«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
ашық дереккөз
1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
«Ақ жол»   (2018 жыл) 10 ақпан. №17. (18.511). «Ақ жолдың» арнаулы беті – «Білім». Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразовамен сұхбат «Марапаттың қуанышынан жауапкершілігі артық» деген тақырыппен берілді. Арнаулы бетте өзге де материалдар берілген. Газет кейінгі нөмірлерінде «AYLET», «Жастар», «Біз Жамбылданбыз», «Әдебиет», «Денсаулық» арнайы беттерін ашып, қызықты, танымды жарияланымдар берді. 20 наурыз. № 32-33. (18.526-18.527). «Ақ жол» газетінің бастамасымен «Наурыз – игілік айы» акциясы қолға алынды. Редакцияның мұрындық болуымен Наурыз мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінің қамқорлығындағы жеті бүлдіршіннің тұсауы кесілді. 16 тамыз. №94. (18.588). Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 тамыздағы №485 Қаулысымен облыстық филармонияға халық ақыны, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың, Тараз қалалық мәдениет үйіне дәулескер күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының, Тараз қаласындағы №10 орта мектепке Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімдері берілді. Газет бұл жаңалықты «Бәрекелді» деген айдармен жариялады. 6 желтоқсан, №141-142. (18.635-18.636). Тараз мемлекеттік университетінде «Алаш ұстанымы – ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімі ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған конференцияға еліміздің танымал ғалымдары мен тарихшылары, қоғам қайраткерлері қатысты. (2019 жыл) 5 қаңтар. №1 (18651). Өңір басшысы А.Мырзахметовтің қолдауымен және алғысөзімен «Жастардың жауқазын жырлары» жыр жинағы жарық көрді. Алматы қаласындағы «Қазақ тілі» баспасынан шыққан жаңа жинақтың тұсаукесері Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап кітапханада аға буын қаламгерлердің қатысуымен өткізілді. Жастардың жауқазын жырлары енген кітап аудандық, ауылдық кітапханаларға таратылады. «Aq jol» осынау іс- шара туралы хабарды «Жастар жылының жаңалығы» айдарымен жариялады. 15 қаңтар. №4 (18654). «Aq jol» газетінің сайты жаңарып, бұдан былайғы айтары мен қамтитын тақырыптарының аясы кеңейе түсті. Газеттің тұрақты айдарлары бойынша шыққан мақалалармен қатар жер-жаһандағы маңызды жаңалықтармен енді күн құрғатпай танысуға мүмкіндік туды. «Біздің сайтты ашып қара, сырласым» деген тақырыппен берілген хабарда осы жайында айтылған. 22 қаңтар. №7 (18657). Басылымның байырғы оқырманы, авторы, табиғат жанашыры, натуралист-құсбегі Жапар Сатылғановтың еңбегі жоғары бағаланып, есімі Қазақстанның «ГИННЕС» рекордтар кітабына енді. Көпшілік құсбегілік өнердің белді өкілі ретінде білетін Жапар Сатылғанов туған өлкеміздегі тұңғыш «Қауырсын» атты әуесқой бүркітшілер мектеп-клубын құрған. 26 қаңтар. №9 ( 18659). Жамбыл облысының 80 жылдығына орай газет жаңа айдар ашып, «Тағдыры талайлы өлкенің тарихы беттерінен» деген тақырыппен Қазақстанның Құрметті журналисі, деректанушы Мақұлбек Рысдәулеттің мақаласының алғашқы бөлігін берді. 31 қаңтар. №11 (18661). «Газеттің алтын діңгегі – оқырман» айдарымен алпыс үш жылдан бері « Aq jol»-дың оқырманы әрі авторы болып келе жатқан теміржолшы-инженер Әбдуәлі Данаевтың сөзі берілді. Ол 1950 жылы облыс орталығындағы Жамбыл атындағы орта мектепті мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысов, Халық жазушысы Шерхан Мұртазалармен бірге бітірген. 1956 жылдан теміржолда жас маман ретінде еңбек жолын бастағалы облыстық газеттің авторы, оқырманы болып келеді. 5 ақпан. №13 (18663). Белгілі ақын, журналист, публицист, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жақсылық Сәтібеков тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Республикалық « Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде Жамбыл облысы бойынша меншікті тілші, облыстық «Aq jol» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеген Жақсылық Сәтібеков 13 әдеби-көркем кітаптың авторы. Облысымызда шығарылған «Боздақтар» кітабының редакторы болған. Шараға қала жұртшылығы өкілдері, ардагерлер, журналистер қатысты. Ескерткіш-тақта лентасын облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қиды, ақынның жары Әзиза Қалығұлова келгендерге алғыс айтты. 16 ақпан. №18 (18668). «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты облыстық дәстүрлі ақындар айтысы мәресіне жетті. Бас жүлде иегері – жуалылық Қанат Мырзахан. Байзақ ауданынан жас талант Дархан Әбдіманат – бірінші, Т.Рысқұлов ауданынан Асхат Қылышбек – екінші, Жамбыл ауданынан Нұрлыбек Құрманов үшінші орын алды. Ынталандыру сыйлығын алғандар қатарында тараздық ақындар Шапағат Әбдір, Медеу Мырзатай, Ербол Ершат, Байзақ ауданынан Алтынкүл Қасымбековалар болды. 19 қыркүйек. №104 (18754). Бірінші беттегі «Үкімет Жамбыл облысындағы қанатқақты жобаны қолдады» атты мақаланың өзегі – облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тұрғындардың табысын арттыру жобасын биік мінберден таныстыруы туралы. Газеттің осы нөміріндегі «Жаңарған Жамбылым» айдарымен берілген мақала облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Тараз қаласын көркейтуде қолға алып, жүзеге асырған, жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапқан жақсы істерінің бірі туралы. Газет кейінгі нөмірлерінде де «Жаңарған Жамбылым» айдарымен жарияланымдар беріп отырды. 16 қараша. №129 (18.779). Республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанның» алғашқы саны жарық көргеніне – 100 жыл. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шаралардан облыс жұртшылығы да тыс қалған жоқ. «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Aq jol» газетінің редакциясына арнайы атбасын бұрып, ұжымның шығармашылық қызметкерлерімен кездесті. «Егеменнің» тарихы – ел тарихы екені жөніндегі мазмұнды әңгіме соңында Дархан Қыдырәлі Үкімет Қаулысымен «Егемен Қазақстанның»100 жылдығына арналып шығарылған медальмен Елен Әлімжан, Мейрамбек Төлепберген, Көсемәлі Сәттібайұлы, Оралхан Дәуітті марапаттады. Елен Әлімжан, Мейрамбек Төлепберген, Оралхан Дәуіт сөз сөйлеп, көрсеткен құрметтері үшін «Егемен Қазақстан» басшылығына алғыс айтты. Дайындаған: Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар