«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бекасыл кітап оқудан қатарластарынан озды

Бекасыл кітап оқудан қатарластарынан озды
ашық дереккөз
Бекасыл кітап оқудан қатарластарынан озды
Балалар жылы аясында Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Анаммен бірге кітап оқимын» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ел Үкіметі бекіткен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының шеңберінде ұйымдастырылған байқауға қатысуға 12 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерден 54 жұп өтінім түсіп, оның ішінен 10 жұп екінші кезеңге өткен.  Айта кетейік, шарт бойынша қатысушылар 3 ай ішінде 9 кітапты оқып бітірді. Бүлдіршіндер алғашқы айда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббатын» оқыса, екінші айда Дулат Исабековтің «Гауhартас», Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» және Оралхан Бөкейдің «Айпара ана» шығармаларына бойлады. Ал Камал Әлпейсованың, «Айтылмаған әңгіме», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», сондай-ақ Елен Әлімжанның «Анажар» романы байқаудың үшінші айында оқылған. Бұдан бөлек, сайыстың екінші кезеңінде қатысушылар бір тәуліктің ішінде 3 ай бойы оқыған әдеби шығармаларды қорытып, анасы баласына, баласы анасына сырласу хатын жазған. Жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауда қоғам қайраткері, жазушы-публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, республикалық «Egemen Kazakhstan» газетінің меншікті тілшісі Хамит Есаман, филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейсекүл Исматова, «Інжу-маржан» жас қаламгер қыздар кеңесінің төрайымы Ардақ Үсейінова, Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева және «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали қазылық етті. Жыл басынан бастау алған жарыстың нәтижесінде Бекасыл Есіркеп пен анасы Эльмира үздік деп танылып, шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың Алғыс хаты мен 150 мың теңгеге ие болды. Кәусар Қайыр мен Аружан Байрақым ІІ орыннан көрініп, 100 мың теңгені қанжығалады. Ал үздік үштікті Мерей Тұрсынбек пен Дина Маербек түйіндеп, 75 мың теңгені иемденді. Сондай-ақ «Зерделі» номинациясы бойынша Диас Болат, Лаура Мұрат, Ақжан Қалтай, Ернұр Қамбар және Қайрат Айханымға 20 мың теңге табыс етілді. Жарыс соңында келген қонақтар орталықтың бірінші қабатының фойесінде орналасқан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітаптар қалашығына саяхат» көрме-инсталляциясын және ұлттық киім үлгілерін бүгінгі заманға ыңғайлап киюдің бұқаралық сипатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Киелі кимешек» көрмесін тамашалады. Сонымен қатар бұл күні көпшілік назарына «Сырлы әлем» бейнелеу өнері үйірмесінің «Қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдары» көрмесі ұсынылды.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар