңілінен шықты. «Нұрғайша-Нұрила» дуэтінің репертуарындағы «Қазақша попурри», «Халқым-ай» әндерімен жұрт көңілін дөп басты. Назерке Сақтаған, Қолқанат Темірбек, Мөлдір Мұсаева үштігі орындаған «Жаса, қазағым» әні талай көңілдерге патриоттық сезім сыйлағаны анық. Нығметжан Халықовтың «Бір ел болса», «Қимадым» әндерін сары майдай сақтап, тараздық көрерменге арнайы алып келгенін түсіндік. «Сарысу» триосы, «Айтұмар» дуэті, Ғалымжан Тезекбаев пен Берік Серікбаев дуэті керемет әндерімен барша көпшіліктің көңілін баурап алды. Түн қоюланғанша Тараз аспанынан ән үзілмеді. Орындап жатқан әншілер де разы, тыңдаған көрермендер де қуанышты күйде болды. – Жұма сайын әр ауданның концерттік бағдарламасын көріп жүрмін. Бірінен бірі өтеді. Бүгін міне, Сарысу жерінен келген өнерпаздар да жақсы дайындықтарын көрсетті, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нәбира Қапарқызы. «Айжан қыз» би ұжымы орындаған «Хорезм» биі де жүздеген жұртшылықтың көңілін аударды. Сазды әндері жүректерге жеткен сарысулықтардың Тараз аспанын әнмен тербеген кеші талай тараздыққа таусылмас әсер, жақсы көңіл-күй сыйлағаны анық.

 Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар