Ысырапшылдық – жақсы қасиет емес

Ысырапшылдық – жақсы қасиет емес
ашық дереккөз
Ысырапшылдық – жақсы қасиет емес
Қазақ атамыз ежелден айтып кеткен «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады» деген нақыл бар. Қандай даналық десеңізші! Екі-ақ ауыз сөзбен өміріңе тағылым болатын ойды айтып тұр. Осындай ұлағаттан тәлім алсақ, аста-төк дастарқаннан, қажетсіз шашылып, шабылудан баяғыда құтылған болар едік. Өкінішке қарай астың бейберекет таратылуы тыйылар емес. Дін өкілдері айтып жүргендей, қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресі, 31-аятында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген. Құранның «Исра» сүресінде: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», деп те қатаң ескертеді. Жаратушы ескертеді, біз сол ескертпелерден де қорытынды шығармай, дандайсып жүре беретініміз-ай! Мұхаммед Пайғамбарымыз-дың: «Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді», «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» деген хадисінен де қаншама ой түюге болады десеңізші! Расулдың тағы бір хадисінде: «Қияметте барлық адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше есептен құтыла алмайды» делінген. Сол төрт сұрақтың бірі «Мал- мүлкін қайдан, қалай тапты және қайда жұмсады?» деген сауал екен ғой. Өкінішке қарай біз бұл мәселеге де көзді жұмып, немкетті қарап келе жатырмыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қасиетті Құранда ысырапшылықтың кесірі жөнінде қаншама ескертулер айтылса да, «Өмірден озған кісінің бейсенбілігін апта сайын беріңіздер. Оны үстелдің үсті қайысқан қымбат дастарханмен беріңіздер» деген жазу жоқ екен. Дін өкілдері де мұндай шашылыстарды құптамайды. «Шариғат ысырапшылыққа өте қарсы. Бұл туралы қатаң ескертеді. Марқұмдардың артынан табақ-табақ ет асып, жылқы сойып, қайта-қайта тамақ беру де дінімізде жоқ» дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек. Бұрын біздің өңірде өмірден озған кісінің жетілігі, қырық күндігі деген болатын. Бірақ бейсенбілік дегенді жаппай өткізу жоқ еді. Соңғы оншақты жылдың бедерінде бұл үрдіс қатты белең алды. Марқұм кісінің бейсенбілігі өтпесе, өмір тоқтап қалатындай жағдайға жеттік. Жо-жоқ, бәрін теріске шығармайық. Бұрынғы әже-апаларымызда бейсенбі немесе жұма күні иіс шығарып, бауырсақ, шелпегін пісіріп құран оқытушы еді ғой. Оған қазіргідей 25-30 адам жиналып, атшаптырым залда иін тіресіп отырмайтын. Кісі қайтқан үй бауырсағын ыстықтай пісіріп, мүмкін болса шамалы күрішін басып, құрт-майын салып, үш- төрт көршісін шақырып құран оқыта беретін. Онда да имамға 5 мың теңге төлеп деген мәселе жоқ, ішінен 5-6 сүре білетін кісі құран бағыштап, өзгелер соған қол жаятын. Ал бүгінгі бейсенбіліктің дастарханынан бас айналады, жер қайысады. Оны сұғынып, жеп жатқан адам да шамалы. Шектен шыққан ақылсыз болмаса, қайғырып қара жамылған үйдің дастарханынан ешкім түк көрмегендей дәм жемейтіні рас қой. Оның үстіне біреудің жағдайы бар, біреу күнін әрең көруде. Жағдайы төмен отбасыларға апта сайынғы бейсенбілік дегеніңіз кәдімгідей салмақ. Бірақ, олар да елден қалғысы келмейді. Жағдайлары жоқ болса да, намыстары бар. Сосын несие алса да, бүкіл сырға-сақинаны ломбардқа өткізсе де, бейсенбіліктің дастарханын жайнатып қояды. Себебі, қазаққа көштен қалуға болмайды. Бүгінгі бейсенбіліктің жағдайы осындай. Жалпы, қайтқан кісіге көлкөсір етіп жайған дастархан емес, салиқалы ұрпағы бағыштаған құран баратынын түсінетін мезгіл жетті-ау. Ал бұрын апаларымыз керісінше кісісі қайтқан үйге бір табақ тамақ жасап апарып, құран оқытатын. Қайғы жұтып, қара жамылған үйге салмақ салғылары келмейтін. Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол...» деген тағылымын түсінетін. Ал қазір керісінше. «Өлім-бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегеннің кері. Бір кездері өңір ақсақалдары мен облыстық мешіттің имамдары, зиялылар жиналып, жаназа кезіндегі дастархан мәзірін жеңілдетіп, қойылатын тағамдардың тізбегін жасап, тәртібін жазып, таратып еді. Қазір ол игі шаруаның да соңы аяқсыз қалғанын аңғарып, қынжылып жүрміз. Қазақтың ысырапшылдығы тек жаназа, бейсенбілікте ғана емес. Той, тамаша, туған күндерде де сол шектен шыққан дастарханымызды тыя алмай келеміз. Қазір азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек бағасы былтырғымен салыстырғанда 2-3 есе (кейбір түрлері) өсіп кетті. Осы кезге дейін де қонақ шақыру кезінде онша қинала қоймаушы едік. Ал биыл баға шамадан тыс өсті. Қазір үйіңізге 10 адамды қонаққа шақыру үшін 100 мың теңге көлемінде қаражат кетеді. Осыдан кейін қонақ шақырып көр, ал енді. Таразда қарапайым тұрғындардың көпшілігі 60-70 мың теңге жалақымен жүр. Көп мөлшерде қонақ шақыру деген ол кісілердің түсіне де кірмейтін жағдайға жеттік. Осы тұста қонақ күтудің де кейбір бөліктерін жеңілдету қажет секілді. Мәселен, салаттың неше атасын қоямыз. Оның әр қосындысы удай қымбат. Ол салатыңызды тамсанып жеп жатқан адам да шамалы. Кейде қасық тимеген күйі дастарханда қалады. Осындай кейбір артық ысыраптарды азайтып, 100 мың теңгенің дастарқанын 50 мың теңгеге төмендету өз қолымызда емес пе деп ойлаймын. Айналып келгенде үйіме қонақ етіп шақырсам деген ағайын-туыс, достарымыз, әріптестеріміз жеткілікті. Бірақ, шақырайық десек, шақыра алмайтын жағдайдамыз. Әр ағайдың үйіндегі жеңгелер: «Анау үйдің дастарханын көрдің бе? Қандай? Ананы алмасақ, мынандай жеміс қоймасақ ұят қой. Одан да шақырмайық» дейді. Сөздің тоқетері осы болды. Айналып келгенде аста-төк дастархан жасау деген ысырапшылық, қос бүйірден қысқан қымбатшылық адамдардың аралас-сыйластығына да кері әсерін тигізіп жатыр. Осы жағы ойлантады. Әсіресе ысырапшылдыққа тоқтам болмай барады. Есет ДОСАЛЫ  

Ұқсас жаңалықтар