«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қыс мезгіліне дайындық қалай?

Қыс мезгіліне дайындық қалай?
ашық дереккөз
Қыс мезгіліне дайындық қалай?
Жыл он екі ай бойы тынымсыз еңбек ететін коммуналшылар жылыту науқаны аяқталысымен алдағы қысқа дайындықты бастап кетеді. Жылда солай. Өйткені қақаған қыста жылу қазандықтары істен шығып немесе жылу жүйелері жарылып кетсе, оның зардабы орасан зор болады. Ауа райы жайлы, қысы жылы дейтін оңтүстік өңірдегі біздің облыстың кейбір ауданында жылыту науқаны кезінде орталық және шағын қазандықтарда орын алған апаттар естен шыққан жоқ. Осы бір аса жауапты науқанның апатсыз жағдайда өтуі үшін бірден бір жауапты мекеме – облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы. Дегенмен науқанның бір қалыпты өтуіне аудан, қала және ауыл әкімдері де жауапты екені естерінен шықпаса дейміз. Бұл жерде мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық құрылымдардың басшылары да өздеріне қарасты нысандарды жылыту ережесіне сай жылу берілуі үшін дайындық жұмыстарына баса назар аударулары керек. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше облыс нысандарының 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі бекітілген.Нысандардың дайындық барысын зерделеу мақсатында штабтың мүшелерімен екі жұмыс тобы құрылыпты. Жоспарға сәйкес, дайындық іс-шараларын 10 қазанға дейін аяқтау қажет, білім беру мекемелері нысандарының 100 пайыз дайындығы 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс бойынша 565 автономды қазандық, 348,2 километр жылу желілері, 45,9 километр ауыз су және су бұру желілерін, 782 білім беру, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысандары мен 1 646 көпқабатты тұрғын үйлердің және коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 65,8 мың тонна және халық үшін 160,3 мың тонна көмірдің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету жоспарланған. 26 шілде күні нысандардың жалпы дайындығы 60 пайызды құраған. Облыс бойынша тоғыз негізгі жылу энергиясын өндіруші кәсіпорындар бар, олар: «Таразэнергоорталық» АҚ, «Таразтрансэнерго» МКК, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ, «Жамбыл-Жылу» МКК, «Игілік» КМК, «Жаңатас Су-Жылу» КМК, «Шу-Жылу» КМК, «Құлан Энерго-Жылу» КМК, «София» ЖШС. – Барлық отын-энергетика кәсіпорындарымен жылыту маусымына дайындық іс-шараларының жоспары бекітіліп, жылу қазандықтары мен желілерде кестеге сәйкес жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 348,2 километрді құрайды, оның 106,6 километрі магистралды, 241,6 километр ішкікварталдық желілер. Ағымдағы жылы 9,1 километр жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарланса, Шу қаласында – 14, Қаратауда – 4,9 және Таразда 2,7 километр. Әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтары үшін жоспарланған көмір отынын тұтыну көлемі 65,8 мың тоннаны құрайды, оның ішінде: білім беру нысандарына – 55,664 мың, денсаулық сақтау нысандарына – 4,932 мың, мәдениет нысандарына – 4,289 мың, спорт нысандарына – 0,954 мың тонна. Бүгінгі таңда барлық сала бойынша «Тауарлық биржа» арқылы конкурс өткізіліп, жеткізуші мекемелермен келісімшарттар жасалды. Халық үшін күзгі-қысқы маусымдағы жоспарлы көмір отынын тұтыну көлемі 160,3 мың тонна болып отыр. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда, қажеттілік 27,6 мың тоннаға төмендеген, бұл көрсеткіш- былтырғы газдандырылған 20 елді мекеннің нәтижесі. Коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар және халық үшін көмір өнімін тұтынудың 2022-2023 жылдар кезеңіне арналған жоспары әзірленіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісілген. Облыс бойынша көмір сатумен айналысатын 27 нарық субъектісі болса, барлық субъектілердің 29 теміржол тұйықтары қажетті көлемде көмір қабылдауға мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда көмір тұйықтарында 15,3 мың тонна көмір бар. Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарында көмірді сатумен айналысатын кәсіпкерлер жоқ, бұл өңірлер Тараз және Шу қалаларындағы тұйықтардан сатып алады, – дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев. 2022 жылға отын-энергетика кешендері 1,335 миллиард текшеметр газ көлеміне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалымен тиісті келісімшарттары жасалған. Жылыту маусымында отын-энергетика кешендеріне қажетті әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталып, Энергетика министрлігіне облыс бойынша 25 530 тонна мазут бекітуге ұсынылған. Қазіргі таңда салалық министрлік тарапынан әлеуметтік мазуттың бағасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ұлттық қордан сегіз әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыру үшін 599,1 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 259,1 миллион теңгеге үш нысанда, яғни Байзақ ауданындағы Ақжар ауылының орта мектебі мен балабақшасы және Шу ауданындағы Сауытбек ауылының Алға орта мектебінің қазандықтарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қалған Шу ауданындағы бес нысан бойынша жалпы сомасы 339,8 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде екен. Жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін Төле би ауылының Е.Бекмаханов, М.Әуезов, М.Мақатаев атындағы орта мектебі мен «Айналайын» балабақшасы және Қонаев ауылының Төле би атындағы орта мектебінің қазандықтарында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Сонымен қатар облыстық бюджеттің маусым айындағы нақтылауында сегіз нысанға, яғни Талас ауданындағы Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Арал, Қайыр, Талапты, Үшарал ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларын және Шу ауданындағы Алға, Еңбекші ауылдарының медициналық пункттері мен емханасының қазандықтарын газдандыру үшін жалпы 13,6 миллион теңге қарастырылатын болыпты. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатса керек. Штабтың жұмыс тобымен 7-8 шілде аралығында Жуалы, Талас, Сарысу, Мойынқұм, Қордай, Шу, Меркі аудандарындағы орталық қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындық барысына зерделеу жүргізіліп, облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Рүстем Дәулеттің төрағалығымен көшпелі штаб отырыстары өткізілген. Кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізіліпті. Тараз қаласы бойынша 925 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілген, оның ішінде: «Таразэнергоорталық» АҚ – 814 үй, «Жамбыл-Жылу» МКК – 92 үй, «Таразтрансэнерго» МКК – 19 үй. Облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 27 қыркүйектегі №17-12 шешімімен бекітілген «Жамбыл облысында жылу беру маусымына дайындық және өткізу» қағидаларының 18-тармағына сәйкес, жылыту маусымына тұтынушылардың инженерлік желілерін дайындау мақсатында жылу тұтыну жүйелерінің барлық элементтерін механикалық бекемділігі және жылу тұтыну жүйелерінің гидравликалық тығыздығы сынаудан өткізілуі қажет. Сонымен қатар Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №247 бұйрығымен бекітілген «Электр стансалары мен желілерін техникалық пайдалану» қағидаларының 623-тармағына сәйкес, жылу беру маусымы басталғанға дейін құбыр жолдарының тығыздығы мен беріктігін және орнатылған тиекті және реттеуші арматураны тексеру мақсатында желілердің гидравликалық сынағы өткізіледі. Жылу энергиясымен жабдықтаушы кәсіпорындардың іс-шаралар жоспарына сәйкес, алдағы жылыту маусымына жылу желілері мен қазандықтарды дайындау мақсатында 1 тамыздан бастап 25 тәулікке ыстық судың берілуі уақытша тоқтатылды. Бұл аралықта қазандықтардың негізгі және қосалқы жабдықтарына түгендеу, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу желілерінде гидравикалық сынақтан өткізу, құбырлардың жылу қуатын тасымалдау деңгейін тексеру жұмыстары ұйымдастырылады. Аталған жұмыстар жылу желілерінің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету, ақауларды қалпына келтіруге бағытталған жоспарлы іс-шаралар екенін еске салады коммуналшылар. Жоспарланған іс-шараларды орындау жылыту маусымы кезеңінде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін де айтады мамандар. Белгіленген мерзімде іс-шаралар аяқталғаннан кейін ыстық су қайта берілетін болады. 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысын штаб тұрақты бақылауына алынғанына көз жеткізгендей болдық. Жылыту маусымына дайындықта мін жоқ сияқты. Дегенмен жылыту маусымының басталуына екі жарым ай уақыт қалды. Сондықтан да коммуналшылар әр күнді тиімді пайдаланып, қарқынды жұмыс істеуі керек. Білім беру мекемелерін қысқа дайындауға бар-жоғы бір ай уақыт бар. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен және сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың міндеті – өндірген өнімін жертөлеге ғана жеткізу. Ондағы құбырлардың жағдайы қалай? Ол енді жекеменшік пәтерлер кооперативтерінің жұмысы. Пәтердің жылы болуы тұрғындардың өздеріне де байланысты. Есік-терезе саңлауларын бекітсеңіз, үйде отырып жаурап қалмайсыз. Сосын тұтынған жылуға, суға төлемақыны уақтылы төлеп тұруда маңызды екенін естен шығармаған абзал.

 Амангелді ӘБІЛ

   

Ұқсас жаңалықтар