«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қандастар үшін «бос орындар» жәрмеңкесі өтті

Қандастар үшін «бос орындар» жәрмеңкесі өтті
ашық дереккөз
Қандастар үшін «бос орындар» жәрмеңкесі өтті
Қоғам үшін ерекше маңызы бар бір бағыт – қандастар мәселесі. Қазақстан шетелдегі диаспорасын Отанына шақырған әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарында. Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері. Шетелден Қазақстан Республикасына қоныс аударған азаматтарға қандас мәртебесі беріледі. Ел аумағындағы әрбiр көшi-қон субъектiсi өзiнiң тұрақты немесе уақытша тұратын жерi бойынша ҚР Мемлекеттiк шекарасынан өткен күннен бастап күнтiзбелiк бес күн iшiнде тiркелуге мiндеттi. 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 7415 этникалық қазақ тарихи отанымен қауышып, қандас мәртебесін алды. Ал жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 76,1 мың этникалық қазақ оралды. Соның ішінде Жамбыл облысына оралған қандастар 79 мыңнан астам. Арнайы өңірлік квотаға енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тапсырысы шеңберінде «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі «Қандастарға әлеуметтік қызметтер ұсыну» жобасы аясында Шөлдала алқабындағы №55 орта мектепте «Бос орындар» жәрмеңкесін өткізді. Өңірдегі жұмыссыз қандастарды тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастыру үшін ұйымдастырылған шараға Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы қолдау көрсетті. Сондай-ақ қандастарға заңгерлік кеңестер берілді. Атап айтқанда, «қандас» мәртебесін және ҚР азаматтығын алу, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, әлеуметтік көмек және қандастарды қабылдау туралы жан-жақты түсіндірілді. Айту керек, қандастарымызды уақытша тіркеу, ықтиярхат алу мәселелері де алаңдатады. Бұл тұрғыда заңгер мамандардан көмек сұраған қандастарымыз да бар. Олардың барлығына тиісті ақпараттық бағдар: – жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу; – жоғалған құжаттарды қалпына келтіру (соттылығының жоқтығы туралы анықтама, шетелдік паспорт, кету парағы); – тұрғылықты еліне келгендерді тұру орнына тіркеу үшін құжаттар дайындау; – әлеуметтік жәрдемақыларды, өтемақыны, алименттерді және басқа да төлемдерді алу, тағы да басқа қызмет ұсыну, кеңестер беру. Осы уақытта «Кеңес» алаңы қызметіне 27 қандасымыз хабарласып, көмек сұраған қандастарымызға тиесілі ақпарат пен құқықтық кеңестер берілуде. «Бос орындар» жәрмеңкесінің қатысушылары мазалаған сұрақтарына жауап табумен қатар, бірнеше мекемелерден жолдама алған қандастарымыз көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. «Қандастарға әлеуметтік қызметтер ұсыну» жобасы аясындағы аталмыш шаралар Жамбыл облысы шегінде 25 желтоқсанға дейін жалғасын табады.

Абдурахман ЗАЙНУТДИНОВ,

Қазақстанның халықаралық «Адам құқығы

мен заңды сақтау» бюросының заңгері, тарихшы.

Ұқсас жаңалықтар