Сервистік әкімдіктің сергелдеңі
Бірнеше жыл бұрын қала, аудан әкімдігінің жанынан «Сервистік әкімдік» ашылғанда енді ел- жұрт мәселесін билікке жеткізіп, мемлекеттік қызмет алу үшін тиісті бөлімдерге табанынан таусылып барып, есік қағып, есі кетпейді деп жар салдық. Бұған әр деңгейдегі әкімдіктер бюджеттен қаржы қарап, сервистік әкімдіктің сәулетін бір үлгіде әрі талапқа сай жасап бақты. Осылайша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», еститін үкімет, тек еститін емес, қоғаммен диалог орнатып, қордаланған мәселені қалт жібермей әділ шешім шығаратын үкімет құру бағытында біршама жұмыстар қолға алынғаны есте. Қазірде Egov сайтында мемлекеттік қызметтерді еркін, үйден шықпай-ақ алатындар көбейген десек те, электрондық үкіметтің бар-жоғынан бейхабар егде жастағылар да кездеседі. Сондықтан аудандарда құрылған әкімдіктердің сервистік офистері мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн алуға келген азаматтарға барынша жәрдемдесуі керек-ақ. Ондағы мамандар да мемлекеттік қызметшінің этикасынан аттамай, азаматтарды жылы қарсы алып, тиісті көмегін көрсетіп, жөн сілтесе құба-құп. Әкімдікке қайырылған ағайын шаруасын бір жерден реттеп, сауалына мардымды жауап алып жатса нұр үстіне нұр емес пе?
Сонымен, 2019 жылдан бастап «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұсынысымен қала, аудандарда Сервистік әкімдіктер ашылған- ды. Бүгінде облыста 12 сервистік әкімдік жұмыс істеп тұр.
Нақтырақ айтсақ, аудандарда бір-бір кеңседен болса, Тараз қаласында екі сервистік әкімдік ашық. Мәселенің мәнісі түсініктірек болу үшін айтар болсақ, негізі сервистік әкімдіктен ел-жұрт мемлекеттік қызметтерді оңай алып, тиісті бөлімдерге өтініш қалдыра алады. Расында, бағыт-бағдары айқын жоба халық пен билік арасындағы алшақтықты едәуір жақындастырады дегенге көпшілік іштей сенді. Бірақ дәл қазір бірнеше бөлімді бір нысанға шоғырландырып, салтанатты түрде «жалаулатып» ашқан сервистік әкімдік жайында ауыз толтырып айтатын жаңалық та жоқ. Содан «Әділдік жолы» РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекшісі Назима Жұбандықовамен жүздесіп, сервистік әкімдіктердің жұмысын бақылауға шыққан едік.
Біз әуелі облыс орталығының Төле би көшесінде орналасқан әкімдіктің сервистік офисіне аялдадық. Ішке беттегеніміз сол-ақ екен, ашықтық қағидатын сақтап, мемлекеттік қызметтерді мінсіз көрсететін әкімдіктен көңіліміз су сепкендей басылды. Ғимараттың кіреберіс дәлізінде қабырғасы әйнекпен бөлінген кабинетте толған құжаттарды байқамау мүмкін емес. Әсілі, сол оқшауланған кабинет тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді ашық, кедергісіз алуына лайықтап салынған болар деген ой келеді. Болмаса, бөлімдердің құжат сақтайтын бөлмесіне әуелден кіреберісті лайықтап қоймағаны белгілі ғой.
Ол ол ма, қала әкімдігінің 6 бөлімі шоғырланған ғимараттың сервистік әкімдігінде тек бір ғана маман отыр. Ол да тек сауалмен келгендерді тиісті бөлімдерге нұсқаумен шектеледі. Ол аз десеңіз, ғимараттағы «Сервистік әкімдік» деген сөзді де бейберекет тұрған шкафтар жауып қалған. Әкімдіктің кіреберісіндегі жайсыздықтан-ақ мұндағы қызмет көрсету сапасының деңгейін білуге болады. Ақыры бөлімге бас сұққан соң, мәселенің мәнісіне тереңірек үңілуді ойлап, сол нысандағы қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Мақсат Нұржановқа қайырылған едік.
– Бұл нысанда қала әкімдігінің 6 бөлімі отырады. Көбіне қала тұрғындары әкімдіктің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне және кәсіпкерлік бөліміне келеді. Оларды маман қабылдап, тиісті бөлімдерге нұсқайды. Аптаның бейсенбі, жұма күндері азаматтарды бөлім басшысы қабылдайды. Шындығында, қазір қала тұрғындары бөлімдерге көп келмейді. Мысалы, өткен жұмада арық жүйелері, тал кесу және жол мәселесін айтып үш тұрғын келсе, осы аптада бізге бірде-бір адам бас сұқпады. Неге десеңіз, қазір тұрғындар өтініштерді көбіне Egov порталы мен әлеуметтік желі арқылы қалдыратын болған. Бөлімге келетіндердің дені егде жастағылар. Енді күнделікті адам келмеген соң сервистік әкімдікке маманды бос отырғыза алмадық. Оның үстіне жаздыгүні мамандар қала аралауға шығады. Негізі біз мониторинг жүргізіп байқағанымызда, көктем, күз айларында сервистік әкімдікке келетіндер көп екенін білдік. Ал жаз айларында келушілер азаяды, – дейді Мақсат Мұхамеджанұлы.
Қарап отырсақ, бөлім басшысының міндетін атқарып отырған Мақсат Нұржановтың да жауабы орынды. Себебі сол арада сервистік әкімдікке келіп, мемлекеттік қызмет алып, мәселесін шешіп жатқан азаматтарды біз де байқаған жоқпыз. Осындайда сәулеті келіскен сервистік әкімдік кімге керек деген орынды ой туады. Қош, сервистік әкімдікке ел келмейді делік, алайда сол маңда атқарушы билікке сауалын қойып немесе мемлекеттік қызметке жүгінген санаулы тұрғынға лезде көмек көрсетіп жөн басқа сауалмен келуі мүмкін ғой. Егер қызмет сапалы болса, уақыт өте сервистік әкімдікке келушілер көбейер ме еді, кім білсін?!
Дәл осы күні «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйытқы болуымен ашылған сервистік әкімдік жобасы тым болмаса аудандарда тиімді ұйымдастырылған болар деген үмітпен облыс орталығына іргелес жатқан Жамбыл ауданына да ат ізін салған едік. Әрине, әкімдіктегі бірнеше бөлімнің аудан әкімдігінің маңындағы ғимаратқа орналасқаны құптарлық бастама. Алайда сол нысанның кіреберіс бұрышындағы үстелде келген-кеткенді бажайлап отырған тірі жан табылмады.
Абырой болғанда Назима Жұбандықова сервистік әкімдіктің сұрайтын білікті мемлекеттік қызметкер болса дейсің. Бөлім мамандары тұрғындарға жылы шырай танытып, сапалы кеңес берсе, күні ертең сол тұрғын қайта жоғары қабатта орналасқанын айтып, сонда беттедік. Бізді қойшы, ертең мемлекеттік қызмет алуға ерекше қабілетті жандар келсе, қайда барарын білмей қипақтап қалмай ма? Қош, кең, жайлы әрі талапқа сай нысанда төрт бөлім болса, олардың әрқайсысы бөлек және ашықтық қағидатына сай орналастырылған екен.
Алайда біз барғанда сервистік әкімдікте бір бөлімнен іс жүргізуші, ал екінші бөлімнен тәжірибеден өтіп жүрген маман отыр екен. Біздіңше, мұнда орналасқан 4 бөлімді техникамен толықтай жабдықтап, әр бөлімнен білікті, тәжірибелі мамандарды тартса жеткілікті. Сервистік әкімдіктің ашылу салтанаты абыройлы өткенімен, әзірше осындай маңызды шаруаға мойын бұрып жатқан аудан басшылығы жоқ. Көп кідірмей мәселенің мән-жайын аудан әкімдігінен білуді көздеп, әкімдіктің ғимаратына барған едік.
Алайда онда сервистік әкімдік туралы ақпар беретін маман табылмай, соңыра аппарат басшысы Самат Селеубаевпен қауышып, жөнімізді айттық. Самат Апсадықұлы жуырда аудан әкімдігінің маңындағы ғимаратқа әкімдіктің жер қатынастары және тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің толықтай көшкенін, енді осы бастама жұмысты ілгерілететінін хабарлады. Себебі сол нысанда Әділет басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығы да орналасқан.
– Біз бұған дейін де 4 бөлімнің басшысын шақырып, сервистік әкімдікке мамандарды отырғызу керектігін айттық. Жауапты мамандар журнал ашып, әр тұрғынды тіркеп отыру керектігін ескерттік. Сіздер бақылап көрсеңіздер, уәж орынды. Біз бұл бойынша шешім қабылдап, қажет болса бұл істі назардан тыс қалдырған бөлім басшыларына ескерту береміз. Осы мәселені аудан әкіміне егжей-тегжейлі баяндаймыз,– деген аппарат басшысының сервистік әкімдіктің жұмыс тәртібін жақсы білетіні байқалды.
«Әділдік жолы» бірлестігінің облыстағы филиалының жетекшісі Назима Жұбандықованың айтуынша, сервистік әкімдікке қайырылғандар бір терезе қағидаты бойынша бір жерден мемлекеттік қызмет алуы тиіс. Алайда Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына және халықпен кері байланыс орнату мәселесіне кейбір аудан әкімдіктері әлі күнге дейін селқос қарап отырғаны жасырын емес.
– Байқасақ, сервистік әкімдіктің негізгі жұмысын көпшілік әлі түсінбейді. Шын мәнісінде, онда әр бөлімнің мамандары отыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, сервистік әкімдікке бір маманды бөліп, кері байланысты сол маманға шегелеп тапсырған дұрыс. Өйткені мемлекеттік қызметші барлық мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарды біліп, компьютерін де сайлап, қажетті бағдарламаларды орнатуы тиіс. Алайда қазір өздеріңіз байқағандай, сервистік әкімдіктерде тәжірибеден өтіп жүрген азаматтар немесе іс жүргізушілер отыратын болған. Олар елдің мәселесіне лезде назар аударып, шаруаны тындыра алмайды.
Тағы бір мәселе, азаматтарға мемлекеттік қызметтер туралы көмек көрсетіп, басқа да мәселелеріне назар аудару керек. Бірақ кейбір сервистік әкімдіктерде интернет жоқ болса, бұл жұмыстың нәтижесін сұрау да бос әурешілік емес пе? Сол секілді бүгінде облыс бойынша 149 ауылдық округ болса, олардың барлығы «Ашық әкімдік» форматына көшкен. Мамандар бір алаңда шоғырланған. Ашық әкімдіктерде өзіне-өзі қызмет көрсету алаңшалары да бар. Онда да интернет, веб камерасы бар компьютер болуы шарт, – дейді Назима Жұбандықова.
Оның айтуынша, өңірдегі Қордай, Шу, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу аудандарындағы сервистік әкімдіктер талапқа сай емес. Ал Мойынқұм, Меркі, Жуалы, Жамбыл аудандарындағы қызмет көрсету сапасы орта деңгейде болса, Байзақ ауданындағы сервистік әкімдік пен Тараз қаласындағы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі барлық талаптардың үдесінен шығып, жұмысты тиімді үйлестіріп отырған көрінеді.
Осы жайдың ізін бағып, біз де Тараз қаласындағы сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің сервистік әкімдігіне аялдадық. Айтса айтқандай-ақ ғимаратқа кірген бойда нысанның күзетшісі жылы қарсы алып, жөн сұрасты. Сервистік әкімдікке ағылып жатқан ел болмаса да екі бөлімнен 6 маман қаз-қатар жайғасып, кез келген сауалға жауап беруге дайын отырғанын аңғардық. Мұнда қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік қызметтің 4 түрін көрсетіп, кейде бөлімге қатысы жоқ сауалдармен келген тұрғындарды тиісті мекемелерге нұсқап отырады екен. Олар әр өтінішті әуелі журналға тіркеп, кейін базаға енгізеді. Мұнда келушілердің дені жер қатынастары бөлімінен жер кезегін білуге асығады.
Мамандардың айтуынша дәл қазір мемлекеттік қызметтерді Egov порталынан анықтау оңай болса да, күніне бөлімге орта есеппен 30-50 адам келеді. Дәл қазір жер қатынастары бөлімінен қала тұрғындары мемлекеттік қызметтің 8 түрі бойынша оңай көмек алып отыр. Осы ретте сервистік әкімдіктің жұмысын ширату мақсатында бір нысанға бірнеше бөлімді қатар көшіру мәселесі құптарлық іс болғанына тағы да көз жетті. Өйткені жер мәселесімен келген азаматтар міндетті түрде сәулет және қала құрылысы бөліміне қайырылады. Қас қаққанша жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мөлдір Абдрахманова келіп, ә дегенде қала шеңберінде жер кезегінде тұрғандардың саны 107 330 адамға жеткенін айтты.
Бас маман соңғы өзгерістерге сай Egov порталы арқылы бұрын үкіметтен жер алмаған кез келген ел азаматы бір мәрте жер алуына құқылы екенін де жеткізді. Жер қатынастары бөліміндегі мамандар 2006 жылдың шілдесіне дейін кезекке тұрғандарға көп ұзамай Құмшағал алқабынан кезекпен жер берілетіні туралы ақпарды да құлаққағыс ретінде айтып қалды. Енді олар жер кезегінде тұрғандарға хабарландыру жолдап, ескертіп жатқан көрінеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес бүгінде өңірдегі барлық аумақтық департаменттер және басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, олардың орынбасарлары, аппарат басшылары, бөлім басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, мәдениет үйінің басшылары, аурухана және емхананың бас дәрігерлерін қосқанда бас-аяғы 870 басшының кабинетін толықтай «Open Space» форматқа көшіру жоспарланыпты. Нақ қазір облыстағы 2223 мекеменің басшысы ашықтық форматын қолдап, «Open Space»-ке көшіп үлгерген.
Бұдан бөлек аумақтық департаменттер, құқық қорғау органдары, квазимемлекеттік мекемелерді «Фронт офис» форматына көшіру жұмысы да қолға алыныпты. Сонымен өңірдегі «Фронт офистердің» санын 50-ге жеткізу межесі қойылса, бүгінде 35 мекеме осы форматқа көшкен. Бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараны байланыстырып, ашықтық форматын ұстануға бағытталған жобалар ауқымды. Десек те, жоғарыда қаузалған мәселелерді қаперге алсақ, шарапаты мол бастамалардың ақыры «сол баяғы, Қойшыбайдың таяғының» кері болмаса екен дейсің...
Сәндібек ПІРЕНОВ
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді