«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ата-ананың көңілі балада, баланың көңілі далада...

Ата-ананың көңілі балада, баланың көңілі далада...
ашық дереккөз
Ата-ананың көңілі балада, баланың көңілі далада...
Шыңғысқа Мәскеуден Денсаулық сақтау министрлігінен көптен күткен шақыру хат келді. Хатта: «Жиырма тоғызыншы қарашада И.М.Сеченов атындағы мемлекеттік медицина институтына аспирантураға емтихан тапсыру үшін келіңіз» делініпті. Шыңғыс қуанып, тезарада керекті құжаттарын жинап, қажетті күні ұшаққа мінді. Ұшақта үш бос орынның илюминатор жағына отырғаны сол еді, есік жақтан естілген дабыр-дұбыр сөзді естіп мойнын бұрып қараса, стюардессаның алдында шапанының белін ескі ақ шүберекпен буған, басында қара бөркі бар, иығына қоржынын асынып алған ақсақалды көрді.  Қасында жасыл қыжым шапан киген, басына ақ ормалын шарынып тартып алған кемпірі бар. Стюардесса оларды ертіп әкеліп Шыңғыстың қасындағы екі бос орынға отырғызды. Шыңғыс орнынан ұшып тұрып қариялардың заттарын орындарына қойып берді. Ұшақ биіктігін алғаннан кейін әңгіме-дүкен басталды. Шыңғыс аспирантураға түсуге бара жатқанын, ақсақал Мәскеуде профессор баласы тұратынын айтты. Ол оқуын бітіріп, үйленіп, балалы болғанша әке-шешесінен хабарсыз болып кетіпті. Міне енді, мына шешесі «баламызды, немеремізді көріп қайтайық, енді қаншалықты өміріміз қалды дейсің» деп қоймағаннан кейін, артынып- тартынып кетіп бара жатқан беті осы екен. Шыңғыс: «Сонда қанша жыл болды балаңызды көрмегелі», деп сұрады. – Сол оқуға кеткеннен мол кетті, өзін де, келінімізді де көрген жоқпыз, – деді қария. Сөзінде сағынышпен қатар күйініш те байқалады. «Балаларыңыз күтіп алады ма», – деп сұрады Шыңғыс. «Жоқ, төтесінен кетіп бара жатырмыз», деді қария тура бір аудан орталығына кетіп бара жатқандай. «Мекенжайын білесіздер ме?» деп сұраған Шыңғысқа шал омырау қалтасынан сарғайып кеткен төрт бүктелген бір жапырақ қағазды ұсынды. Шыңғыс ашып оқыса: «Москва І Новокузнецкий пер, дом 5, кв. 101» деп жазылыпты. «Ақсақал, Мәскеу ауыл емес, үлкен қала. Мына үйді табу қиын болады ғой» дегеніне шал: «Бір нәрсе ғып табамыз да» деп жауап берді. Домодедово әуежайына ұшақ қонғанда сағат күндізгі 10:00 болыпты. Ұшақтан шығып, әуежай ішіне кіргенде қариялар құжынап жүрген халықты, олардың жеңіл және түрлі-түсті болып ерекше киініп жүргендерін көріп, қайран қалды. Шыңғыс қарияларды жүк бөлігіне алып барып, шабаданы мен ескі матамен белі байланған сөмкесін алып қала жаққа шығатын есіктен шыққанда таксистер: «Маған кел, маған кел» деп таласып, біреуі Шыңғыстың қолындағы шабаданды алып, барып машинасының жүк бөлігіне салып, әрқайсысынан он сомнан деп ақшаларын жинап алып, қалаға қарай тартты. Жарты сағат өткенше ақсақал тып-тыныш отырды. Содан кейін қашан жетеміз деп мазасыздана бастады. Оған Шыңғыс: «Әлі бір сағаттай уақыт бар» деп жауап берді. Қалаға кіргенде қария машиналардың, адамдардың көптігін көріп: «Мына қалада адам қалай тұрады?» деп таңғалды. Таксиден алдымен алдыңғы орында отырған адам «Кашинская» метросынан түсіп қалды. Енді таксист қаланың картасын алып «Сіздерге керек көше орталықта екен» деп ары жүріп кетті. Бір сағаттай уақыт өткеннен кейін машина барып он бес қабатты күйген кірпіштен соғылған үйдің қасына келіп тоқтап, жолаушыларды түсіріп кетті. Үйдің бір ғана подъезі бар және оның кодын білмей есігі ашылмайды екен. Олар қалтырап жаурап тұрғанда есік ашылып, сыртқа алдымен тілін салақтатып бульдог шыға келгенде қариялар шошып кетті. «Итті үйде ұстауы не сұмдық?» деп шал айқайлап жіберді. Иттің иесі: «Не бойтесь, не кусается» деп күліп бізді ішке кіргізіп жіберді. Үйдің фойесінде бір кезекші кемпір қалғып отыр екен. Шыңғыс «Здравствуйте!» деп амандасқанда көзін ашып, алдындағы бөлекше киім киген адамдарды көріп түс көріп отырмын деп қалды-ау шамасы, әйтеуір басын екі сілкіп көзін бақырайтып қарап барып түсі емес екендігіне көз жеткізгеннен кейін: «Кімге келдіңіздер?» деп сұрады. Шыңғыс ақсақалдың баласының қазақша атын атап еді: «Ондай адам бізде жоқ» деп барып, «Аа, Николай что ли» деп 11-қабатта 101-пәтерде тұратынын айтты. «Осы күнге дейін мен білмеппін Николайдың әке- шешесі бар екендігін» деп таңғалды. Олар лифт шақырып, ішіне кіріп, 11 деген кнопканы басты. Есік өзінен-өзі жабылып, лифт жоғары жүргенде қария «Астапыралла!» деп қорқып кетті. Он бірінші қабаттан 101-пәтерді тауып алдына заттарды қойып, Шыңғыс ақсақалды шабаданға отырғыза бергенде лифтіден бет әлпеті осы шалға келетін жасөспірім бала шығып, есігінің алдында тұрған адамдарға бажырая қарап өткенде, ақсақал құшағын ашып: «Әй, мынау менің немерем ғой деймін» деп ұмтыла бергенде, немересі шалдан қорқып қашып барып, үйіне кіріп, есігін тарс жауып алды. Жаны кейіп тұрған қарияға Шыңғыс: «Ақсақал, мен енді бара берейін, жұмыстарым бар және қонақүйден орын алуым керек» деп қариялармен қоштасып кетті. Біраз уақыттан соң Шыңғыс дәлізден бір таныс дауысты естіп, «бұл кім болды екен?» деп шығып қарап еді, сол баяғы артынып-тартынып, өзінің жолсеріктері болып келген кемпір мен шалды көрді. Бұл жолы қастарына ұлдарын ертіп алған. Ұлдары орта бойлы, түрі әкесіне келетін арық, шашына ақ түсе бастаған адам екен. Олар тура Шыңғыс орналасқан нөмірге келді. Шыңғыс: «Иә, ақсақал, келіңіз не болды?» деп сұрап еді. Бөлмеге кіргеннен кейін қария әңгімесін айтып берді. Шыңғыс кете салысымен шалдың ұлы мен келіні де келіпті. Келіндері ата-енесімен амандаспай өтіп барып үйіне кіріп, есігін жауып алыпты. Баласын көрген ата-анасы еңіреп жылап, жалғыздарын құшақтап, бетінен сүйіп оңтайланып заттарын алып үйіне кірейін десе ұлдары: «Қоя тұрыңыздар, келіндеріңізбен сөйлесіп келейін» депті күмілжіп. Арада біраз уақыт өткенде ұлы пәтерінен шығыпты да: «Ата, мен сіздерді үйге кіргізе алмаймын, қонақүйге алып барайын» деп сонша жерден арқаланып келген ата-анасын «таңғалдырыпты». Әкесі: «Мына тамақтың барлығын сендер үшін алып келіп отырмыз ғой, ең болмаса соларды алып қалыңдар» деп жалыныпты. Баласы барып келіндерін алып шыққанда, әйелі ерінін қып- қызыл қылып бояп қойған салмақты адам екен. Ол қазыны иіскеп көріп, қарияның сөзімен айтқанда «ванушка», қойдың кептірілген сүр етін «ванушка», құртты иіскеп «ванушка» деп алмай, тек бал мен өрік-мейізді ғана алып қалыпты. Әкесі баласына қадалып қарап ашуланып айқайға басты. Баласы айтарға сөзі жоқ, үндемейді. Осы кезде Шыңғыс: «Ақсақал, ұшақта жеңіл-желпі тамақ жедік. Ресторанға барып тамақтанып алайық» деді. «Әй, балам ресторанды не қыласың? Мына апаң үйден шыққанда баламды, немеремді тойдырып қояйын деп ас пісіріп алып шыққан», деді де кемпіріне: «Бәйбіше, дастарқаныңды жай, тамақтансақ тамақтанып алайық» дегенде, кемпірі көзінің жасын сүртіп, оңтайланып отырып сөмкесін аша бастады. Шыңғыс кезекшіге барып электр шәйнек, ақ құман, кесе мен қасық, шанышқылар, пышақ алып келсе дастарқан гүлденіп кетіпті. Қазы-қарта, жал-жая, қойдың сүр еті, мейіз қосқан жент, құрт, тоқаш, тағысын-тағылар жайнап тұр. Енді барлығы отырып тамақтана бастады. Ұлдарының да қарны ашып қалған екен, екі ұртын толтыра шайнап ыстық шай ішіп, мұрны мен беті шып-шып терлеп отыр. Анасы қайта-қайта асты баласының алдына итере береді. Тамақтанып болған соң баласы әкесіне: «Ата, мен барып ұшаққа билет алып келейін» деді. «Әуре болмай-ақ қой, бізді Шыңғыс балам-ақ шығарып салады» деп әкесі теріс қарады. Ұлы үнсіз бөлмеден шығып кетті. Бір сағаттан кейін келіп: «Әке, сіздер түнгі сағат бірде ұшатын болдыңыздар» деді. Әкесі: «Әрине, біз қайтамыз ғой, ал мына арқалап әкелген тағамдарды қайтып әкетеміз бе, біреулерді тауып бер» деді баласына. Баласы барып осы қонақ үйде жұмыс істейтін екі қазақ әйелді алып келді. Шал оларға: «Әй, қыздарым біз мына тағамдарды ауылдан арқалап әкеліп едік, орыс келініміз «ванушка» деп алмай қойды, сендер ұялмай бөліп алыңдар» деп еді, екі әйел қуана-қуана рақметтерін жаудырып бөліп алып кетті. Шал баласына қарап, «кетерімізде немереміздің атын білейік, аты кім деп сұрады. «Вася» деген жауапты естіген қарияның қаны қайнап, жүрегін ыза кернеп, ызасын баса алмай ентігіп отырып қалды... Осы арада қариялардың да қайтатын уақыты жетіп, шал Шыңғысқа мейірімді көзқараспен қарап: «Айналайын, рақмет саған, дүние тұрғанша тұр, оқуыңа түсіп, бақытты бол! Ал енді бізді шығарып сал, айналайын» деді. Шалдың баласы бір нәрсе дейін деп еді қария: «Әкел, билеттерді» деп баласына қолын созды. Баласы бермеймін өзім шығарып салам деген ишарат білдіріп еді, «Әкел дегенде, әкел!» деп алып, құжаттар мен билеттерді Шыңғысқа ұсынып: «Ал, кеттік» деп босап қалған шабаданына қалған заттарының барлығын салдырды. Шыңғыс оны алып шығып таксиге отырып, такси аэробекетке қарай жүріп кетті. Шыңғыс сыртқа қарап еді, шалдың баласы басқа таксимен соңдарынан жүріп келе жатыр екен. Аэробекетте Шыңғыс билеттерді және жүктерін тіркеуден өткізіп ақсақалдың қолын алып «Жолдарыңыз болсын, ата!» деп қоштасқанда, баласы алыстан байқап тұрды. Кемпір мен шалдың қолдары бос, иықтары салбырап кетіп бара жатқандарын көріп Шыңғыстың жанарына еріксіз жас толды...

 Тұралы МҮСРЕПБЕКОВ,

зейнеткер.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар