«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

8 мың балаға 81 курс бойынша қосымша білім береді

8 мың балаға 81 курс бойынша қосымша білім береді
ашық дереккөз
8 мың балаға 81 курс бойынша қосымша білім береді
Тараз қаласында мектептен тыс уақытта балалардың үйірме жұмысын үйлестіретін «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы ашылды. Құрылысы былтыр басталған ғимарат «Балалар күні» қарсаңында ашылып отыр. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мектептен тыс оқу ордасында 8 мың бала 81 курс бойынша қосымша білім ала алады. Осынау білім ордасының ашылу салтанатына облыс əкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.  width=  Аймақ басшысы алдымен ғимараттың кіреберіс фойесіне қойылған облыс оқушыларының ғылыми жобаларымен танысты. Əрине, оқушылар мен олардың жетекшілері қиялынан туған жобалардың ішінде таңдай қақтырарлық туындылар да жоқ емес. Әсіресе болашақтың энергиясы, туризм мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ғылыми жобалар әкімді де бейжай қалдырмағаны анық. Жобаның жай-жапсарын сұраған облыс әкімі оны өндіріске енгізу жағын да қарастыру керек деп түйді. Сондай-ақ скрипкашы қыздардың орындауындағы тамаша шығарма да келушілерін сазды әуенімен бірден баурап алды. Әрбір ғылыми жобамен жеке дара танысып шыққан аймақ басшысы ғылымға ден қойған жастарға таудай талап пен сəттілік тіледі. Облыс əкімі жоғары технологиялық тұрғыда жабдықталған корпустың оқу бөлмелерін аралап, тамашалап шықты. Əсіресе аймақ басшысына мұндағы кеме, ұшақ жəне космостық модульдік кабинеттердің жұмысы қатты әсер етті. Оқушы мен оқытушы құрамның ой-пікірін тыңдап, кейбір құралдарды сынақтан өткізіп те көрді.  width= Іс-шараның негізгі бөлігі акт залында ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасының мектептен тыс ұйымдарының бейіні бойынша педагогтер мен мамандардың республикалық құрылымдалған диалогы» алаңында «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан іске асыруға дейін» бағдары тақырыбы аясында өрбіді. Бұл шараға Ресей мемлекеті мен еліміздің түкпір-түкпірінен, сонымен қатар облыс педагогтері шақырылған. Онда алдымен «Балаларға қосымша білім беру туралы» бейнеролик көрсетілді. Диалог алаңын облыс əкімі Нұржан Нұржігітов ашып, аймақтың білім беру саласындағы соңғы жеткен ғылыми жетістіктерін мақтанышпен баян етті. – Қарап отырсақ, облыста білім саласын дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылыпты. Соның бірі – бүгінгі Тараз қаласында ашылып отырған жаңа Оқушылар сарайы. Мұнда 8 мың бала 81 қосымша үйірмеге қатысып, заманның озық технологияларымен білімін жетілдіре алады. Оларға білімді, білікті педагогтер дәріс береді. Осылайша біз еліміздің болашақ жастарының жақсы білім алуына инвестиция сала отырып, олар алдағы уақытта Отанымыздың дамуы үшін қызмет ететін болады деп сенім артамыз.  width= Өздеріңіз жақсы білесіздер, биылғы жылды Президентіміз Балалар жылы деп жариялады. Мына ғимараттың Балалар күні қарсаңында ашылып отырғаны да жайдан-жай емес. Яғни, бүгін бұл орталықта мектептен тыс үйірмелердің тарихы басталған күн, – дей келіп, аймақ басшысы орталыққа артылған сенімнің зор екеніне тоқталды. Осыдан кейін баяндама жасау үшін құттықтау сөз ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» директоры, министрдің кеңесшісі Раиса Шерге берілді. Шежірелі Тараз қаласының тарихына тоқталған ол: «Балалар күні қарсаңында Жамбыл облысында үлкен іс-шара өтуде. Бұл Балалар жылында балаларға тартылған үлкен сыйлық болды. Осы мерекенің осы дата қарсаңында жаңа ғимаратта өтуінің өзі облыс басшыларының көрегендігін танытады. Бұл ғимарат мұнда білім алған оқушылардың ғана емес педагогтердің де сүйікті жұмыс орнына айналады деген сенімім мол», – деп ыстық лебізін жеткізді. Сонымен қатар білім саласындағы мектептен тыс үйірмелердің маңызы, білім сапасын көтеру мен робототехнологияны дамытудың бағдары, Жаңа Қазақстанды дамытуда жастардың қосар үлесі туралы сөз қозғады. Кеш қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Нью-Йорктегі джаз қауымдастығының мүшесі, «Бірінші скрипка Монте Карло 2006» премиясының лауреаты Жамиля Серкебаева сөз алып, Таразға келгендегі әсерімен бөліскен еді. – Тараз қаласы қатты өзгеріп кетіпті. Жаңа салынған ғимараттар да көп. Мына Оқушылар сарайы да мені таң-тамаша қалдырды. Қаланы аралап жүріп мұнда оркестр мектебінің барын көрдім. Алматы қаласында жоқ мектептің сіздердің қалада бой көтеруі өнерге деген құрметтеріңіз деп білемін. Біз балаларымыздың өнерлі болуы үшін мүмкіндік жасауымыз қажет. Олардың ән салуы, би билеуі, ғылыммен айналысуына мүмкіндік жасағанымыз жақсы. Қазіргі қиын уақытта біздің болашағымыз балаларға жасалып жатқан игіліктер қуантады. Бір айтарым, біліммен қатар күшті мәдениетті көтеруге жұмылдырғанымыз абзал. Өйткені білім, технология, даму мәдениетпен сабақтасып жатыр. Мәдениет болмаса жоғары өсу болмайды», – деген ол алдағы уақытта Тараз қаласына жеке концертін беруге келетіндігін айтты. Сөйтіп, өз шығармашылығынан бір-екі туындыны орындап берді. Сондай-ақ кеш қонағы, Ресей Федерациясы Челябі қаласындағы «Кванториум» технопаркінің басшысы Иван Шмидт «Балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуды басқарудың тиімді ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру» тақырыбында баяндады. Ол өз өңіріндегі мектептен тыс уақытта балалардың шығармашылығын қалай ұйымдастырып жатқан амал-тəсілімен бөлісті. Аймақ басшысы ресейлік ғалымға шақыртуымызды қабыл алып, өз ой-пікірімен бөліскені үшін облыс педагогтері атынан рақметін жеткізді. Сонымен қатар диалог алаңында «R4 Technology & Research Center» білім беру-зерттеу орталығының директоры Айдын Түсіпжанов «Жаңа форматтағы технологиялық білім беру кеңістігі» туралы айтса, алматылық «Lakeview school Almaty» директоры Гүлнəр Карамендинова «Жалпы орта және қосымша білім беруді интеграциялаудың оң аспектілері» туралы ойларын ортаға салды. Ол Жамбыл облысы оқушыларының білім жарыстарында жоғары нəтиже көрсетіп жүргеніне ерекше тоқталды. «Мен Тараз қаласындағы №40 орта мектеп оқушыларының жетістігін ерекше атап өткім келеді. Олар өткен білім бəйгесінде жақсы нəтиже көрсетті. Биыл Алматыда өткен халықаралық байқауда Тараздың 21 оқушысы робототехника саласы бойынша жүлдегер атанды. Сөйтіп төрт республикадан қатысқан оқушылар арасынан Жамбыл жерінің оқушылары білімділіктерін танытты», деп атап өтті. Ал Тараз сервис және технология колледжінің түлегі, өндірістік оқыту шебері, WorldSkills республикалық чемпионатының жүлдегері, «Студенттік өнімді сататын дүкен» жобасының авторы Бағлан Жақсыбеков «Мектеп және студенттік техно-кәсіпкерліктің даму болашағы», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті, республикалық «100 топ студент» жобасының жеңімпазы Азамат Намелбек «Менің болашағым – менің таңдауым» тақырыбындағы ой-пікірлерімен бөлісіп, аймақ жастарының білім мен ғылымға шындап ден қойғанын көрсетті. «Əулиеата – республикамыздағы ең білімді жастар шоғырланған өңір. Біздің жастар алдағы уақытта да білім биігінде болады» дейді олар. Сөйтіп, диалог алаңына қатысып отырған аймақ педагогтерін 5 маусым күні өтетін референдумға бір кісідей қатысуға щақырды. «Жастардың жалынды сөзі бойымызға рух құйғандай болды. Осындай білімді жастарымыз көп болсын! Педагогтеріміздің осындай шәкірттері көп болып, туымыз биіктей берсін. Жаңа Қазақстанның көрінісі біздің жастар деп ойлаймын», – дей келіп, Нұржан Нұржігітов диалог алаңындағы пікір-сайысты қорытындылады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар