Жолаушы көп, билет жоқ
Жазғы демалыста шетел асуға қалтасы көтермейтін ағайын өңірлерді аралап, елдің көрікті жерлеріне сапарлауды дұрыс көреді. Себебі нарық заманының талабы да «көрпеге қарай көсілмесіңе» қоймайды. Шуақты күндерді қызықты өткізуді ойлағандар да, осы мезгілде сырқаты асқынып, жанына ем іздегендер де, басқа да жағдайлармен жүрген жұрт та әуре-сарсаңға түсетіні бар. Өйткені пойыздарға билет табу мүмкін емес. Осындайда шұғыл жолға шығатындар амалсыз қымбат билетті олжа санап алуға мәжбүр.
Әсілі жолынан қалмауды ойлағандар әуе көлігін пайдаланып, діттеген жеріне жедел жетсе де болады. Бірақ ұшақ билетін екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.
«Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ пойыз вагондарын жаңартуға мықтап күш салғанымен жолаушылар тозығы жеткен вагондардың азаймағанын айтуда. Расымен, елдегі вагондардың шамамен 46 пайызы ескірген. Алайда ескі вагонның өзіне жедел билет алу қиынның қиыны.
Кейінгі жылдары билет алуда ашықтық сақталып, делдалдардың тірлігіне тұсау салынды дегеннің өзінде «қолдан келсе қонышынан басып», жоқ жерден оңай табыс табуды көздегендердің әрекеті жайында еміс-еміс естиміз. Мысалы, жуырда осындай «ескі әдіспен билет табатындарға» тап болған Базарбай есімді қала тұрғыны әлеуметтік желіде ашық пікір білдірген еді.
– Мына бір «бармақ басты, көз қысты» ақпаратпен бөліскім келген. Нұр-Сұлтанға іссапармен 15 тамызда баруым керек еді. Электронды билеттер жоқ. Бір мен сияқты әпенде билетін қайта өткізсе, сатып алайын деп 2-3 күн күттім. Болмаған соң, теміржол бекетіне бардым. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының кассаларында билет жоқ. Бірақ жеке коммерциялық кассадағылардың тамырын басып көрсем, 7 мыңның үстіндегі билеттер (Нұр-Сұлтанға дейінгі) 14 мыңнан сатылуда. Мен де оңтүстіктің азаматымын ғой, әуелі 12 мыңға, кейін 9 мыңға әрең көндірдім. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» болып отыр ғой, – делінген жазбада.
Пікір иесі делдалдар билетті онлайн кассадан сатып алып, кейін ортада келісім жүргізетін бұрыннан таныс азаматтарға саудалайтынын айтады. Осылайша, іс жүзінде вокзалдың делдалдыққа еш қатысы ж оқ болып шығатынын алға тартады ол. Расымен, билет онлайн айналымында ашық саудаланған соң, жолаушы қайсы, делдал қайсы, ажырату әсте оңай емес. Бірақ Базарбай мырза пойыз Тараздан өткенімен, билетті Көкшетаудан алатынына таң. Дегенмен осы жазбаға пікір қалдырғандардың арасында жолсерікке екі есе ақысын төлесе, жолай алып кетуге дайын екенін жазған және билет бағасына наразылық білдіргендердің пікірі де табылады. Желіде қаузалған мәселеге «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-да назар аударып, ресми жауабында «Жазғы кезеңде жолаушылар тасымалына сұраныстың артуы байқалады. Билеттерді уақтылы сатып алу үшін «күту парағы» қызметін пайдалана аласыз» деп қысқа қайырған.
Осы жайттың ізін ала біз де «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Жамбыл вокзалына барып, билет бағасын бағамдап қайтқан едік. Вокзалға жеткен бойда кассадан билет бағасын білуге асықтық. «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассасында Нұр-Сұлтан қаласына билет сұрап жатқандар көп. Мысалы, елордаға ем алуға бара жатқан әйел 18 тамызға 11 100 теңгеге купеден орын алды. Мұнда «Баянды жол сервис», «Aistar» сынды билет сататын агенттіктің кассалары да бар екен. Біз сол кассаның біріне жақындап, билет сұрағанда анықтама бюросына баруымызды өтінді. Анықтама бюросы да бүгін-ертең билет табылмайтынын ашып айтты. Бұдан соң мән-жайға тереңірек бойлауды ойлап, Жамбыл вокзалының басшысы Дидар Мүсреталиевке қайырылдық.
– Қазір бізде жолаушылар тасымалының және билет сату агенттіктерінің кассалары жұмыс істеп тұр. Бірақ сол агенттіктер өзінің қызметі үшін әр билеттен қосымша 500 теңге алып отырады. Қазір жолаушылар көп. 20 мамырдан бастап тәулігіне – 9, кейде 10 мың адам вокзалға келіп-кетеді. Билеттер электронды болған соң, ел-жұрт сапарға ертерек қамданып, уақытынан бұрын билет алады. Негізі билет сататын кассалар бізге бағынышты емес. Олар «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарайды. Жолаушылар келгенде ең бірінші анықтама бөлімінен барлық сұрақтарына жауап алуына болады. Ондағы мамандар электронды билетті қай күні алуға болатыны туралы кеңес те береді. Сіздің межелеген күніңізге сай келетін пойызды ұсынады. Ал желідегі жазбаларда факті нақты емес сияқты. Себебі жекеменшік кассалар өзіне тиесілі 500 теңгеден артық алды дегенді естімедім. Маған мұндай мәселе бойынша ешкім қайырылмады. Мен мұндай жайтқа тап болсам, басшылыққа шығар едім. Негізі, электронды билетте билеттің құны, қай қызметіне қанша сома ұстайтыны жазылады. Қазір жекеменшік «Тальго» сынды пойыздар да болған соң билет бағасында өзгерістер болады. Қазір билет жоқ. Пойыздар Тараз қаласынан шықпаған соң, билетті пойыз шығатын аймақ жұрты бірінші алуға тырысады. Бұрын вокзал басшыларында 3-4 билет қосымша тұратын. Сонда денсаулық жағдайына байланысты сапарға шұғыл шығатындарға сол билет тиетін. Қазір мұндай жоқ. Бұрынғы заман өтті, – дейді вокзал басшысы Дидар Ағаділұлы.
Әрине, вокзал басшылығы билет сатуда ашықтық сақталды дегенмен, ел-жұрт бұл пікірмен келісе қоймайды. Оның үстіне, жолаушылар пойызына бақылау күшейтілгелі жолаушы тасымалдау қағидаларын бұзғандар анықталуда. Сәйкесінше, айыппұл төлеп, жұмыстан шеттеліп жатқандар да жоқ емес. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы бес айында 200 жолаушылар пойызына тексеріс жүргізілсе, 431 рет жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптары бұзылғаны анықталған. Бүгінгі күнге дейін олардан 31,2 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан жасалған тағы бір түсініксіз жайт, электронды билеттерді әр вокзалға үлестіріп беруінде. Мысалы, Түркістан–Нұр- Сұлтан бағытындағы пойыздың билеті Түркістан, Шымкент, сол секілді Тараз қаласына есеппен бөлінген соң, Таразда билет 45 күнге жетпей сатылып кететін көрінеді. Мұндай жағдайда жолаушылар билетті Тараздан емес, Түркістан немесе Шымкенттен сол қаладағы бағасына сай онлайн сатып алуына болады. Кейін жолаушы жайлы орнына Тараздан жайғасады. Қазір билет алуға келгендер де осыған әсте-әсте дағдыланып, вокзалдың анықтама бюросынан кеңес сұрауға бейіл.
Негізі, мамырдан бастап қыркүйектің бел ортасына дейін билеттер тапшы. Себебі оқу жылының басында студенттер де пойызбен жиі қатынайды. Дәл қазір Тараздан–Нұр-Сұлтанға жетуге ең арзан билет купеде 8 931 теңге болса, плацкартта 5 826 теңге. Енді Тараздан шығатын жолаушылар үшін ең жақын Түркістан– Нұр-Сұлтан бағытындағы пойыз 18 тамызда жолға шығады екен. Сондай-ақ тальго пойызымен шығатындар билетті 22 000 теңгеге сатып ала алады. Әрі жуық аралықта билет алатын болсаңыз, оның бағасы да әдеттегіден қымбат болады. Қазір билеттер 5-10 күнде-ақ сатылып кетуі мүмкін. Кейін, билетті пойыз шығатын уақыттан 24 сағат бұрын кері қайтаруға болады. Ал ол билеттер «күту парағына» түседі. Оны «күту парағына» кезекте тұрған жолаушы онлайн ала алады. Яғни, жуық араға билет таппай, кезекте тұрған жолаушының поштасына артық билет туралы хабарлама келеді. Бірақ оны «бақытты» жолаушы екі сағатта сатып алып үлгеруі тиіс. Шындығында, екінің бірі «күту парағы» туралы біле бермейді. Бірақ түсінгенге осы қызмет арқылы билет тауып жататындар баршылық. Сондықтан кез келген жолаушы билет іздейтін кезде вокзалдағы таныс-білісін қолқаламай, «күту парағын» пайдаланса, әбден болады.
Бүгінде электронды билетке сұраныс жоғары болған соң, вокзалдағы кассалар қысқарған. Халықтың 60-70 пайызы электронды билет алуды жөн санайды. Түсінгенімізше, билет сатылатын база жалпыға ортақ болған соң, бар билетті ешкім жасыра алмайды. Бұл оң өзгерістер жолаушылар тасымалындағы келеңсіздіктерді реттеуге айтарлықтай әсер еткені айтпаса да түсінікті. Алайда «қалауын тапқандар» жоқ жерден пайда көруге тырысып бағады. Мұны кейбір жолаушылар «электронды билетті туыстарының атына сатып алып, орайы келгенде кері қайтарып, билет іздеп жүргендерге қайта сату» белең алғанымен байланыстырады. Әрине, жолаушылар пойызындағы келеңсіздіктер ел-жұртты қатты алаңдатады. Сондықтан әзірге сапарға асыққандар тек «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұсынған барлық мүмкіндіктерді пайдаланғаны дұрыс. Ал үздіксіз тексерістен кейін билет сатып, пайда көретіндер жуық арада болмаса да бірнеше жылда тыйылар деген сенім бар.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді