«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жатырық», «отырық»деген сөз жоқ

«Жатырық», «отырық»деген сөз жоқ
ашық дереккөз
«Жатырық», «отырық»деген сөз жоқ

Ата-бабадан қалған асыл мұрамыз – ана тілінің тазалығы үшін әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Орыстың ұлы лингвист-ғалымы Радловтың сөзімен айтсақ, «қазақ тілінің сөз қолдану икемділігі өте зор». Басқа да лингвист-ғалымдардың зерделеуінше қазақ тілі 600 мың сөздік қорын құрап, араб, ағылшын тілдерінен кейін үшінші орында, ал тіл тазалығына келсек, тіліміздегі төлтума сөздердің саны жалпы тілдік қорымыздың 65 пайызын құрайды екен. Ал, кешеге дейін басымызды еденге жеткенше иіп келген (еркімізден тыс) орыс тілі 150 мың ғана сөз қорына ие де, оның төлтума сөздер саны жалпы сөз қорының 45 пайызына жетер-жетпес екен. Енді салыстырып көріңіздер! Сонда деймін-ау, осындай бай, жоғарыда айтылғандай, сөз қолдану икемділігі зор тілге ие бола отырып, асылымызды неге қолдан жасытып жүрміз? Өз басым тіл маманы емеспін, бірақ, ана тілімді қастерлейтін қазақпын. Енді теледидардан естіп, басқа ақпарат құралдарының бетінен оқып, көңіліме ешқашан қондыра алмай жүрген бірер сөйлем не сөз тіркестерін мысалға келтірейін: «... жол апаты тіркеліп, нәтижесінде адам шығыны орын алды». Сонда жол апатынан адам шығыны болса, белгілі бір нәтижеге жеткендік деп түсіну керек пе? Неге «салдарынан» емес? «Нәтиже» мен «салдар» сөздерінің сөйлемдегі орнын анықтап жату артық болар... Бүгінде жастар арасында (жасамыстар арасында да) өздерінше жасанды тілге ұқсас (жасанды тіл-идо) бірдеңе белең алып барады. Мысалы: «келе жатырық», «үйде отырық». Дұрысы «келе жатырмын», «үйде отырмын» емес пе? Өкінішке қарай, осындай жөн-жосықсыз бұрмаланған «бұранда» сөздерді қырықтың қырқасынан асып кеткен жігіт ағаларының да ауыздарынан естіп жүрміз. Бұл не? Бұл – адам ағзасындағы түйін не сүйел секілді артық нәрсе. Оны ота жасап алып тастау керек. Сонда ғана тіліміз саф алтындай тазалығын сақтайды! «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың жарқын болашағы шұрайлы тілінің, діні мен ділінің сабақтас бірлігінде десек, ата-бабадан қалған бұл үш ұлы мұраны жетілдіріп, шашау шығармай келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі жастардың еншісінде. Құрметті оқырман қауым, тіліміздің жанашырлары! Мен бірер сөз тіркестерін ғана мысал үшін жаздым. Әрине, қай жерде де жоғарыда аталып өткендей, бір­қатар қателіктерге ұрынып жатамыз. Осындай оғаштау кемшілік­терімізді тізе қосып түзетіп отырайық. Ғ. Мүсірепов: «қазақтың көркем сөзі – ой сәулесі» деген екен. Олай болса, «сәулемізді» күңгірттендірмейік, ағайын!

Қорабай Есдәулетұлы.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар