Бағдарламаның мақсаты – моноқалаларды дамыту
ҚАРАТАУДЫҢ «ЖАҢА ӨМІРІ» ҚАШАН БАСТАЛАДЫ? Еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып отырған 89 моноқала болса, соның 3-еуі біздің өңірде. Десе де, қалақұраушы кәсіпорындар орналасқан бұл аймақта бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған түйткілді мәселелер аз емес. Өйткені бізде әлі күнге моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. «Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ. Соның кесірінен мемлекеттік қолдау шаралары тиімсіз атқарылуда», – деген еді Президент. Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында моноқалаларды дамыту жөніндегі жұмыстың жай- күйі талқыға түсті. Жиын барысында Нұржан Молдиярұлы Талас ауданының орталығы саналатын Қаратау шаһарының экономикасын әртараптандыру оны неғұрлым тұрақты ету, сонымен қатар, шағын бизнесті дамытуға назар аудару қажеттігін атап өтті. Өңір басшысы халқының саны отыз мыңнан асатын моноқаланы дамыту жоспары аясында жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті ұсыныстар әзірленуі тиіс деді.
– Қаратау қаласының экономикалық мамандандырылуы индустриалды сипатқа ие. Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша барлық өнеркәсіп өндірісінен қаланың үлесі 2,6 пайызды құрады. Мұндағы өнеркәсіп өнімдерін өндіруді 8 негізгі кәсіпорын жүзеге асырады. Қала тұрғындары ауыз сумен, газбен және көпқабатты үйлер жылумен қамтамасыз етілген. Алайда шешімін табуды талап ететін мәселелер бар. Мәселен, өңірді электрмен, жылумен жабдықтау мәселесі өткір. Бүгінгі күні жылу желілерінің тозуы 46, электр желілерінің тозуы 70 пайызды құрайды. Өзекті мәселенің тағы бірі – ағынды суларды сүзу мәселесінің шешілмеуі. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық теңгерімсіздікке әкеледі. Мұндағы автомобиль жолдарын қайта жаңартып, орташа жөндеу жүргізу қажет. Өйткені сапасыз жол – дамуды тежейді, – деді Н.Нұржігітов.
Аймақ басшысы қаланың дамуына серпін беретін маңызды фактордың бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту екендігін де атап өтті. Бұл ретте аудан әкімдігі «Отбасы» банкімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі болуы тиіс. Алайда таластық атқамінерлер бұл жұмысты әлі күнге дейін қолға алмаған.
– Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету тек Тараз қаласында ғана жүзеге асырылмауы тиіс. Бұл бағдарламаның игілігін моноқалалардағы жұртшылықта көруі керек. Басқарма басшылары аудан әкімдіктерімен бірлесе жұмыс атқарып, 2 апта ішінде нақты бағдарлама әзірлеуі қажет. Осылайша, біз республикалық бюджеттен тиісті қаржыны сұрата аламыз, – дей келе, аймақ басшысы жауаптыларға қала экономикасын ұзақ мерзімді әртараптандыру мақсатында жаңа инвестициялық жобалар пулын әзірлеуді тапсырды.
Жаңатастың жаңаратын күні алда
Моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі облыстық әкімдікте өткен кеңесте Жаңатас қаласының жоба-жоспары да қаралды. Басқосуда алдымен Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев Жаңатас қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жөнінде баяндады. – Жалпы Жаңатас қаласы 1969 жылы Қаратау бассейнінде фосфор кендерін өндіру кезеңінде құрылған. Қала экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған. Қала өнеркәсібінің негізін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені филиалы мен «ЕвроХим» ЖШС құрайды. «Қаратау» тау-кен өңдеуші кәсіпорын фосфор шикізатын өндірумен және оны ұсақтаумен айналысып, ауданда ғана емес, облыстың тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр. «ЕвроХим» ЖШС-ның «Фосфаттарды қайта өндейтін химиялық кешеннің» құрылысын жүргізіп фосфаттық ұнтақ пен тауарлы өнім, оның ішінде минералды тыңайтқыштарын өндіреді. Ұлттық санақтың алдын ала болжамы бойынша қала халқы 26 мыңнан асты. Жалпы, қала экономикасы толығымен әртараптандырылған және барлық бағыттар бойынша дамуда, бұл ретте моноқалаларды дамыту бағдарламасы үлкен рөл атқарды. Экономикалық белсенді халық саны 12,2 мың адамды құрайды. Бұл ретте алдағы бесжылдықта шешілуі қажет проблемалар да жоқ емес. Қаланың автомобиль жолдарына қайта жаңартуды және орташа жөндеуді жүргізу қажет. Қазіргі уақытта Жаңатастың 76 көшесінің жалпы ұзындығы 22,8 шақырым 30 көшесінде асфальт төселмеген. Көпқабатты тұрғын үй арасындаға 4 ауланы асфальттау қажет. Биылғы жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар саны 1548 адамды құрайды, оның ішінде жетімдер – 1, көпбалалы отбасылар – 294, әлеуметтік жағынан осал адамдар – 731 және бюджеттік мекемелердің 522 қызметкері бар. Қалада 97 көпқабатты үй болса, оның 20-сын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Жер кезегінде 1008 адам тұр. Тұтастай алғанда, кешенді жоспар өңірдің теңгерімді дамуын көздейді. Ол республикалық, жергілікті бюджеттер шеңберінде және басқа көздерді тарту есебінен қаржыландырылатын 86 ұйымдастыру және іске асыру іс-шараларынан тұрады, – деді аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы. Жаңатас қаласының даму көрсеткіштеріне тоқталған аудан басшысы жергілікті, облыстық, респбуликалық бюджет есебінен және инвестиция тарту арқылы іске асатын жобаларды жік-жігімен баяндады. Оның ішінде қаланың инженерлік-инфрақұрылымдық желілері мен әлеуметтік нысандарын, орталық аурухана, спорт нысандарын және спорт алаңшаларын салу сынды жоспарлар сөз болды. Сондай-ақ «Жаңарған Жаңатас» жобасының да жоспары белгілі болды. Бұдан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бюджеттен қаралатын жобаларды жоспарлы іске асыру мақсатында басқарма басшылары мен аудан әкімдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. – Аудан мен басқармалар арасындағы байланысты неге нығайтпайды? Аудан әкімі шырылдайды, басқармалар орындамайды. Қос тараптың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесін көрмедік. Алдағы уақытта моноқалаларды дамыту бойынша жобаларды орындауға күш салыңыздар, – деді өңір басшысы. Бұдан соң Нұржан Молдиярұлы басқарма басшылары мен аудан әкіміне Жаңатас қаласындағы үйлерді модернизациялау жұмыстары бойынша апта ішінде оңтайлы шешімге келіп, мәселені біржағына шығаруды тапсырды. Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев Жаңатаста жоспарланған орталық аурухана құрылысы туралы айтса, спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков алда салынатын спорт нысандары туралы толығырақ баяндады. Жиынды аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов қорытындылап, моноқалаларды дамыту бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. – Аудандарда халық саны артқан сайын, жұмыс орындарын қалай арттыруды ойластырған жөн. Қарап отырсақ, Жаңатас қаласының даму жоспарында бірізділік бар. Мысалы, Қаратау қаласынан мұндай жұмыс ауқымын байқамадық. Енді Тараз қаласынан бөлек, өңірдегі шағын үш қаланы дамыту бойынша 2026 жылға дейінгі жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу қажет. Бұл істе аудандар басқармалармен бірлесіп жұмыс істегені ләзім, – деп сөзін түйіндеді Нұржан Молдиярұлы.«Aq jol»-дың тілшілер тобы:
Есен ӨТЕУЛИЕВ,
Сәндібек ПІРЕНОВ.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді