«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Той – Тәңірдің қазынасы» десек те...

«Той – Тәңірдің қазынасы» десек те...
ашық дереккөз
«Той – Тәңірдің қазынасы» десек те...
Қазақта не көп, той көп. Ол жайында талай айтылып та, жазылып та жүр. Бала туғаннан шілдехана, бесіктой жасап, тәй- тәй басқанда тұсауын кесіп ырымдайды. Ұл болса сүндетке отырғызып, ұлы – ер, қызы – бойжеткен соң, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырудың қамына кіріседі. Құда түсу, сырға салу, беташар жасайтын кез де осы шақ. Той-томалақты тізіп санамалай берсек көп- ақ. Ел болған соң, той болмай тұрмайтынын бәріміз білеміз. Сондықтан қалада не көп, тойхана көп, оған жарыса той жасайтындар да жетіп артылуда. Мәселе той иелерінің қалтасына қанша салмақ түсетінінде болып тұр. Дүркіретіп той жасайтындардың емес, қараша халықтың тойға кететін шығынын айтып отырмыз. Әрине, біреудің қалтадағы қаражатын санау жөн емес, дегенмен қазіргідей қымбатшылық алқымнан алып жатқанда той жасайтындарға қиын болып жатқан жоқ па деген ой ғой біздікі. Себебі статистика сүйенсек, елімізде халықтың жартысынан көбінің айлығы шайлығына жетпейді. Ал енді екінші жағынан қарасақ, ел ішінде той көп. «Әннің де естісі бар, есері бар...» дегендей, тойдың да жасайтыны бар, қажет емесі де аз емес қой. Бүгінде көзі қарақты азаматтар бірді-екілі тойды ғана тойлау мәселесін көтеріп келеді. Бұл ұсыныс халық арасында қолдау тауып жатыр. Бірақ жеме-жемге келгенде, көбеймесе, азайған түрі байқалмайды. Қазақ – тойшыл қауым. Тіпті той өткізуге әлемді жайлаған індет те толықтай кедергі бола алмағанын құлағымыз естіп, көзіміз көрді. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде көбі жан амандығын емес, тойды қалай өткіземіз деп алаңдағанын қалай ұмытайық! Карантинде қатаң тыйым салынса да, соған қарамай той өткізгендер аз болған жоқ. Ол үшін небір қулыққа да барды. Ешқандай қаулы да, тыйым шаралары да қазақтың тойын толықтай тоқтатуға қауқарлы болмағанын білеміз. Тойхана жабылғанда, үй ауласында өткен тойлар саны көбейді. Тіпті 90-жылдарға қайта оралған қазақстандықтар үшін бұл «ностальгия» болды. Иә, карантин шағын бизнеске де қатты соққы жасады. Сондықтан дағдарыстан шығу үшін тойхана иелері де түрлі амалдарға барды. Тойға мораторий жариялау керек дегенде жоғары жақтан бір топ әншінің шулап шыққаны да ел есінде. Айтпағым, елде тойдың көп болатындығы емес, оның қарапайым халықтың қалтасына салатын салмағы жайында. Расында қазақ қашан да тойдан ештеңесін аямаған. Барын қонағының аузына тосатын шашпа қазақтың қалтасы қағылатыны да осы тұс. Әсіресе біздің оңтүстік өңірлерде «той жарыс» басталғалы қашан?! Соңғы кездері ел ішінде «бекер мал шашпақтың» небір әрекеттерін көз көріп, құлақ естіп жатыр. Бұрын көктем, жаз айлары той өткізу науқаны саналатын еді, әрі тек демалыс күніне жоспарланатын. Қазір ғой, жыл он екі ай той-думан, дүйсенбіден жексенбіге дейін толас жоқ. Сөзіміздің дәлелі, қалалардағы тойханалардың жарты жыл бұрын жалданып қоятындығы. Қазақстанда халықтың күнкөріс деңгейі төмен деп шулаймыз, бірақ той жасауға келгенде «жомарт» халықпыз. Осылайша тойды несие алып жасайтындардың ауылда да, қалада да көптігі алаңдатады. «Той – Тәңірдің қазынасы» деп үміттеніп жасаған тойы өз шығынын «ақтамай», жоғары пайызбен алған несиені пәлен жыл «жанын жеп» жүріп төлейтіндер де аз емес арамызда. Тойдың оған шақырылғандардың көбісінің қалтасына да салмақ салатыны тағы бар. О заманда да, бұ заманда да тойға барып-қайту дегеніңіз әжептәуір мәселе болған. Бармасаң той иесі өкпелейді, ал бару керек болғанда «барғызбасың барғызбас» боп жатады. Туған-туыс, әріптес, дос-жарандардан «осы айда пәленше, келесі айға түгенше тойға шақыру кеп тұр, қаражатты қайдан тапсам екен?» деп тарту-таралғы үшін уайымдап отыратынына да куәміз. Ондай жағдай өз басымызда да болып тұрады. Осыған қарап, «Той десе қу бас та домалайды» деген тіркес бүгінде салмағын жоғалтқандай көрінеді. Әрине, біздің қолда емес, дегенмен тойдың кейбір түрлеріне тоқтам болса, ысырапшылдыққа жол берілмесе жөн болар еді деп ойлаймыз! Қазір той науқанының қызып тұрған кезі. Ал соңғы мәліметтер елімізде короновируспен ауырғандар саны күн санап артып отырғанын көрсетуде. Ірі қалаларымыз «сары аймаққа» еніп те үлгерді. Бірақ адам көп жиналатын той-томалақтың тыйылатын түрі ауылда да, қалада да байқалмайды, тіпті азаятынына да ешкім кепілдік бере алмайды. Әрине, той деген жақсы ғой, бірақ өткеннен сабақ алып, сақтық жасасақ, денсаулық бәрінен де маңызды екенін естен шығармасақ болар еді. Қадыр ақын айтпақшы, «ойлай білген халыққа, тойлай да білген лайық». Дегенмен тойлай білген халық ойлай да білсе екен дейміз!

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар