«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмысты жүйелеуде басқармалардың өзара байланысы керек

Жұмысты жүйелеуде басқармалардың өзара байланысы керек
ашық дереккөз
Жұмысты жүйелеуде басқармалардың өзара байланысы керек
Жаймашуақ жаз айлары да аяқталуға жақын қалды. Алда қоңыр күз, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Қыстың қамын жазда ойлаған абзал. Облысымызда қысқы жылыту маусымына дайындық қалай? Жылыту қазандықтары мен жылыту құбырларының жай-күйі қандай? Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы және басқа да бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, дәл қазір облыс нысандарының жылыту маусымына жалпы дайындығы 59 пайызды құрайды. Нұржан Нұржігітов жұмыс жоспарына сәйкес, барлық дайындық іс-шараларын ағымдағы жылдың 10 қазанына дейін аяқтау қажеттігін, ал 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының 100 пайыз дайындығы қамтамасыз етілуі тиістігін ескертті. Жиында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошақтарын жою мәселесі де қаралды. Облысымыз бойынша жыл басынан бері сібір жарасына қарсы ауыл шаруашылығы жануарларынан 466 390 мүйізді ірі қара, 3 026 700 ұсақ мал, 134 600 жылқы, 9800 шошқа, 5090 түйе вакцинациялаудан өткен. 189 сібір жарасы ошағы көмінділерінің барлығы талаптарға сай бетондалып, қоршалып, «Қауіпті аймақ» тақтасы ілінген. Өкініштісі сол, сібір жарасы ауруына күдікті ретінде 11 адамнан сынама алынып, 5 адамнан қорытындысы оң нәтиже көрсеткен. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы атқарылып жатқан дезинфекциялық шараларды да тілге тиек етті. Алайда бүгінге дейін кене шаққан 18 адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына күдікті ретінде танылып, «Ұлттық сараптама орталығы» зерттеулерінің сараптама қорытындысымен 1 адамнан дерт анықталған. Осы мәселеге қатысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев те есеп берді. Атқарылған шаруадан бейжайлық байқаған облыс әкімі тиісті сала басшыларын сынға алды. – Статистикалық жалпы көрсеткіштеріңізге қарасам, бәрі жақсы. Онда бұл ауру қайдан шығып отыр? Сату орындарына ветеринариялық анықтамасыз шеттен малдардың келуіне кім кінәлі? Жеке тұлғалардың мал өнімдерін ветеринариялық мамандардың бақылауынсыз өңдеумен айналысуына неге тосқауыл қойылмайды? Неге залалсыздандыру жұмыстары сапалы әрі уақтылы ұйымдастырылмайды? Бұл ретте тиісті басқармалардың өзара байланысы, бірлескен жұмысының жоқтығын ашық айту керек. Жауаптыларға соңғы ескерту жасап, жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларының облысымыздағы орындалу барысына тоқталды. Оның айтуынша, арнайы әзірленген іс-шаралар жоспарының жобасы 7 бөліктен тұрады, онда 35 іс-шара қамтылған. Басқосуда коронавирустың алдын алу, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен кездесуін өткізу мәселелері де қаралды. Облыс әкімі барлық мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

 Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар