Жастарға кәсіпкерлер де көңіл бөлсе...

Жастарға  кәсіпкерлер де көңіл бөлсе...
ашық дереккөз
Жастарға кәсіпкерлер де көңіл бөлсе...

Аудандағы үлкен елді мекен бұрын Луговой стансасы аталатын. Бүгінде ол – Луговой ауылы. Мұнда 13 мыңдай адам тұрады. Ауылда үш мектеп бар. Горький атындағы мектепте 694 бала, Т. Рысқұлов атындағы мектепте 986 бала оқиды, ал, Т. Әубәкіров атындағы мектепте 177 бала тәлім-тәрбие алуда. Ауылда Луговой стансасы, ПЧ-36, ЩЧ-20, ПТО, ЭЧ, рельс дәнекерлеу зауыты, отын базасы, НГЧ, ВЧ, әскериленген күзет бөлімі, теміржолдағы ішкі істер бөлімі, пошта, кеден пункті, емхана сияқты бірнеше үлкен мекеме бар. Аталған мекемелерде 18 бен 29 жас аралығында үш мыңнан аса қыз-жігіт жұмыс істейді. Оқушылардың саны – 1857. Мұның бәрін айтып отырғаным, жастар демалатын, спортпен шұғылданатын орындардың жоқтығы. Осы жастарды спортпен, музыкамен айналысуына неге жағдай жасамасқа? Аудан орталығы Құлан ауылында екі спорт мектебі бар. Бірі – Олимпиада чемпионы Е. Ыбырайымовтың атында. Бұрынғы колхоздың 1950 жылы салынған бірқабатты, суы жоқ ғимаратында орналасқан. Екіншісі – Олимпиаданың күміс жүлдегері И. Байрамуковтың атында. Ол К. Бекебаев атындағы стадионның бір бөлмесінде. Ал, Олимпиада жүлдегері А. Таңатаров Луговой ауылындағы Т. Рысқұлов мектебінде білім алған. Елбасы «жастарға жағдай жаса, олардың спортпен айналысуына, музыкалық білім алып, жан-жақты азамат болуына мүмкіндік беріңдер», – деп отырғанда, ауылдағы, әсіресе, жастардың жағдайы неге төмен болуға тиіс. Қаржы жеткілікті, оны игеру жағы төмен деп жиі айтамыз. Осы жеткілікті қаржыға аттары аталған, ел мақтанышына айналған азаматтар құрметіне неге жақсы спорт мектебін салмасқа? Сонымен қатар, аудандағы музыка­лық мектеп 3-4 бөлмесі бар жеке үйде орналасқан. Осы аудан орталығындағы музыка мектебін басқа ғимаратқа көшіріп, оның филиалдарын Каменка, Луговой, Көкдөнен, Қайыңды, Ақыртөбе, Новосел, Сәбденов, Алғабас, Құмарық, Тереңөзек ауылдарында ашса, нұр үстіне нұр болар еді. Менің ұсынысым, қалталы азаматтар әр ауылға мешіт, мейрамхана сала бергенше, балабақша, спорт, музыка мектептерін де неге соқпасқа?! Дінімізді құрметтегеніміз дұрыс, дегенмен, келешегіміз жастар тәрбиесін де ойлау керек шығар. Осындайда, кәсіпкер Қ. Сағымбековтің игі ісі елге өнеге болса ғой. Қонысбай сияқты балабақша соғып берсе, қанеки?! Абай ауылындағы бұрынғы дүкен мейрамхана болғалы біраз жыл өтті. Пайда­ланусыз тұр. Кезінде тиын-тебенге алған осы ғимаратты спорт мектебі үшін алып беруге әбден болар еді...

Мәскеу Ноқрабеков.

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар