Облыстың мерейтойы «еңбек даңқы» аллеясын ашудан басталды
Қай салада болсын, еліміздің, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген азаматтардың есімін ерекше атап, құрмет көрсету – парызымыз. Толағай табысқа қол жеткізіп, туған жердің, туған елдің даңқын асқақтатқан тұлғаларымыздың өмір жолы әрқашанда ұрпаққа өнеге. Ырыс-құт дарыған, ынтымағы жарасқан халқымыздың бұл асыл қасиеті уақыт өткен сайын жаңғырып, жалғасуда. Соның айқын бір дәлелі, облысымыздың құрылғанына 75 жыл толу мерекесіне орай, кеше Таразда Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ алдында «Еңбек даңқы» аллеясы ашылды. Жетпіс бес белесті бағындырған облысымыздың мерейлі тойына жамбылдықтармен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген осы өңірден түлеп ұшқан жақсылар мен жайсаңдар аталған аллеяның салтанатты ашылуына қатысты.Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиылған қауымды облыстың 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, жан-жағы абаттандырылған «Еңбек даңқы» аллеясының ашылуына байланысты жылы лебізін арнады.«Қасиетті Жамбыл өңірінен көптеген елге қорған болған батырлар, айтулы ақын-жазушылар, өнер, спорт саңлақтары, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және басқа да салада үздік атанған атақты аға-апаларымыз шықты. Олардың ел үшін сіңірген зор еңбектері келешекке үлгі болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты саясатының арқасында еліміздің өркендеп, өңіріміздің көркеюіне баршамыз үлес қоса берейік» деп тілегін жеткізген аймақ басшысы Кәрім Нәсбекұлы арнайы тақталарға есімдері жазылған облыстың және Тараз қаласының Құрметті азаматтарына, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, Әлем және Азия чемпионаттары мен Азия ойындарының жеңімпаздарына елге, облысқа сіңірген орасан еңбектері үшін алғысын білдірді.
Сөз кезегін алған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, облыстың Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын тамыры терең тарихы бар Таразда өтіп жатқан қуанышты шараға келген туған жер перзенттеріне ізгі тілегін жолдады. Ал каратэ-додан Әлем чемпионы, жақында ғана Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Гузалия Гафурова Қазақстанның туын әлемдік жарыстарда биікке көтеріп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жамбылдық спортшылар атынан ел ағаларына жасап отырған игілікті тірліктері үшін ризалығын айтты. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің еңселі ескерткіші қатарынан орын тепкен «Еңбек даңқы» аллеясы демалыс саябағына өзіндік көрік беріп тұрғаны сөзсіз. Жұртшылық облыстың әр саласы бойынша бетке ұстар Құрметті азаматтарының аты-жөндері жазылған үш тақтаға көз тоқтатып, субұрқақтар айналасына орнатылған орындықтарда бір сәт демалса, балалар ою-өрнекті плиталар төселген алаңқайда алаңсыз серуендей алады. Салтанатты рәсімнен соң жамбылдықтар мен қонақтар аталған аллеядағы Құрмет тақталарын аралап көрді.
Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді