Бұл өзгерістер кәсіпкерлерге оң ықпалын тигізеді
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз бизнеске және азаматтардың жасампаздық белсенділігіне арқа сүйейміз, кәсіпкерлерді мемлекеттің шектен тыс «қамқорлығынан» құтқарамыз. Азаматтардың жетістіктерінің өлшемі адал еңбек, сыбайлас жемқорлықсыз және фаворитизмсіз ашық бәсекелестік болады. Кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз етіп, қолайлы инвестициялық ахуал жасай отырып, біз өз аяғымызда нық тұрған Ұлттық буржуазиямызды қалыптастырамыз» деген сөзін жүзеге асыруды басты бағыт етіп ұстанған қауымдастық бірқатар міндеттер жүктелген. Олардың қатарында қауымдастық мүшелерінің мемлекеттік органдарда, оның ішінде Үкіметте, Парламентте, сондай-ақ соттарда, өзге де мемлекеттік ұйымдарда, халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде өкілдік ету, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызмет бар. Сондай-ақ қолданыстағы құқықтық базаны талдау және қазақстандық заңнаманы жетілдіру бойынша есептер, ұсынымдар дайындау, Қазақстан этностарының тарихи шығу елдерінен шетелдік инвестицияларды, технологиялар мен инновацияларды тарту, Мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде конкурстарға қатысу үшін қауымдастық мүшелеріне, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету, кеңес беру, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізу, ҚР заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлері бар.
Жиынға қатысқан облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Дамир Досалянов мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдаулар мен өз кәсібін ашамын деуші азаматтарға арналған мүмкіндіктерді баяндады.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көптеген қолдаулар жасалып жатыр. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы күшін жойып, оның орнына ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызметтер атқарылатын болады. Ол несиелендіру, кепілдік беру, арнайы гранттар бөлу сынды бірнеше бағыттан тұрады. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды өзге де бағдарламалар бар. Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың ең негізгі тетігінің бірі – субсидиялау. Оның шекті сомасы 3,5 миллиард теңгеге дейін. Қызметін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 85, ал бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарға 50 пайызға дейін мемлекет кепілдік береді. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысанын салып жатқан азаматтар сол ғимараттың инфрақұрылым жүйесін жүргізуі үшін кәсіпкерлік басқармасына жүгінуіне болады. Яғни мемлекет тарапынан оған да көмек бар.
Кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтар болса мемлекет тарапынан 5 миллионға дейін қайтарымсыз грант бөлінетінін де айта кетейін. Ол гранттар бізде конкурстық негізде өтеді. Бүгінгі таңда осы бағытқа 21 миллион теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен де қосымша қаржы сұратып отырмыз, – дейді Д.Досалянов.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының Президенті Қайрат Айтбай бұл жеңілдіктер мен қолдаулардың бәрі қуантатынын, бірақ соларды азаматтар алуы үшін көптеген бюрократиялық кедергілерге тап болатынын, сондықтан оны алу жолдарын мейлінше жеңілдету керектігін айтады. Ол сондай-ақ кәсіпкерлер бас қосқан жиында 5 маусым күні болатын референдум төңірегінде сөз қозғады.
– Біз ел Конституциясына түзетулер жобасы бойынша республикалық референдум өткізудің тарихи оқиғасы қарсаңында кездесіп отырмыз. Конституциялық реформа Президенттің 2019 жылдан бергі барлық саяси реформаларының қисынды жалғасы болып табылады. Бұл өзгерістердің ел кәсіпкерлеріне де тигізер оң ықпалы мол болады деп сенеміз, – деді Қайрат Орынбайұлы.
Жиын еркін форматта, пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылғандықтан, онда өңірдің бизнес өкілдері өздері кездесіп отырған көптеген кедергілерді, туындаған мәселелерін талқылап, шешу жолын қарастырды. Ортақ мәміленің шешімін атқарушы билікке, тиісті органдарға жеткізу қажеттігі айтылды.
Маржан РАҚАЙ
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді