«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаламы ақсұңқардың қияғындай...

Қаламы ақсұңқардың қияғындай...
ашық дереккөз
Қаламы ақсұңқардың қияғындай...
Сарысу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жаңатас қаласындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, жазушы, сазгер Әкім Ысқақтың шығармашылығына арқау болған «Қаламы ақсұңқардың қияғындай» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Конференцияға танымал жазушы, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Qazaqstan» РТРК облыстық филиалының директоры Мейіржан Әлібекұлы және басқа да бірқатар азаматтар қатысты. Ғылыми кеңес пен керемет кештің ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев сөз алып, осынау шараның Сарысу жерінде өтуі дәстүрдің жарасымды жалғасы екенін жеткізді. – Шежірелі Сарысу өңірі – киелі өнердің мекені. Сондықтан ақын ағаның шығармашылық кеші, өнер дәстүріміздің жарасымды жалғасы деп білеміз. Әкім ағаның өмір жолы еңбек сүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленген. Бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде, Президент әкімшілігінде лауазымды қызметтерде жүріп, елге, жерге аянбай еңбек етті. Парламент қабырғасында тұңғыш қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» Заңын жазған депутат ретінде тарихта аты қалған азамат. Бүгінде қандастарымыздың Отанға оралуы да, олардың жәрдемақы мен баспана алуы да осы заңмен іске асып келеді. Еліңіз үшін еңбек ете беріңіз. Қарымды қаламыңыздан туған туындылар көп болсын, – деген аудан басшысы кеш иесіне құрмет көрсетіп, иығына зерделі шапан жапты. Конференция барысында Пернебай Дүйсенбин мен Үміт Битенова ақын Әкім Әбдіқайымұлына Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілсін деген ұсыныстарын жеткізді. Бұл күні, сондай-ақ Әкім Ысқақтың шығармашылығы мен саналы ғұмырына арқау болған Көпен Әмірбектің «Алтын сандық» атты жаңа жинағының тұсаукесері өтті. Айта кетейік, Әкім Ысқақ тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының авторы, «Құрмет» орденінің иегері. 70-тен аса ән мен 30-ға тарта кітаптың авторы. Олардың ішінде «Жүректегі жазулар» мен «Адам іздеп жүрмін» деген күнделік эсселері мектеп оқулықтарына енгізілген.

«Aq jol»-Aqparat».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар