Емдеу орталығы ел игілігіне берілетін күн жақын
Енді басы ауырып, балтыры сыздағандар заманауи үлгідегі дәрігерлік орталыққа баратын болады. Жамбылдықтар үшін жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін емдеу орнының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан Тараз қаласындағы орталық Пушкин көшесі, 22 А мекенжайында орналасқан бұрынғы облыстық балалар ауруханасының апатты жағдайда тұрған ғимаратының орнында бой көтеруде. Оны салуға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Жүрек» кардиохирургиялық орталығы атсалысып отыр. Бүгінде аймақ бойынша жүрек талмасы бар, қан айналым жүйесі нашар науқастар үшін жедел және терапиялық ем алу мәселесі айтарлықтай кең сұранысты туғызып отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ орталық өңір тұрғындарына кардиология, аритмология, кардиохирургия, неврология, эндокринология, гастроэнтерология және жалпы хирургия сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша кең ауқымды консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін болады. Әсіресе қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге, оның ішінде жүрек ырғағының әртүрлі бұзылулары бар науқастарға ерекше көңіл бөледі.
Мамандардың айтуынша, жаңа медициналық орталықтың ғимараты қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталады. Құны жарты миллион еуро тұратын «Fujifilm» брендінің «Trinias» ангиографиялық жүйесі жеткізіледі. Сондай-ақ дефибрилляторларды, төсек жанындағы кардиомониторларды, операциялық үстелді және оны жарықтандыру жүйесін, ультрадыбыстық аппараттарды, электрокардиографтарды, зертханалық және басқа да мамандандырылған медициналық жабдықтарды жеткізуге тапсырыс берілді.
Ғимараттың өзінде ауаның микробиологиялық және химиялық ластағыштармен, шаңмен және басқа да ластағыштармен ластануын болдырмайтын таза бөлмелер жүйесі бар. Оттегі жеткізу жүйесі жүргізілген, жолаушылар және жүк көтергіш лифтілері орнатылған, палаталарға медицина қызметкерін шақыру түймелері, фондық музыкалық сүйемелдеу орнатылып, интернет желісіне, кабельдік теледидарға қосылу қамтамасыз етілген.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаға жер телімі түріндегі активпен кірсе, «Жүрек» кардиохирургиялық орталығы өз қаражаты есебінен медициналық орталықтың құрылысын, пайдалануға беру және жабдықтау жұмыстарын жүргізеді. Инвестордың салым көлемі шамамен 2 миллиард теңгені құраса, оның 1,5 миллиарды қазірдің өзінде құрылысқа жұмсалды. Бүгінде орталыққа тәжірибелі, өз ісіне жауапты, білімді мамандарды тарту жұмыстары да жүруде. Жоспарланған штат бойынша орталықта 80 адам еңбек етеді. Оның ішінде әкімшілік, дәрігерлік, орта медициналық, кіші медициналық және басқа да қызметкерлер бар. Күрделі оталарды шетелдік мамандардың қатысуымен өткізіп отырады.
Медициналық көмек ақылы негізде және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде (емханалардың жолдамасы бойынша портал-емдеуге жатқызу бюросы арқылы) тегін түрде де қолжетімді болады.
– Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы жүргізілді. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, аяқталды. Барлық төбелер, ішкі қалқалар мен шатыр жабындары орнатылды. Ғимарат шыныланған, барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілді. Аяқталу кезеңінде сыртқы, сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Екіжақты келісімшарт бойынша ғимарат келесі жылдың маусым айында пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, құрылысты биыл 1 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Егер бұл ойымыз жүзеге асса, медициналық орталық жаңа жылдың басында-ақ алғашқы науқастарды қабылдауға дайын болады, – дейді Руслан Құралбаев.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді