«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаратаудан еседі ән самалы

Қаратаудан еседі ән самалы
ашық дереккөз
Қаратаудан еседі ән самалы
Өткен аптаның соңында «Әуенді Тараз кештері» жобасы аясында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі амфитеатрда Талас ауданының өнерпаздары өнер көрсетті. Талас ежелден талай талантты әншілерді ұшырған құтты мекен. Қазіргі таңда да аудан аумағын әнге бөлеп жүрген үздік өнерпаздар аз емес. Таластықтардың концерті «Гүлдер-ай» би тобының қазақ және шығыс билерімен басталды. «Талас» квартеті орындаған Абайдың «Желсіз түнде жарық айы» жүректерге жеткені анық. Мәдениет саласының үздіктері Бекзат Сейдуалиева халық әні «Бес қопа», Шәмші Қалдаяқовтың әні «О, гитара» әндерін шырқаса, Жанар Мырзамбетова да «Жүрегімде жүрсің сен» әні және үздік әндерден попурри орындап, тараздықтардың құрметіне бөленді.  width= Есімдері облыс аумағына кеңінен таныс «Көңілашар» үштігі Нарша Қашағанұлы ақынның сөзіне жазылған «Таласым», Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әндерін Тараз аспанында қалықтатты. Сондай-ақ Рауан Қуат, Нұрым Қойгелдиев, Әйгерім Нұраханова, Дархан Бердібай орындаған әндердің де тамсана тыңдайтын тыңдаушылары табылғанын көзіміз көрді. Нұрлан Кейкіманов, Айдынбек Әлімбай, Дана Шалқарбаева, Құндыз Асановалар да ән әлемінің майталмандары екендерін дәлелдей білді. Бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты, өзгеше дауыс иесі Еркем Шоқыбасованың да шоқтығы талайдан биік тұрды. Ол орындаған «Сүгірдің термесі», «Аравай» шығармалары шынайы және табиғилығымен ерекшеленді. Түйіндеп айтқанда тараздықтар таланттардың ордасы таластықтардың тамаша концерттік бағдарламасын тыңдап, бір серпіліп қалды. Бір көрермендер арасынан бірнеше өнер өкілдерін, бірқатар басқармалардың білікті мамандарын байқадық. Мұның барлығы осындай ғажайып концертке деген құрмет болса керек. – Бүгін таластықтардың тамаша концертіне куә болдық. Бірнеше аптадан бері «Көне Тараз» кешенінде ән әуелеп тұр. Өткен аптада жуалылықтар ерекше көңіл-күй сыйлап еді. Таластықтардың өнер тартуына да сүйсініп қалдық. Мұндай концерт Тараз тұрғындарына өте керек. Себебі – ән көңілдің ажары. Сондықтан осынау сәтті жоба үшін қуаныштымын, – дейді белгілі айтыс ақыны, облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар