Саусақ ұшындағы сауда
Онлайн сауда дамығалы алаяқтықтың да жаңа түрі пайда болды. Алматылық тұрғын интернет арқылы 300 мың теңгенің ұялы телефонына тапсырыс беріп, орнына бағасы 300 теңге де болмайтын екі кесек кір сабын алғаны бар. Тіпті шекара асып келетін интернет тапсырыстардың арасынан кейде кәдімгі тас, кірпіш сынықтары шығатын кез де болады екен. Бұл жағдай тараздық Қаламқастың да басынан өтті. Алдын ала 100 пайыз төлемін жасап тапсырыс берген киімін көріп, өз көзіне өзі сенбей қалды. Өзі ұнатып алған жемпірінің орнына кішкентай баланың жемпірі келіпті. Жә, енді бұл ситуацияларға қарап, онлайн сауда өтірік деп біржақты шешім шығара алмаймыз. Керісінше, ешқайда шықпай, үйде отырып-ақ саусақтың ұшымен сауда жасау қарқынды дамып, онлайн сауданың дәмін татып-ақ үлгердік. Әлемдегі миллиардер азаматтардың көбі онлайн сауданың төңірегінде жүргендер. Америкалық «Амазон» компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос тарихтағы ең бай адам атанды. Оның байлығы 105 миллиард долларға бағаланып отыр. Қытайлық миллиардер Джек Ма ше? Ол да әйгілі «Алибаба» интернет-дүкенінің арқасында ең бақуатты адамдардың тізімінде. Қарамағында 11 миллион жұмысшысы, 37 миллиард долларға тең байлығы бар.
Қысқасы, қазір әлемде интернет саудасына арналған платформа құрып байыған 12 мыңнан астам кәсіпкер бар.
Электрондық коммерция жаһан бойынша жылдам дамып келеді. Былтыр әлемде 3 миллиард адам онлайн-дүкен қызметін пайдаланыпты. Мұның ішінде қазақстандықтардың да үлесі бар. Әрине, аса көп емес, десе де, заманауи сауда-саттық қызметін қазірдің өзінде бізде 3 миллион 300 мыңдай адам тұрақты түрде пайдаланатын көрінеді. Біздің нарықта 1700- ден астам интернет-дүкен жұмыс істейді, электронды сауда айналымында 270 миллиард теңге жүр. Отандастарымыз онлайн тапсырыстың тиімділігін бірте- бірте ұғынып келеді.
Расында да, интернет- дүкендер тұтынушы үшін өте тиімді. Біріншіден, виртуалды дүкеннен ұнаған тауарды үйде отырып-ақ сатып алуға болады. Түрлі супермаркеттерге, сауда орталықтарына барудың, уақыт пен күш жұмсаудың қажеті жоқ. Екіншіден, сатып алған затты үйге немесе алуға ыңғайлы мекенжайға жеткізіп салу қызметі де бар. Үшінші тиімді тұсы, баға базардағыдан екі есе арзан.
Ел қазір киімнен бастап, техника, косметика, тіпті азық- түлікке дейін онлайн тапсырыс беретін болды. Себебі мынау, тауар дүкенге көптеген делдал арқылы жетеді, сәйкесінше баға да әр қолдан өткен сайын қымбаттайды. Ал интернет арқылы тапсырыс берсеңіз, тауар тікелей қойманың өзінен жеткізіледі де, үстеме баға тек жеткізу қызметіне ғана қосылады.
Таразға да әлемнің түкпір-түкпірінен интернет сәлемдемелер өте көп келеді. Оларды қабылдап алу, сақтау және иелеріне жеткізіп беру жұмыстарын жүргіземіз. Мұндағы қызметкерлер күн сайын кем дегенде 2-3 мың интернет сәлемдемелерін қабылдайды. Дәл қазір орталықта 50-ден астам интернет дүкенінің тауарлары сақталған. Көбіне Қытай елінен, Ресейден келіп жатады.
Интернет тапсырыстар негізінен – киім, парфюмерия, шағын тұрмыстық техникалар болып келеді. «Интернет сауда дамыған заман болды ғой. Тек тапсырыс берушілер алаяқтарға алданып қалудан сақ болуы керек. Жақында ғана бізге бір келіншек келді. Айтуынша ол өзінің үйіндегі тігін машинкасын «ОLХ» сайтына салған. Оған дереу Өскемен қаласынан бір жігіт хабарласып, машинканы алатынын айтады. Оны осы біздің қазпошта қызметі арқылы аламыз деп, ссылка жіберіп, ақша төлейтін кезде банкомат картасының екі жақ бетін толтыруды сұрайды. Толтырғаны сол екен, оның ішінде тұрған 45 мың теңгесінен айырылып қалыпты. Енді ол номерге хабарласса өшіп тұр. Жоқ. Бізге «Ол сайтта сіздердің логотиптеріңіз тұрды. Мен заңды сайт деп сеніп қалдым» дейді. Міне, осындай жағдайлар орын алмас үшін әркім өзіне сақ болуы керек. Жалпылама алғанда онлайн сауда қазір қатты, қарқынды дамып келеді. Оның пайдасы өте көп», дейді «Қазпошта» АҚ-ның бизнес жөніндегі бөлім маманы Жандос Атайбеков.
Онлайн-сауда– жаңа трендтердің бірі. Ауқымының күн санап артуы соның дәлелі. Мәселен, қазір әуе, теміржол билеттерінің 99 пайызы онлайн сауда арқылы сатып алынады. Болашақта базар атаулының барлығы онлайн режимге көшеді деген де болжам бар.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді