«Сот барысында екі кісінің адалдығын көрдім»
Қазақ халқының ардақты перзенті Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Таутұлғаның осынау атаулы мерекесі қарсаңында қайраткердің көзін көрген азаматтарды әңгімеге шақырып, сұхбаттасқан едік. Солардың бірі – еліміздің құрылыс саласының үздігі, Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуов. – Сіз Асанбай Асқаровпен қызметтес бола алдыңыз ба? – Асекең алдыңғы буын ғой. Арамызды 27 жыл бөліп жатыр. Оның үстіне ол кісі кейіннен басқа облыстарды басқарды. Сондықтан қызметтес бола қойған жоқпыз. Бірақ асыл қасиеттерін көп оқып, таныдық. Сырттай құрмет тұттық. Тілеулес інісі болдық. Ол кісіге басшы кезде жұрттың бәрі дос қой. Азаматтың басына іс түскенде білінеді емес пе, кімнің кім екені. Міне, Асекеңнің сондай сынаққа түскен сәтіне біз куә болдық. – Тарқатып айтсаңыз. Сотына қатыстыңыз ба? – Бішкекте сот жүріп жатқан кезінде сол кездегі Меркі аудандық музейінің директоры Нұрғали Омаралиев, бүгінгі таңда білім саласында үлкен қызметте жүрген Ораз Байқонысов үшеуміз бардық. Фатима жеңгемізге де болысып, ауыр сәттегі қиындығын бөлісуді де ойладық. Асқаровтың сотына екі рет қатыстым. Тұлғаның биіктігін айтсаңшы! Асекең соттың үстінде костюм-шалбарын киіп, галстугын тағынып еңсесін тік ұстап, абақтыда отырса да жасымай, өзін биік ұстады. Сол сот барысында екі кісінің адалдығын көрдім. Оның бірі – Түркістан облысы «Шардара» кеңшарының директоры. Ол соттың үстінде: «Қадірлі Асанбай аға! Сізді қазір екінші рет көріп отырмын. Маған сізге кезінде қой беріп тұрды деген жала жабылып отыр. Оның бәрі өтірік. Асанбай ағаның адалдығының алдында бас иемін», деді. Онан соң бір қойшыны кіргізді. Ол кісі де Асекеңді көріп, көзіне жас алып, отыра кетті. «О, қадірлі Асанбай аға! Мені де зорлықпен көндіріп, қол қойдырды. Сіздің тазалығыңызға бас иемін. Өзімді бір камераға, әйелімді маған қарама-қарсы камераға қамап қорлады. Сонда бір Құдайға қараған заң адамы: «Босқа соққы жеп қаласыз. Қол қоя беріңіз. Сотта барлық шындықты айтасыз», – деді. Сол бойынша қолдарын қойып бердім. Міне, сотта шындығымды айтамын. Асанбай ағаның еш кінәсі жоқ. Менен қой алған емес. Таза кісі», деп жылап тұрып сөйледі. Сонда да сот Асекеңді аяған жоқ. Бірнеше жылға жабық режимде жазасын өтесін деп үкім шығарды. Бірақ кейіннен Қырғыз елінің сол кездегі Президенті Асқар Ақаев іске араласып, арда азамат Асқаров ақталып шықты ғой. Ол жағын көпшілік те біледі. – Ақталып шыққан соң Асқаровты көрдіңіз бе? – Көрдім, әрине. Үйіне талай сәлем беріп бардым. Ақылын, өсиетін тыңдадым. Ол кісі үнемі іс үстінде жүрді. Ізденді. Кітап жазды. Абақтыда жазған өлеңдері кітап болып шықты. «Ұлы Тұран ұлдары» атты кітап жазды. Асанбай Асқаров 70 жылдық тойын шамалы адамдарға жасағысы келді. Оған айналасындағы әріптес інілері, туыстары көнбей, үлкен той өтті. 600 адам шақырылды. Атап айтқанда, Алматы облысынан 200, Түркістан облысынан 200, Жамбыл облысынан 200 адам сол тойға қатысты. Бәрі де Асқаровты сағынған екен. Толғанып, толқып, қуанып сөйлеп жатты. Асқаровтың қасында ақын Тұманбай Молдағалиев отырды. Керемет той өтті. Бұл жерде Асекеңнің жары Фатима жеңгемізге бас июге болады. Қазақта: «Талант Құдайдан, азаматтың толық бақытты болуы – жұбайдан» деген нақыл бар. Фатима жеңгеміз Асекеңнің бағы болды деп айтар едім. – Жамбыл жерінде Асқаров салдырған құрылыстар туралы айтсаңыз. – Бір ғана мысал айтайын. Тараз қаласында Пушкин мен Абай көшесінің қиылысында «ГРОСС» деген сауда үйі бар ғой. Соны менің құрылыс тресім салған. Сол уақытта Асекеңе сәлем бере барған едім. Ол кісі Жамбыл жері, Тараз қаласының жағдайын тегіс сұрайды. «Анау жері қалай? Әлгі тірлік қалай болды?» деп. Сондай бір сәтте «Абай мен Пушкин көшелерінің қиылысына үлкен сауда үйін салып жатырмыз» дедім. Сонда Асекең: «Ааа, қап-ай! Ол жерде Абай Құнанбаевтың үлкен ескерткіші тұруы керек еді ғой» деп өкініп қалды. Сонда ол кісі өзі басқарған жылдары қазіргі «ГРОСС»-тың орнынан Абай Құнанбаевқа үлкен ескерткіш тұрғызбақшы болған екен. Қазір Пушкиннің ескерткіші де аласа, ешкімге көрінбейді ғой. Асекең анау жерде Абайдың үлкен ескерткішін орнаттырып, оған қарама-қарсы Александр Пушкиннің ескерткішін қоймақшы болған. Екі елдің ғажайып екі ақыны солай асқақтап тұрса қалай жарасымды болар еді. Ал ақынын ардақтаған елдің еңсесі қашанда биік. Асекең үнемі осылай биік ойлаушы еді. Бізге ұстаз, ақылшы болды.
Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді