Тірлік басқа болса да, тілек бір

Тірлік басқа болса да, тілек бір
ашық дереккөз
Тірлік басқа болса да, тілек бір

Ынтымақ ырысты еселейді 12Елбасы 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысу үшін Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласына барды. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Аль Мактуммен кездесті. Кездесу кезінде тараптар өзара іс-қимылдың сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық-инновациялық және көлік-логистикалық салаларындағы басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, Каспий теңізінде бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыру және Қорғас көлік-сервис торабын дамыту бойынша ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды. исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы

10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті. Мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды. Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты. Аталған сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді. – Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді, - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын ескере отырып, оның исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретіндігін атап өтті. Соңында Қазақстан Президенті жоғары наградамен марапаттағаны үшін GIFA-ға алғыс айтып, ұйымның алдына қойған мақсаттарына жету жолында табысты болуына тілектестік білдірді.

Кездесулерде 

келелі мәселелер қаузалды

Мемлекет басшысы 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы аясында екіжақты кездесулер өткізді. Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен өткен екіжақты кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ, инновация мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымдағы мәселелері қарастырылды. Ал Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттелмен кездесуде сауда және инвестициялық бағыттарды қоса қамтитын экономикалық өзара іс-қимыл аспектілері талқыланды.

Қазақстан ислам әлемін дамытудың табанды жақтаушысы болып қала береді

Елбасы 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының жұмысына қатысып, «Экономикалық өсу жолындағы инновациялық серіктестік» тақырыбына арналған 10-шы отырысында сөз сөйледі. Қазақстан Президенті әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызына бақылау жасайтын Ислам ынтымақтастығы ұйымына әлемдік ІЖӨ-нің тек 7,5 пайызы және жаһандық тауар айналымының 11,2 пайызы ғана тиесілі екенін айтты. Бұл ретте мұсылман әлемі халық санының өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы секілді елеулі мәселелерге кезігіп отыр. – Осы сын-қатерлерді лайықты қарсы алып, еңсеру үшін батыл ынтымақтастық және қажетті бастамалар қабылдау керек болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымына біздің елдің төрағалығы барысында Ислам әлемінің ХХІ ғасырдағы дамуының негізі ретіндегі жаңғыру мен реформаларға бағытталған ИЫҰ-ның Астана декларациясы қабылданғанын да еске салды. – Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ислам әлемін әрі қарай нығайту мен дамытудың табанды жақтаушысы болып қала береді, - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, біздің еліміз жаңа индустриялық бағдарлама аясында БАӘ, Иран, Түркия және Малайзиямен белсене жұмыс жүргізуде. – 2,5 миллиард доллар болатын перспективалы 15 жобамен жұмыс жасалуда және бұл бастамасы ғана, - деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан инвесторлар тарту үшін барлық жағдайды жасап, тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастырып жатқанын да айтты. – 10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы, 2,5 мың шақырым темір жол салынды және қайта жөнделді. Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарды, - деді Мемлекет басшысы. Елбасының айтуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына да айнала алады. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ислам даму банкімен біздің елдің инвестиция тарту және ислам банкингін дамыту саласындағы ынтымақтастығының жемістілігіне назар аударды. Бүгінде бұл бағыт бойынша отандық экономикаға 700 миллионнан астам доллар инвестиция салынған. Мемлекет басшысы 2007 жылы біздің еліміз БАӘ-мен бірлесіп, Қазақстанда 500 миллион долларды капитализациялау арқылы «аль-Хиляль» алғашқы ислам банкін ашуға шешім қабылдағанын еске салды. Қазіргі кезде Қазақстан Алматыны ТМД және Шығыс Еуропа елдері үшін исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көрсетіп отыр. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысушылар әлемдік экономиканы дамытуға деген көзқарасты қайта байыптау ісіне өз үлестерін қосатындарына сенім білдірді.

Ұқсас жаңалықтар