«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Би жай қимыл ғана емес, теңдессіз өнер

Би жай қимыл ғана емес, теңдессіз өнер
ашық дереккөз
Би жай қимыл ғана емес, теңдессіз өнер
Мәдениет саласында қызмет етіп келе жатқаныма биыл 7 жылға жуықтапты. Осы жылдардағы жетістіктер мен тәжірибелерді жоққа шығаруға келмейді. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылдан бері К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблінің мүшесімін. Шын мәнінде, сахна сыртындағы қаншама еңбекті, өнерге деген махаббатты терең сезінуіме еңбек жолымның елеулі әсері болып жатыр. Өйткені би жай ғана қимыл емес, би теңдессіз өнер. Бидегі терең мағынаны би тілімен жүргізу үшін бишінің кәсібилігі, дарындылығы үлкен рөл атқарады. Дәл осындай деңгейдегі кәсібиліктің шыңына жету үшін де арнайы оқу орындарында оқу, білім алу сатысынан өту керек. Мәселен, күні кеше Өзбекстан Респуликасы, Хива қаласында өткен халықаралық «Лазги» би фестиваліне Қазақстанның атынан қатысып Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйіне қойылған «Аққу» биімен жүлделі I-орынды қанжығаға байладым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені қаншама мемлекеттің өкілі жиналған шарада «Аққу» биі арқылы еліміздің мәдениетін асқақтату мүмкіндігі миллиондаған адамдардың ішінде маған берілді. Бағасы биік бұл жетістік маған да жоғарыда атап өткенімдей, білім алу, тәжірибе жинау сатысымен келгендігін ерекше атап өткім келеді. Яғни осы уақытқа дейін 2018 жылы «Central Asian Dance Festival», «Astana 2018» фестивалінде АҚШ елінің хореографтарынан заманауи би шеберліктері бойынша сабақ алдым. АҚШ- тың ұйымдастыруымен өткен «Yes academy KZ» фестивалінде 2019-2020 жылдары біліктілігімді арттырған болатынмын. Әрине, мұның бәрі маған мәдениет саласының беріп жатқан үлкен мүмкіндіктер легі. Шын мәнінде, мәдениет және өнер саласы үлкен еңбек пен өнерге деген махаббатты талап ететін сала. Сол себепті сала мамандарының еңбегін ерекше бағалау маңызды деген пікірдемін.

Гүлнұр ҚАСЫМБЕК,

К.Әзірбаев атындағы облыстық

филармониясының «Ақкербез»

би ансамблінің мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар