Денсаулық
Қайталаған дерт жаман немесе індет інінен қайта шықты ма?
- author «Ақ жол»
- 26 шілде, 2022
- 229
Қайталаған дерт жаман немесе індет інінен қайта шықты ма?
Біреу «бар» деді. Біреу «жоқ» деді. Басында сенбегенмен, соңында төбеден түскен тажалдай түбіне тартарын көпшілік түсінді. Көшелер бос қалды. Көліктер қаңтарылып тұрды. Жан баласы жақынын жақтырмайтындай да жағдайға жетті. Он ойландырып, тоғыз толғандырған жаман аурудың бізді ғана емес, дүниені қалай дүрліктіргенін айта беріп қайтеміз. Одан да ініне кіріп, ішін тартқандай болған індеттің қайта келгенін айтайық. Ковид қайта оянды Әлем елдері COVID-19-дың жетінші толқынын бастан кешіріп жатырмыз деп жариялады. Еліміз бойынша да қазіргі ахуал жақсы емес. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясы 2257 адамнан анықталды. Инфекцияны жалпы жұқтырғандар саны 1 323 710-ға жетіп отыр. Нұр- Cұлтан қаласы күні кеше ғана «сары» аймаққа енді. Осылайша ауру деңгейі бірден он есеге артты. Бұрынғыдай жанталасып жатпасақ та, ол індеттің біздің арамызда қарқынды түрде қайта белең ала бастағанын аңғарып отырған жайымыз бар. Облысымыздың өзінде соңғы жиырма күнде ковидпен 509 адам ауырды. Дәл қазір инфекциялық стационарларда – 60, оның ішінде реанимацияда 2 науқас ем қабылдауда. Олардың арасында балалар да, аяғы ауыр әйелдер де бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, қазіргі жағдай бірқалыпты. Ауру асқынып кеткен жағдайда емдеу мекемелері мен қажетті дәрі-дәрмектер сақадай сай тұр. Бірінші дәрігердің сөзі көңілге сеп болғанмен, ревакцинациялауды мүлдем жасамаған аудандар да бар екен. Меркі, Мойынқұм, Шу аудандары осылардың қатарына жатады. Бұл облыста салаға жауапты мамандардың өзі орын алған мәселеге салғырттық танытып отыр деген сөз. Маймыл шешегі деген не? Вирус дегеннен шығады, атышулы аурудан үркіп қалған қалың ел тағы бір індеттің пайда болғанынан қорқуда. Коронавирустық пандемиядан әбден шаршап-шалдыққан әлемде тағы бір вирус пайда болды.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері бұрын тек Африка елдерінде ғана анықталып келген маймыл шешек ауруы енді төрткүл дүниеге тарап жатқанына алаңдап отыр. Вирус қаншалықты қауіпті? Одан қорғанудың жолы қандай?
Оның COVID-19 тудыратын вирустан айырмашылығы, беті аулақ, ауруды жұқтырған адам кемтар кейіпке түседі екен. Терінің ірің толған зақымдану ошақтары кетпейтін тыртық қалдыруы мүмкін.
Бүгінде алты құрлықтың 61 елінде 7 492 адам осы ауруды жұқтырып, 27 маусымнан бері жаңа инфекция жұқтыру көрсеткіші 82 пайызға артқан.
Маймыл шешегі небәрі 10 күнде АҚШ, Канада, Австралия және Еуропаның бірқатар еліне таралып үлгерді. Індеттің алғашқы дерегі Ұлыбританияда анықталған. Аталған елдің екі
азаматы осыған дейін Нигерияға сапарлап қайтқан. Іле-шала шетел асып келген өзге де құрлықтың туристерінен инфекция растала бастапты. Бір қызығы, бұл аурудың қалай және қандай жағдайда жұғатыны әлі жұмбақ. Ауырғандардың дені – 21 мен 40 жас аралығындағы ер азаматтар.
«Кез келген инфекциялық аурудың елге жету қаупі қашанда бар. Әлемнің түкпір-түкпірінен қас қағым сәтте таралуы ғажап емес. Маймыл шешегі де осы қатарда. Шетел ассаңыз, жануарлармен байланысқа түспеу керек. Өйткені жануардың ауру не сау екеніне кепілдік жоқ. Далалы жерлерде кез келген өнімді сатып алмаңыз. Яғни, өнімнің сапасы расталған дүкендерден алыңыз. Дерт ауа тамшыларымен таралатындықтан, халық көп жиналатын жерлерге бармаңыз. Бетперде тағып жүріңіз», дейді еліміздің Денсаулық сақтау вице- министрі Айжан Есмағанбетова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, маймыл шешегінің де коронавирус секілді төрткүл әлемге таралуы әбден мүмкін дейді. Ковидты әлі толық жеңбегендіктен, бұл аурудың да пайда болғаны мамандарды алаңдатып отыр. Вирусты вакцинасыз жеңу мүмкін бе? Дүниежүзі дәрігерлері кезінде ковидтің айналып соғуы да мүмкін екенін айтқан еді. Расқа айналды. Мүмкін ол, қарапайым тұмау тәрізді маусымдық сырқат болып қалатын шығар. Ол үшін адамдардың бойында күшті иммунитет қалыптасып, оған ағза мықтап дағдылануы керек. Солай- ақ болса дейсің. Саулығымыз сыр бергенде емделіп кете алсақ, онда ойланбас та едік.
Ақ халаттылар карантиндік шараларды қатаң сақтауды айтудан танбайды. Әсіресе бұрын коронавирус жұқтырып ауырған адамның алаңсыз жүруіне тіпті болмайды. Өйткені оның ағзасы әлі қалыпқа келіп үлгермеуі мүмкін. Covid-19 вирусына шалдыққан адам әлсіз болады, сондықтан ауруды қайтадан жұқтырып алу қаупі жоғары. Әрине, бұрын сырқаттанғандарда антидене болады, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан дәрігерлер инфекцияның таралуын тежеудің жалғыз әдісі – қатаң карантиндік шаралармен бірге жалпы вакцинация дейді. Мысалы, шешек инфекциясы тарағанда әлем халқының 98,5 пайызы бұл дертке қарсы екпе салдырған. Соның нәтижесінде, аталмыш инфекцияны толық жойып, ауруды ауыздықтай алған. Демек «Сақтансаң – сақтаймын!» деген қорғасын ойды санамызға сіңіріп, амалымызға айналдырсақ болғаны. Сөз соңы: Вирусты тек иммунитеті мықты адам ғана жеңеді. Оны қазір ел жаппай түсінді. Саумал, шұбат, ағарған ішетіндердің қарасы көбейіп, қойдың құйрығын қылғытып жұта салатын жағдайға жеттік. «Ас тұрған жерде дерт тұрмайды» дейтін қазақтың қорқынышы бұл ауру болмаса керек-ті.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді