«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жемісін кейінгі ұрпақтар жемей ме?

Жемісін кейінгі ұрпақтар жемей ме?
ашық дереккөз
Жемісін кейінгі ұрпақтар жемей ме?
Есте жоқ ескі заманда бір патша тапқыр әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар беремін деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны көреді. Патша оған: – Мынау көшетіңіз жеміс бергенше, жоқ дегенде 20 жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда, жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз? – деп сұрайды. Сонда қария: – Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз. Енді біз еккен ағаштың жемісін кейінгілер жемей ме?! – депті. Патша сонда: «Неткен әдемі сөз!» – дейді де, қарияға сыйлық ретінде 400 динар бергізеді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. «Қария, неге күлдіңіз?» – деп сұрайды сонда патша. – Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жемісін берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді! Соған қуанып тұрмын, – дейді. Патша бұл сөзге одан сайын таңданып, тағы да 400 динар бергізеді. Қария тағы да күледі. Патша себебін сұрағанда: – Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе? – дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар бергізеді. Сосын атын тебініп қарияның қасынан жылдам ұзап кетеді. Былай шыға бере уәзірі: – Тақсыр, неге асықтыңыз? – деп сұрайды. Сонда патша: – Әлгі қарияның қасында тұра берсек, тапқыр сөздері таусылғанша біздің қазынамыз да таусылатын түрі бар, – деп күлген екен. Жасаған әр жақсылығыңның жеміс беретіні даусыз.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар