«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлемдік деңгейдегі қолөнер шеберлері Тараз төрінде

Әлемдік деңгейдегі қолөнер шеберлері Тараз төрінде
ашық дереккөз
Әлемдік деңгейдегі қолөнер шеберлері Тараз төрінде
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Әулиеатаға арнайы келген Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізу жөніндегі халықаралық сараптамалық комиссия мүшелері, Дүниежүзілік қолөнершілер қауымдастығы кеңесінің президенті Саад-Аль Каддумиды және Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаевты қабылдады. Өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы қадірлі қонақтарға қасиетті Жамбыл жеріне келгені үшін алғыс айтып, аймақтың тарихына, әлеуметтік-эконамикалық даму жағдайына тоқталып өтті.  – Біздің облыстың 83 жылдық тарихы бар. Ал облыс орталығы Тараз 2 мың жылдан астам шежіресі бар көне қала. Орта Азия елдері арасында байырғы, тарихи қалалардың біріне жатады. Әйгілі Жібек жолы бойымен сауда керуені жүргенде Тараздың да мәдениеті мен саудасы дамып тұрған. Қолөнер Әулиеата жерінде ежелден өркендеп, осы күнге дейін жалғасын тауып отыр. Арнайы «Қолөнер және туризм» орталығымыз бар. Өнер иелерінің еңбектерін насихаттауға мүмкіндік беретін бірнеше саябақтарымыз бар. Бұл Тараз қаласының тұрғындары мен қала қонақтары үшін – өте қолайлы орындар. Ол құндылықтармен сіздер де таныс боласыздар. Арадағы достық байланыстың болуы аса маңызды, – деді Н.Нұржігітов. Өз кезегінде Саад-Аль Каддуми облыс басшысы Нұржан Нұржігітовке құрмет көрсеткеніне ризашылығын білдірді. Ол Дүниежүзілік қолөнер деңгейінде қазақстандық және тараздық қолөнер, сәндік бұйымдар жоғары бағаланатынын айтты. Жамбылдық танымал дизайнер Айдархан Қалиевтың белсенді еңбегіне тоқталып, Қазақстанмен, оның ішінде Әулиеата жерімен байланыстың нығая беруіне тілек білдірді. Келесі сәтте өзбекстандық Азиз Мұртазаев және жерлесіміз Айдархан Қалиев сөз алып, өзара байланыстың маңыздылығына тоқталды. Бұл бағытқа көңіл бөліп отырған облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құрметті қонақтар Саад-Аль Каддуми мен Азиз Мұртазаевқа Әулиеата өңірінің тарихы мен ерекше құндылықтары жайлы жазылған бірнеше мазмұнды кітаптарды тарту етті. Келесі кезекте қадірлі қонақтар «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешеніне келді. Меймандарды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров бастап жүрді. Олар әуелі Шу ауданынан келген танымал мүсінші, суретші Қали Қораласбаевтың «Қорқыттың зары», «Дала мелодиясы», «Еркіндік» атты еңбектерімен танысты. Ол қонақтарға: «Осы тастардың бәрі де Жамбыл жерінен табылған. Мен оларды қашап, кескіндеу арқылы түрлі еңбектер жасаймын. Ол – оңай жұмыс емес. Бір еңбектің өзіне бірнеше ай тер төгемін. Есесіне жұмысым сапалы шығады. Негізі Түркі дәуірінің кереметтерін, құндылықтарын бейнелейтін еңбектерім аз емес» деді. Қонақтар шулық мүсіншіге риза пейіл танытты. Бұл жердегі негізгі құндылықтармен облыс әкімдігі туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Қажы таныстырып өтті. «Қолөнер және туризм» орталығында Саад-Аль Каддуми бастаған қонақтар ұлттық және сәндік киімдер үлгісін асықпай тамашалады. Қазақ халқына тән алаша, текемет, құс жастық, бөстек пен шапандар да қонақтардың көңілін аударды. Ағаш табақтар, зерендер, жүннен жасалған бұйымдар да қызықтырмай қоймады. Қазақтың қамшысы мен ат әбзелдері де қонақтарды елең еткізді. Олар аталған қазақы құндылықтарды ұстап, көңілді күйде суретке де түсіп жатты. Қадірлі қонақтар аталған ғимараттағы «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің қолөнер бұйымдарымен танысты. Бірлестік төрайымы –белгілі қолөнер шебері Анар Бексұлтанова. «Біздің бірлестікке қош келдіңіздер. Мұнда екі жүз қыз-келіншек еңбек етеді. Көпшілігі мүмкіндігі шектеулі және осал топтағылар. Солардың үмітін оятып, өнерлерін ұштап, жүздеріне қуаныш сыйлап отырмыз. Олар қуанған сайын біздің де жанымыз жарай түседі. Мен өзім аяғыммен тігін тіге беремін. Мұнда ұлттық нақыштағы шапандар мен көрпешелер, түрлі жастықтар, құрақтан жасалған киімдердің түр-түрі бар. Негізі қазақ халқы үшін шаңырақ қастерлі. Сондықтан қоғамдық бірлестік атауын «Шебер шаңырақ» деп алып отырмыз. Шаңырақ деген – бір ұйымдамыз, бәріміз біргеміз деген мағынаны да білдіреді. Онан соң қазақ әр жасаған бұйымына құрақ қосқан. Яғни кішкентай ғана қиындыны да жарамсыз етіп тастамай, кәдеге асырған. Біз де құрақ қиындыларымен көп жұмыс жасаймыз», – деді Анар Бексұлтанова. Мұнан соң қолөнершілер «Көне Тараз шеберлері» қолөнер көрмесінің ашылуына қатысып, сәттілік тіледі. Келесі сәтте облыс өнерпаздары дайындаған концертті қызыға тамашалап, Әулиеатаның таңдаулы әншілерінің өнеріне қол соқты. Әлемдік деңгейдегі шеберлердің сапары жексенбі күні де сәтті жалғасып, Саад-Аль Каддуми бастаған қонақтар «Аспара» сән колледжінде, «Мирас» және «Би-Дәулет» қолөнер орталығында болды. Бұл жердегі құндылықтар, әсіресе киіз үй жабдықтары қонақтардың айрықша назарын аударды. Қолөнер шеберлері Тараздағы «Анаға тағзым» орталығында да болды. Саад-Аль Каддуми аталған орталықтағы «Алқа» залындағы аналар галереясын тамашалаған соң әсерленіп, «Әлемнің жылуы анадан тарайды» деді. Алып туған аналардың өмір тарихын естіп басын иді. Ұлттық өнерімізді ұлықтау үшін ашылған жазғы мектептің жұмысымен танысқалы келген сараптау комиссиясының қатарында Ташкент шаһарынан Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Әзиз Мұртазаев, Алматыдан Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, өзіміздің ардақты ағамыз Aйдархан Қалиев те болды. Олар «Мирас» атадәстүр залындағы әжелердің кимешегін көргенде ерекше әсерге бөленді. Киіз өңдеудің заманауи үлгісін үйретіп жатқан шеберлер Левантина Козлова мен Раушан Иманали ханым қонақтарға өздерінің үздік жұмыстарын, сондай-ақ аз уақыт ішінде осы өнерді игеріп алған шәкірттерінің еңбектерін де көрсетті. Қонақтар мұндағы жұмыстарға өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қадірлі қонақтар Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының қолөнер орталығында болып, құндылықтарға көңіл аударды. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйінде БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, Тараз қаласындағы қолөнер құндылықтарының сапасы жөнінде, Әулиеата ғажайыптары туралы ой қозғап, әсерлерімен бөлісті. БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар