«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құлекеевтер әулеті

Құлекеевтер әулеті
ашық дереккөз
Құлекеевтер әулеті
Ата-бабаларының аманатына адалдық танытуға келгенде Құлекеевтердің ұялатындай жағдайы жоқ. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң көп жылдар өтпей жатып-ақ өздерінше батысқа еліктеген, қазақтың жас бизнесмен-банкирлері «нарықтық экономикаға толық көшу үшін ауыл шаруашылық жерлері міндетті түрде тауарға айналып, сатылу керек» деген бастама көтеріп, Президентке, Парламентке Ашық хат жазды. Содан кейін 1995 жылы Президенттің «Жер туралы» Жарлығы шықты. Оған «Жер тек мемлекет меншігінде ғана емес, жекеменшікте де болуы мүмкін» деген норма енгізілді. Соның негізінде 1998-1999 жылдары ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беру туралы заң жобалары әзірлене бастады. Бұған мал жайылымдары мен егіншілік жерлері де кірді. Жарлық шығысымен қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу, елім деп еңіреген азаматтары, ұлт зиялылары «жер сатылмасын» деп бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жазып, қарсылық көрсеткендері күні бүгінге дейін көз алдымда. Біз де өзімізше үн қостық. Әсіресе Шерхан Мұртазаның, Балғабек Қыдырбекұлының жанайқайы исі қазаққа әсер еткені анық. Жақында Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеулер институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің «Жерді сату кімдерге тиімді?» деген мақаласын оқып, жерді сақтап қалудағы Жақсыбек Құлекеевтің жанкешті еңбегін біліп риза болдым. Белгілі ғалым былай деп жазыпты: «Жер туралы» Жарлықтың негізінде 1999 жылы ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беретін нормалар қарастырылған заң жобасы Парламентке түсіп, ол 1-ші және 2-ші оқылымнан өтті. Ал ең шешуші 3-ші оқылымның алдында талқылаулар қыза түсті. Сол жылы бір күні маған ҚР Статистика агенттігінің экс-төрағасы Жақсыбек Құлекеев телефон шалды. Біз екеуміз жолдаспыз, «Нархозда» бірге мұғалім болып қызмет атқарғанбыз. Ол маған: «Үкіметте жерге жекеменшік енгізу мәселесі қаралғалы жатыр. Бұл – асығыс шаруа. Оның уақыты әлі келген жоқ қой. Оны өзің айтып та, жазып та жүрсің. Сондықтан біз екеуміз Үкіметке хат дайындайық», – деп ұсыныс жасады. Сонымен не керек, екеуміз сенбі, жексенбі күндері 22 беттік хат дайындадық. Дүйсенбі күні ол Астанаға ұшып кетті де, сейсенбі болған Үкіметтің отырысында негізгі баяндамашы болмаса да, Үкімет мүшесі ретінде ол бір сағат бойы қосымша баяндама жасайды. Сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев істің мән-жайын түсінген соң, оны өз кабинетіне шақырып алып, олар тағы екі сағат сөйлеседі. Сол кезде Балғымбаев: «Мен бұл заңның мүндай зардабы болатынын білмеппін», – деп айтады да, Түркияда демалып жатқан Президентке телефон шалып, бәрін түсіндіреді. Құлекеев қасында тыңдап отырады. Соңында Премьер Н.Назарбаевқа: «Мен заңды Парламенттен қайтарып аламын», – дейді. Ал апта соңында, яғни жұма күні «Казправда» газетінде Балғымбаевтың мәлімдемесі шығып, онда заңды қайтып алудың бес себебі түсіндіріледі. Осылайша, Құлекеев пен Балғымбаевтың азаматтығының арқасында ол заң жобасы кері қайтарылды. Әрине, ол кезде Жақсыбек жері үшін жасаған азаматтығының кейін қымбатқа түсетінін аңғарған жоқ. Кейіннен Білім және ғылым министрі болып жүрген кезінде сыныптарға ағылшын тілін оқыту жөніндегі бағдарламасы да алғашқы кезде халықтың қарсылығына тап болғанын да білеміз. Бірақ ағылшын тілінің қажеттілігін бүгін ғана сезініп отырғанымыз Жақсыбектің екінші ерлігі. Одан «Қазақстан Темір жолы ҰК» АҚ Президенті қызметін атқарды. «Аққа – Құдай жақ» деген, Жақсыбек бауырым толық ақталып абыройын қорғап қалды. Ол да ерлік! Түнеу күні Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев Жақсыбекті қабылдады дегенді естіп, тағы қуандық. Мына алма-ғайып заманда Жаңа Қазақстан үшін асыл азаматтың ақылы, кеңесі, білімі, біліктілігі керектігін түсінген Президентке ризамыз, әрине. Қош. Жақсыбек жайлы, оның ұлтжандылығы жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп қой. Оның бірі қазақ халқының саны 10 миллионнан асты, демек халқымыз және оның тілі сақталады деген болжамы да көкейімізге қонды. Таластық талантты журналшы Раушан Төленқызының Жақсыбектің суретшілік дарыны жайлы жазылған мақаласын оқып, таңғалғанымыз бар. Сирек талант иесінің спортшы екенін де білуші едік. Анда-санда жолыққанымда осынау биязы мінезді, жүзінен нұр төгілетін, көп сөзге жоқ азаматтың бойында мұншама бұлқыған күштер тегінен дарыған-ау деп ойлайсың. Енді атасы Құлекеңнің зор адам болғанына иланасың. Құлекеңнің Әбдірәсілінен тараған ұрпақтары «сен тұр мен атайын» дейтіндей атпал азаматтар. Олар ойларын ашық айтады. Қайтпас, қайсарлықтары тірліктерінен танылып жатады. Өжеттіктері өздеріне жарасады. Жас шағынан алып қарағанда Батырбек Әбдірәсілұлы Жақсыбектен 1 жас үлкен. Мені Жақсыбектен кейін әңгімеледі деп өкпелей қоймас. Жөн-жобаны, ата-баба салт-дәстүрін Батырбектен артық білетіндер некен-саяқ екендігіне көзім жетеді. Бұрын сырттай білуші ем, онымен жақынырақ араласуым 1999 жылы наурыз айында басталды. Ауданның әкімі Мұхаммеджан Абауов қызметтен кетіп орнына Батекең келді. Мен аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы едім. Батекеңнің ауданға қиын-қыстау кезеңде келгені ойымызда. Елімізде оның ішінде ауданымызда да жекешелендірудің жетесіз желі соғып, фабрика-зауыттар жабылып, я банкротқа ұшырап, совхоздар таратылып, мал-мүліктер ту-талапайға түсіп, жұрт жарытып жалақы ала алмай, кеншілер ереуілдеп көшені бермей, Құдайдың тегін саналатын ауыз-суы жетпей, қалада жылу мен жарық бірде бар, бірде жоқ, ауылдарда жарық сағаттап берілетін зар-заманда әкім боп істеді ол. Енді рет-ретімен баяндайын. Қалаға көшіп келгенімізге екі жыл болғанына қарамастан не жарыққа, не суға жарымадық. Күндердің күнінде қараңғылығымыз жарыққа айналды. Тіпті көшелердегі бағдаршамдар іске қосылды. Орталық көшелердегі бағаналарға жарық лампалар қойылды. Сөйтсек оның жайы былай екен. Батырбекпен қоян-қолтық қызмет атқарған «Игілік» кәсіпорнының басшысы Рәшид Сейдалиев сол қиын кезеңді былай деп еске алады: (Ол да қазір құрметті зейнетке шықты) 1999 жылдың соңында мені «Қаратау- Жылу» мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметіне тағайындады. Алғашқы кезде баруға келісімімді бермей жүрдім. Өйткені кәсіпорынның экономикалық жағдайының өте ауыр екенін білетінмін. Батекеңнің қандай құдіреті бар екенін қайдам мені көндірді. «Мекемені сен ғана банкроттықтан алып шығасың» деп арқамнан қақты. Жауапкершілік алған соң жатыпішер заман қайда, кірісіп кеттім. Мекеменің жалақыдан бастап салыққа, электр жарығына, басқалай қарыздары шашетектен болып шықты. Бір ғана электр жарығын тұтынғанымыз үшін 200 миллион теңге қарызымыз бар екен. Одан құтылудың жолын Батекең болып, біз болып іздестірдік. Іздеген адам жолын табатынын әкімнен үйрендік. Ол бізден мазут алатынымызды және табыс есебінен қосымша құн салығы естептелінетінін және оның дебиторлық қарыз ретінде есебімізде тұратынын естіп, осы қаражатты мекемеге пайдалануға бола ма, соны зерттеңдер деп тапсырма берді. Аудандық салық комитетіндегілерге айтсақ маңайлатпайды. Батекеңнің бір қасиеті бірнәрсені қолға алса түбіне жеткенше тынбайтынын сонда байқадым. Бізді облысқа жұмсады. Ол жақта шешілмеген соң Жоғары Сотқа шықтық. Не керек, қосымша құн салығымен мекеменің шығынын жабуға рұқсат алдық. Қазір есімде жоқ, Батекең Байзақ ауданына әкім болып кеткенше 8 жыл бойы қосымша құн салығы арқылы облыстық «Жамбыл-Энерго» мекемесімен келісімшартқа отырып, қарыздан құтылдық. Тіпті Мойынқұмнан бағаналарға ілінетін 500 дана аспалы электр шамдарын алдырып, оны қаладағы бағаналарға орнатып, ондаған көшелерді жарықтандыруға қол жеткіздік. Тап Батекеңнің тұсында жылу, ауыз су және кәріз су жүйелерін жаңғыртуды қолға алдық. Осының барлығының басында Батекеңнің тұрғанын айтқаным дұрыс шығар. Тағы бір байқағаным, оның жоғарыдағылармен тіл табыса алатын мәмілегерлігі жүдә керемет. Бәлкім бауыры Жақсыбектің де көмегі тиіп жатқан шығар, оған еш күмәнім жоқ. Бірақ Батырбек Әбдірәсілұлының әйтеуір істің ығын, тіпті сараң-қытымырдың да тілін табатын әкім болып шықты. Оған мен де куәмін. Тап сол жылдары мемлекеттен берілетін жәрдемақының салмағы аудандық бюджетке түсті. Қала мен елді мекендерді қосқанда балаларға берілетін жәрдемақы көлемі 500 миллион теңгеге жетіп жығылатын. Ал жергілікті бюджеттің оған шамасы мүлдем келмейтін. Оны түсінетін жан да некен-саяқ қой. Аудандық әкімдікті жағалап көпбалалы аналар қаржы бөлімінің қызметкерлерінің мазасын алады. Ал олар саусақтарын шошайтып, аудан әкіміне жұмсайтын. Бір күні Батырбек Құлекеевтің орталық алаңға 200-ге жуық көпбалалы және жалғызбасты аналарды әлгілердің көшбасшыларына айтып, жинап, ашық әңгіме өткізгенін көрдік. Ол әрекеті осы күнгі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дейтін қағидаға сай келеді. Әкім әлгілердің жанайқайына құлақ асты, сөздерін бөлмеді. Тыңдап тұрса олардыкі де жөн. Күйеулері жұмыссыз, жалақы таппаған соң отбасында қандай береке болмақ? Шынында да ойлап қарасам, өте қиын-қыстау кез екен ол. Сонда Батырбек қайтті, әбден ақылдасып барып кейін «Таластың тауарлы несиесі» деген жобаны ойлап тапты. Әр отбасына 50 бас тоқтыдан кеңшардан бергізіп, тоқты алғандар бір жыл сыйақы төлеуден босатылып, екінші жылдан бастап әлгі тоқтылардың құны арқылы салыққа нақты ақшамен есеп айырысуды өмірге әкелді. Тіпті жәрдемақысы қордаланған отбасына да 50 тоқтыдан беріп есеп айырысты. Сөйтіп Батекең «бір оқпен 3 қоянды атып алды». Біріншіден, кеңшарлар, шаруа қожалықтары салық алдындағы қарызынан құтылды, екіншіден, жүздеген отбасы жұмыспен қамтылды, үшіншіден, несие алғандар нақты теңгемен салығынан құтылып жергілікті бюджеттің табысы артты. Әлі есімде 3 жылдан соң тауарлы несие алғандардың саны 200-ге жуықтап, олар малдарын өз төл есебінен көбейтіп, 3 жылдың ішінде мал басы қосымша 100 мың бас қоймен толықты. Әрі кеңшарлар қолдағы бар техникаларын сақтап қалды. Білуімше «Таластың тауарлы несиесі» жобасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде қабыл алынып, өзі оның авторы атанды. Бүкіл Жамбыл облысы осы тәжірибені зерттеп, үйрене бастады. Өкінішке орай жоғары жақтағы кейбір шенеуніктер «Ойбай, бұл жоба салық тәртібін бұзады» деп байбалам салды. Осыдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов әр отбасының тұрмыс жағдайын жақсарту жөніндегі жобасын облысқа енгізді. Әр отбасына бизнес-жоспар жасатып, үш жылға нақты ақшалай бөлгізіп, оған мал алып, я болмаса егін егіп, есігінің алдындағы ауласын игеруге үндеді. Бажайлап қарасаң, бұл Батекеңнің баяғы тауарлы несиесіне дөп келеді. Тек айырмашылығы Таласта «тауар-ақша-тауар» айналымы жүзеге асса, Мырзахметовтікі «теңге-тауар-теңге» айналымына негізделген. Экономикалық категорияда мұның екеуі де мемлекетке еш зиян әкелмейді. Жақында Батырбек Құлекеевпен жолыққанымда ол осы тауарлы несие жобасы жайлы облыс әкіміне, Қазақстан Республикасы Үкіметіне хат жазып жібергенін айтты. «Қазақстанның мал өсіруге жайылымы жетеді, ал малды іштегі резервтен емес сыртқы мемлекеттерден әкелуге, сөйтіп Солтүстік облыстарда мал шаруашылығын дамытуға болады», дейді ол. Құлекеевтің бұл бастамасы бауыры Жақсыбектің идеясына дөп келетінін байқадым. Жақсыбек те ілгеріде жер үшін айқасқанда ішкі көші- қонды реттеп алу үшін халық тығыз қоныстанған, жұмыссыздары көп Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан тұрғындарды Солтүстік облыстарға жүйелі түрде көшіріп апарып, жерді жекешелендіруге кірісу керек деп Үкіметке ұсыныс жасаған. Жобаның түпкі мақсаты Солтүстік өңірді қазақыландыру еді. Өкінішке орай, осы саясат әлі де актуалды күйде қалып отыр. «Қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы мәселені мемлекеттік тұрғыда шешуге ұмтылып отырғанын білемін» дейді Батекең, сондықтан Үкімет көші-қон мәселесін жедел шешу керек деп санаймын. Керек болса Оңтүстік облыстардан ғана емес Моңғолиядан, Қытайдан, тіпті Ресейдің өзінен қандастарды көшіріп әкеліп, қоныстандырып жерге қайтадан реформа жүргізу керек». Б.Құлекеев тағы былай дейді: Бірде облыс әкімі жер мәселесі жөнінде жиын өткізді. Облыс басшысы: «Кімде-кім жер сатуға қарсы болса жиналысқа қатыспай-ақ шығып кетсін», деді. Мен әлгі сөзден кейін шығып кеттім. Жиналыс біткен соң әкім мені шақырып: «Құлекеев, үкіметтің саясатына қарсы келетін сен кімсің?» – деді ашуға булығып, мен де өз әрекетіме сай жауабымды әзірлеп барғанмын: «Өзіңіз жерді сатуға қарсы адамдар шығып кетсін деген жоқсыз ба?» – дедім қаймықпай. Әкім өзінің артық кеткенін сезді ме әңгімеміз сонымен доғарылды. Жер мәселесіне келгенде «ақ» және «қызыл» деп бөлінуге болмайды. Жер ең алдымен қазақтікі, одан айырылсақ қазақ кімге керек! Ауыл жайлы әңгіме еткенімізде Батырбек күйініп кетеді. «Өзіңіз білесіз, әкім болып жүргенімде мал басын өсіріп, техника сатуды тоқтаттым. Содан бері не өзгерді? Бірен-сараң шаруа қожалықтары болмаса ауылдағылардың қолы қысқа. Мысалы, Бостандық ауылында егін оратын бір комбайн жоқ. Судың жағдайы анандай. Реформа жасағанымызға 30 жыл болды. Ауыл шаруашылығын жекешелендіреміз деп қолдағы бардан айырылып, қазір сақалымызды сипап отырмыз. «Не техникасы жоқ, не қаржысы жоқ, суы мардымсыз ауыл халқын шамалап субсидия беріп алдартқанды кою керек. Маған салса баяғы қабылдаған заңдарды қайта қарау керек деп санаймын» деп салды. Оның жанайқайын мен де түсінемін. «Көсегенің көк жоны» деп аталатын Қаратаудың жотасында 10 мың гектарға жуық телімі егіс алқабы болды. Табиғаттың күшімен жұрт егін егіп, ризығын табатын. Сол өңірдегі шаруалар астық комбайндарының жоқтығынан жерлерін Жуалы және Сарысу аудандарының шаруаларына жалға беріп, солардан алған 5-10 теңгені қанағат тұтып отыр», дедім. Айналып келгенде, қағаз жүзінде өкіртіп мал өсіріп, тонналап астық алып жатқан бүгінгі ауданның жай-күйі аянышты, әрине. Батекеңнің туған жерге жасаған тағы бір ерлігін айтайын. Әкім болып тағайындалысымен ел алдына шығып есеп беруге кірісіп кетті. Бірде Ойық ауылына бардық. Жиналыс басталғанша уақыт барын ескеріп, басшымыз аудан әкімінің бірінші орынбасары Балтабай Бекежановты, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Қалдыбай Тұрмановты, аудандық мал дәрігерлік бөлімінің бастығы Олжас Көкейтегін және мені қасына ертіп, Мойынқұмға аттанып кеттік. Жолай түсінгеніміз, ауылдан 18 шақырым жердегі «Амангелді» деп аталатын жердегі газ ұңғымасын көзімен көру екен. Оның алдында ғана бұл ұңғыманы Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Амалбек Тшанов келіп көріпті де «Оны әзір игеруге болмайды» деген әңгімеге тоқтап кеткен көрінеді. Кейін біліп жатырмыз ғой ол жерді иеленіп кеннің қызығын көремін деген жоғары шенділер де бар көрінеді. Батырбектің өзі кенші ғой. Әрі тәуекелдің адамы. Облыстағы геологтармен ақылдасады. Алматыға, Астанаға шығады. Олардың көбісі Батекеңнің идеясын қолдайды. Не керек, 2000 жылдары Б.Құлекеев «Амангелді» газ кенін игеру жөнінде Үкімет алдында мәселе қоя бастады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов сияқты ағаларын алға салды. Жақсыбегі тағы бар. Марқұм, талантты журналист Мақұлбек Рысдәулет республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істейтін. Ол газетке «Амангелді» газ кенінің проблемасын көтеріп, көлемді мақала жазды. Тап сол жылдары «өз ағамыз» Өзбекстан көгілдір газын бұлдап қыстың қытымыр кезінде құбырды жауып, Қазақстанды қан қақсатты. «Іздегенге сұраған» дегендей оңтүстік өңірді қыспақтан құтқару үшін «Амангелді» газ кенін игерудің қажеттігін алға тартқан Үкімет Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты көндірді. Көп ұзамай қытайлықтар инвестиция салуға Таласқа келді. 2003 жылдың ақпан айында олар «Амангелді» газ кенішінің ұңғымасынан көгілдір отын шығарып, бөркімізді аспанға аттық. Кеніштің маңайына үйлер тігіліп, ақ сарбас шалынып, Талас қана емес бүкіл облыс болып тойлап тастадық. Көгілдір отынның алғашқы қызығын Талас емес көршілес аудандар көрді. Біз оның дәмін алғаш рет 2008 жылы татқанымызды айта кетейік. «Ел құлағы елу» деген, ғой, бір білгіштерден «Амангелді» газ кенінің қоры әрі кетсе 20 жылға жетеді» екен дегенді де естідік. Міне, содан бері сынаптай сырғып 20 жыл да өте шықты. Сол маңайдан өзге де ұңғымалар қазылып газдың қосымша қорлары табылып жатқанына іштей қуанамыз. Егер Құлекеевтің тәуекелі болмағанда таластықтар құм ішіндегі сексеуілді құртып, баялышты тауысып, қойдың тезегін жағып отырар ма еді, кім білсін?! 2002 жылы Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың 100 жылдығы Таласта ғана атап өтілді. Мұндай тәуекелге 1992 жылы Талас ауданының әкімі Ералы Дадабаев басын тіккен. Енді, міне, 10 жылдан кейін Батекең Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің келісімін алып ауданның әкімшілік орталығы Аққөл ауылына Ұлы тұлғаның еңселі ескерткішін орнатуға ұйытқы болып қана қоймай 120 үй тіккізіп, ұлан-асыр той жасап берді. Республикалық дәрежеде ақындар айтысын өткізді. Палуандар күресін ұйымдастырды. Ішінде жүрміз ғой, республикадан, облыстан әншейінде сөйлегенде алдына жан салмайтын, жүргенде жерді ойып жіберетіндей дөкей шенеуніктер төбелерін көрсетпеді. Осы көрініс 2012 жылы Димекеңнің 100 жылдығы аталып өтілгенде де айнымай қайталанды. Таққа мінгендердің ішінен тойға Жуалы ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген Батырбек ең алдымен жетті. Енді, міне, Қонаевтың 110 жылдығы тойланатын тұста оның ескерткішін Тараз қаласына орнатуға мұрындық болып жүрген де – Батырбек Әбдірәсілұлы. Батырбек жерінің ғана емес, елінің қамын ойлайтын ұлтжанды азамат. Оған 2022 жылдың «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі әрекеті айғақ. Тараз қаласында жастардың толқуы өткенде, олардың бетін қайтару үшін қасқая қарап тұрғандардың бірі де – Батырбек Әбдірәсілұлы. «Өрімдей қазақтың жігіттері басында бейбіт шеруге шығып, арандатушыларға сеніп қаланың ойранын шығарады деп кім ойлаған? Облыс басшысы бастап, зиялылар қауымы бар, ардагерлердің көшбасшылары бар, мен бар, ашынған топтың алдына шығып: «Ашуға берілмеңдер, қарақтарым! Бәрін бейбіт жолмен шешейік» деп ақылға шақырдық. Өзіміздің бауырларымыз, тіпті ортасына кіріп кеттім. Ашулы топ кімді аясын. Қолы жеткені арқамыздан түйгіштеп қояды. Мен болсам ішімнен «босқа қырылып қаласыңдар-ау» деп қиналамын. Өзіңіз білесіз, қаңтар оқиғасында оңы мен солын ажырата алмаған қаншама боздақ оққа ұшты. Нешемесі түрмеге түсті. Кім, не ұтты? Босқа күйіп кетті. Қазір соны еске алсам жүрегім қан жылайды. Қазақтың қара домалақ балаларының жапа шеккеніне тасбауырдың ғана жаны ашымас. Соларды осындай күйге жеткізген жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселенің ширығуы ғой деп ойлаймын. Кінәні олардан да іздемей, биліктегілер өздерінен де іздесе жөн сияқты» деп ашынады. Қоғамдағы ілік пен шірікті біз айқайлап айта алмай жүргенде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін ашық айтты. Көзімізді ашты. Жаңа Қазақстан орнатуға бекем бел буатынын мәлім етті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Батырбек інімнің Таласқа сіңген талай игі істерін тізе берсем таусылмас еді. Ағайынды Құлекеевтердің өздерінің туған ауылы Талаптыны көркейтуге қосқан үлесі өз алдына бір әңгіме. Талапты ауылының халқы көгілдір отынды ауданда алғашқылардың бірі болып тұтынды. Ауыз су жүйесі тартылды. Ағайындылар ауылдағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп берді. Ең алғашқы болып Бокс мектебі мен футбол алаңын да соққан Құлекеевтер. Қазір кеудесіне нан піскен, ауылдан шыққан байлар мен байшыкештер жыртылып айырылады. Арасында мешіт соғып абыройға ие болғандар да бар. Бірақ, тап Құлекеевтер сияқты ауылын түлеткендер некен- саяқ. Өткен жылы Тұрымқұл ауылының тумалары Құлекеевтер сияқты кішкентай ауылына көмек қолдарын созып, үлкен тірліктер тындырды. Осындай жерін сүйген, елін ұлықтаған азаматтар қатары көбейе берсе екен деп тілеймін, әрине. Құлекеевтер әулетінен шыққан Сәрсен, Болат сияқты азаматтар жайлы да ұзақ әңгіме айтуға болады. Әсіресе Болаттың қазақтың бір туар ұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев 1993 жылы тамыз айында қайтыс болғанда Таластан Ералы Дадабаев басқарған топ құрамында болып, Таластың бір уыс топырағын шүберекке түйіп алып барып, таластықтардың атынан қабірге салудағы тапқырлығы нағыз ер жігіттің тірлігі. Кеңсайдағы Димекең жатқан зиратта Таластың топырағы да сіңіп жатыр деген осы. Ал тау қозғалса да мыңқ демейтін Сәрсен Әбдірахметұлы Құлекеев нағыз нар қасқаның өзі. Ауылдағы бауырларын да танушы едім. Таяуда ғана Бостандық ауылында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек тұрғындармен кездесу жиынын өткізді. Жиын үстінде жер туралы, ағын су жайлы әңгімелер өрбіді. Ауыл ақсақалдары мал жайылатын жайылымдықтың тарлығын айтып шуласты. Көптеген жер иелері ауылдың маңындағы жайылымға мал жайғызбайтын көрінеді. Сол тұста су мұрабы болып істейтін Мұрат Құлекеев орнынан тұрып: «Ей, ағайын, сіздердің айтып отырған жайылымдықтарыңыз менің 50 гектар жерім болса, мал жаюға рұқсатымды бердім» демесі бар ма. Ауыл халқы: «Ой, айналайын, өркенің өссін, бақытты бол» деп шуласты. Біз отырмыз: «Құлекеевтер әулеті елі үшін жүрегін суырып беруге әзір» деп. Жарықтық, олардың ұлы бабалары да, әсіресе Құлеке ашаршылық жылдары ағайындарын ажалдан арашалап, диірменінен ұн тартып, жан-жағына көмектескен жан. Содан ба, бұл Талапты ауылын әңгіме еткен жұрт бұл ауылды «Құлекенің ауылы» деп атайды. Міне, атасын, анасын сыйлаған ұрпақ әулетімен мың жасайтынын Құлекеевтер әулетінен көріп отырмыз, құрметті оқырман.

 Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар