Қызылсайдың халқы неге наразы?
Қордай ауданына қарасты Қызылсай деген ауыл бар. Небәрі екі көшеден тұратын елді мекенде 200- ден астам үй түтінін түтетіп отыр. Еткен еңбектері адал. Үкіметке қарап қол жайып, әкімдіктен әрдеңеге сұрау салатын жұрт емес. Мейлінше өз жыртығын өзі жамап, кетігін қалап-ақ жүрген. Жүре де берер ме еді... «Ауылға жүз пайыз көгілдір отын кіргізілді» деген ақпар тарамағанда. Мәселе былай. Бұл ауылға Қордайдың өзге де елді мекендері секілді 2019 жылы газ құбыры тартылып, ел көгілдір отынға қол жеткізетініне сене алмай, мәре-сәре болып қуанысады. Бірақ қуаныштары демде басылып, күні бүгінге дейін ол игілікке елдің толықтай қолы жетпей отыр. Өйткені мердігерлер сайдың бір жақ бетіндегі көшеге тек осы жылдың басында газ кіргізіп береді де, екінші көшеге келгенде іс сиырқұйымшақтанып кетеді. Сағызша созылған мәселенің үш жылдан бері шешілетін түрі жоқ.
Халықтың жағдайына мердігерлер қарайласпаған соң ауыл халқы жыл басында облыс, аудан басшыларына арнайы хат жолдап, мәселелерін ашып айтқан. Бірақ әлі күнге көңіл көншітерлік жауап болмаған.
– Бастапқы келісімде мердігерлер әр көшеден 5 үйден ақша төлесе, біз газды қосамыз деді. Сөйтті де бір көше қосылды. Ал мына көше бестен асырып, 12 үйге дейін ақысын төлеген болатын. Енді келіп 20 үйге толтырыңдар деп талапты күшейтті. Тұрғындар оны да жасауға қарсы емес, бірақ сенім жоқ. Өйткені миллиондап ақша төлегенмен, әлі де ешкімге газ қоспай отырғандарына қарап сол төленген қаржымыздан ажырап қаламыз ба деп алаңдаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Асқарбек Молдажанов. Бұл мәселенің тек бергі жағы болып шықты. Қызық болғанда, ауыл халқы көгілдір отынға қол жеткізе алмай жүргенде, наурыз айынан бастап оларға тұтынған газдары үшін төлем түбіртегі келе бастаған. «Енді жетпегені бізге тұтынған газдарыңа ақша төлеңдер деп түбіртек келіп жатыр. Басында наурыз айына келген болатын. «Қордай газ» мекемесіне барсам, олар бұл мәселеден бейхабармыз деген. Енді үш-төрт күн бұрын тағы келді түбіртек. Бұл жолы «Қордай газ» көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуіңіз керек дейді. Сонда біз әлі үйімізге кіргізілмеген дүние үшін не деп ақша төлейміз? Онсыз да құбыр тарту, пеш орнату, қызмет ақысына дегендей 1 миллионға жуық қаржым кетті. Бұл деген халықты тонау ғой», дейді А.Молдажанов.
– Әкімдердің ауыл халқымен кездесулері кезінде бізге аудан әкімінің орынбасары келген болатын. Сол жиында ауыл халқының атынан осы мәселені айттым. Ол кісі менің аты-жөнімді де, ауылдың атын, мәселесін де жазып алған болатын. Бірақ не ауызша, не жазбаша ешқандай жауап болған жоқ, іс те орнынан қозғалмады.
Өз ауылымыздың әкімі де бұл мәселеге толықтай қанық. Бірақ қауқарсыз, ештеңе істей алмай отыр. Бәрі мердігерлерге байланысты дейді. Ал мердігер «Жолғай» фирмасы үш жылдан бері бірде бар, бірде жоқ. Әр тұсты бір қазады да кетеді. Сол қазылып, шұңқыр болып қалған жерлерге кішкентай балалар құлап, ойын балаларының өміріне қауіп туғызуда. Бір қызығы, ауылға толықтай газ берілді деп ақпарат таратады. Бірақ іс жүзінде мәселе осындай, – деген уәжін жеткізді.
– Мен өзім бастапқыда 450 мың теңге төледім. Соңынан анаусы-мынаусы деп жалпы 1 миллиондай ақша кетті. Бірақ былтыр көмір сатып алып жағып шықтым. «Қордай газдың» өзіне газға қосылуға рұқсатнамасы үшін 60 мыңдай төледім. Бірақ әне келеді, міне келеді деумен жылдар өтті. Өткенде келіп есептеу құрылғысын суретке түсіріп кеткен. Сөйтсем, артынша төлем түбіртегі келіп тұр, – дейді ауыл тұрғыны Абылайбек Ибраимов.
Жалпы, ауыл тұрғындарының бәрі де осы төңіректегі уәжін айтты. Ал мұндай мәселенің неліктен туындағанын, осыншама уақыт бойы ол неліктен шешілмей жатқанын сұрамақ ниетте жергілікті билікке қайырылдық. Ауқатты ауылдық округінің әкімі еңбек демалысында екен. Дегенмен орынбасары Айдын Асылбектің жауабын тыңдап көрдік.
– Бұл ауылда 209 түтін бар. Кеше мердігер компания «Жолғайдың» өкілдерімен сөйлескенде бір көшедегі 40 үйге газ кіріп тұрғанын айтты. Бергі беттегі жұмыстар бүгін басталады деген болатын. Сондай-ақ олардың толыққанды жауабын білу үшін осында, ауылға шақырған болатынбыз. Бірақ ешкім келмеді, оларды өзіміз де таппай жатырмыз. Елді мекеннің тек 16 пайызға жуығы көгілдір отынға қосылған. Ауылға толықтай газ кіргізілді деген біздің есепте жоқ. Ал тұрғындарға келген түбіртектің мәселесін халықтың өзі шешіп алуы керек. Ондай жағдай Ауқатты ауылында да болған еді. Ол «КазТрансГазАймақ» аудандық бөлімшесінің жіберген қателігі, – дейді ол.
Сұрастыра келе ауыл халқының мұнан өзге де айтар мәселесі шаш-етектен екенін білдік. Ең алдымен, тұрғындар тіршілік нәрі саналатын суға зәру. Ауызсу мәселесін аудандық мекемемен бірлесіп, тау суын құбыр арқылы тікелей тартып алып шешкен. Бірақ оның қысымы кейде төмендеп кетіп, сағаттап су күтіп қалатын кездері болады. Әлбетте, ол су ешқандай сүзгіден өтпейді. Таудан қандай құрамда келеді, елге солай жетеді. Бір қызығы, табиғаттың берген игілігі үшін ел аудандық су таратушы мекемеге ақы төлейді.
Жұрт егістік пен бау-бақшасы үшін де ағын суға мұқтаж. Ауыл іргесінде тұрған үлкен сайдың екі жағын биіктетіп, тоспа салып беруді билік басындағылардан өтініп келе жатқандарына да ондаған жылдардың жүзі болған. Бірақ бұл мәселе де ашық күйінде қалып отыр.
– Біздің су сұрап жүргенімізге қаншама жыл болды. Оны қалай тиімді шешудің жолын да ұсынып, көрсетіп отырмыз. Бірақ оған ешкім көңіл бөлмей келеді. Ауылға тартылған газдың да жайын көріп отырсыздар, жарым жартылай жасалған. Біз мұндай аяқсыз, тиянақсыз тірліктен әбден шаршадық. Неге десеңіз, газдан бөлек, жүргізілген жарықтандыру жүйесі де көшелердің соңына дейін жетпей, он шақты үй жетімнің күйін кешіп қалды. Төселген асфальт жол да дәл солай, толықтай бітпеді. Бұл жұмыстарға қаржы толықтай бөлініп, жұмыс соңына дейін аяқталды деп есеп беріледі ғой. Бірақ оны келіп тексеріп, елдің жайын көріп жатқан ешкім жоқ, – деген уәжін айтады ауыл ақсақалдары.
Тұрғындар сөзінің анық-қанығына көз жеткізу үшін тартылған газ жүйесін де, төселген асфальт жол мен жүргізілген жарықтың да барлығын аралап көрдік. Расында, бәрі тиянақсыз тірліктен хабар беріп тұр.
Ауыл халқы енді облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтен ғана үміт күтуде. «Ауылдың жағдайымен, елдің мәселесімен етене таныс азамат ретінде Нұржан Молдиярұлына көп үміт артып отырмыз. Ең болмаса газдың мәселесін бір жақты етіп берсе» деген өтініштерін жеткізді.
Маржан РАҚАЙ
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді