Таразда сәтті өткен турнир

Таразда сәтті өткен турнир
ашық дереккөз
Таразда сәтті өткен турнир
Облыс әкімдігі және «Dara» дарындыларды қолдау қорының ұйытқы болуымен Тараз қаласында «TARTYL FEST-2022» street workout турникке тартылу жарысы өтті. Доданың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков және актер, жаттықтырушы Айтым Жақыпов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыста қатысушылар салмағы мен жас ерекшеліктеріне қарай 9 санатта кім мықтыны анықтады. «MART» сауда ойын- сауық орталығында білектілердің мықтысы анықталған бәсекеде жасөсіпірімдер, жастар, ересектер, нәзік жанды арулар да барын салды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бақ сынады. Турникке тартылу сайысына ең жас қатысушы 8 жастағы Арнұр Сұлтанхан болса (15 рет тартылды), ең егдесі 60 жастағы Оралбек Ақылбек арнайы сыйлықтарға ие болды. Азамат Нұралиев, Жанарыс Болыс, Адилия Садуақас (13 жас) сынды қатысушыларға да арнайы сыйлықтар табысталды. Қызықты фестивальде еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген спортшылар да назардан тыс қалмады. Еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Рахат Қалжан мен каратэден Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Гузалия Гафурова өз өнерлерін көрсетті. «TARTYL FEST-2022» жарысында 18 жасқа дейінгілер арасында 55 келі салмақта Мәди Жанатұлы 27 мәрте тартылып, 18 жасқа дейінгі 70 келі салмақта Алихан Темірхан (30 рет), 70 келіден жоғары салмақта Сергей Савченко 20 рет тартылып, жеңімпаз атанды. Ал 18-30 жас аралығында 65 келі салмақта Самат Шапибай 37 рет, 80 келі салмақта Дархан Сәрсенов 34 рет, 80 келіден жоғары салмақта Нұрсұлтан Рахмет 30 рет тартылып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. 30 жастан жоғарылар сапында Берік Айдабосынов – 30, Владислав Герасимов – 37, Рустам Малдыбаев 20 рет тартылып, чемпион атанды. Тараз төріндегі спорт фестивалін қолдауға отандық танымал блогерлер NNN және Әлішер Қонысбай қатысты. Сонымен қатар шара соңында жастардың сүйікті әншісі Мирас Жүгінісов ән шырқады. Tartyl Fest Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қорының» ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Айта кетейік, әр қалада 9 санат бойынша жеңімпаздар Нұр- Сұлтан қаласында өтетін Гранд-финалға жолдама иегерлері атанады. Елордада чемпион атанған қатысушы Финляндияда өтетін street workout-тан әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар