«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖАСТАР жақсылық жасап жарысуда

ЖАСТАР жақсылық жасап жарысуда
ашық дереккөз
ЖАСТАР жақсылық жасап жарысуда
 «Жасыл ел» еңбек жасақтары наурыз айынан бастап облыс көлемінде жұмыс істеп келеді. Оған 16-29 жас аралығындағы жастарды тарту көзделген. Осылайша жұмысқа студенттер мен NEET санатындағы жастар да қабылданған. Ал Тараз қаласындағы еңбек жасағының биылғы мақсаты жаз айларында 300-ге жуық жасты жұмыспен қамту. Құрамына студент жастар тартылған жасақтар «Жасыл ел – Тараз» ЖШС және Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе жұмыс атқаруда. Олардың қатарында 269 жас бар. Облыстық «Жасыл ел» жасағы Тараз қалалық «Жасыл ел» жасағымен бірлесе жұмыс істеуде. Бүгінге дейін облыстық «Жасыл ел» жасағы арқылы барлығы сегіз жүзден аса жас жұмыспен қамтылған. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы бекітілген кестегі сәйкес наурыз айынан басталып, қараша айына дейін жалғасын табады. – «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджет есебінен 95,3 миллион теңге бөлінген. Біздің міндет – еңбек жасағына жыл ішінде облыс бойынша 2 мыңнан аса жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тарту. Бүгінгі таңда облыс бойынша 834 жас тартылып отыр. Жұмыстан бөлек жастардың демалысын тиімді өткізу мақсатында сарбаздар арасында спорттық ойындардан жарыстар, өнер байқаулары сияқты іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тараз қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтары тарапынан қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаштар отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету мақсатында «Экологиялық мәдениет» бағыты аясында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 6 383 адамды қамтыған 338 іс-шара өткізілді. Бұдан бөлек, волонтерліктің «Taza Alem» бағыты бойынша 1412 адамды қамтыған 108 іс-шара ұйымдастырылды, – дейді ол. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы 2005 жылы бастау алған. Жобаның мақсаты – жазғы уақытта жастарды еңбекке баулу, бос уақытын тиімді пайдаланумен қатар өзіне қажетті қаражат табу. Жобаға 14 жастан жоғары оқушылар, студенттер мен жастар қатыса алады. Жастар екі ауысыммен екі топ болып, аптаның 6 күнінде, күніне 4 сағаттан жұмыс істеуде. Олардың күшімен Тараз қаласындағы 8 көше, 5 саябақ кездейсоқ күл-қоқыстан тазартылған. Жасақ жастары қаланың басқа жастарын тарта отырып 5 сенбілік ұйымдастырған. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Абай, Жамбыл, Д.Қонаев, С.Сейфуллин, әл-Фараби, Сыпатай батыр, Ы.Сүлейменов, Қ.Тұрысов көшелері бойында бей-берекетсіз өскен ағаш бұтақтары оталып, арық-атыздар тазартылған. Бұдан бөлек, «Жеңіс», «Мамыр», «ҚР Тұңғыш Президенті», «Қ.Рысқұлбеков», «Түрксіб» саябақтарында жұмыс істеген жасақ ондағы алаңқайлардың, гүлзарлардың арам шөбін жұлып, тазалыққа үлестерін қосқан. «Жасыл ел» жастарына бір айлық жұмысы күніндегі міндетті жарналарды қоса алғанда 60 мың теңге жалақы төленуде. Бүгінде «Жасыл ел» жасағының бірінші тобы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде гүлдерді қарау, жабайы шөптерден тазарту жұмыстарын жүргізсе, екінші тобы қала аумағында шағын аудандарға кіріп аулаларды қоқыстардан тазартуда. Жастар жасағы күшімен бүгінге дейін 5 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолындағы тас төсеніштер арасындағы және гүлзарлардағы арамшөптер жұлынып, бір тоннадан аса күл-қоқыс шығарылған. Еңбек жасағының мүшесі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Мерей Төлеген «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды еңбекке тартудың маңызы зор деп есептейді. – Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар аз емес. Біз Отанымыздың патриоттары қаламыздың көркеюі үшін жұмыла еңбек етудеміз. Біздің топ көшелерді, арық-атыздарды тазалап қана қоймай, футбол алаңдарын да тазалап, қураған ағаштарды кесіп, көшедегі ағаштарды әктеп-сырлау сияқты жұмыстарды да белсенділікпен атқаруда. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп үлкендер айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде. Сондықтан да біз еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен оларды еңбекке баулу», – дейді ол.

Диас МАРАТҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар