Қауіпсіздік мәселесінде қырағы болған жөн
Жадыраған жаздың дәл орта тұсына да жеттік. Шіліңгір шілденің әр күні күйіп тұр. Жыл бойы еңбек етіп, «тер төккендер» де жаппай осы мезгілде кезекті еңбек демалысына шығып, отбасымен демалысты жоспарлап жатады. Оқудан қолдары босаған балалар да жаздың шуақты күндерінің әр сәтін қалт жібермей, доп қуып, күнге күйіп, суға түсіп дегендей, жазғы каникулды қызықты өткізуге тырысады. Әрине, бүгінде елдің бәрінің қалтасы шетел асып, жер көріп, теңізге түсіп, саяхаттауды көтере бермейтіні анық. Сондықтан ондай топқа жататындардың басым көпшілігі қолжетімді демалыс орындарына барып, суға түсіп, күнге қыздырынумен шектеледі. Қарапайым халық арасында бұған да мүмкіндігі келе бермейтіндер қаншама десеңізші! Ондай кезде өзіміз тұратын ауыл-аймақтағы, қала сыртындағы жағажайларды жағалап кетеріміз анық.
Аптап ыстықта салқын суға кімнің түскісі келмейді дейсің? Әсіресе демалыс күндері қаланың жүздеген тұрғындары су айдындарына жақындайды. Таза ауа мен маңдайды тесердей ыстық күні суға шомылу адамға тек рақат сезімін ғана емес, сонымен қатар денені шымыр ететін жаттығудың да жақсы құралы. Дегенмен шомылу маусымы басталмай жатып-ақ төтенше жағдайлардың орын алып жататынына куә болатынымыз тағы бар. Өкініштісі, су айдындарында адам өлімінің болуы осындай шомылу кезеңінде орын алады. Міне, осы жерде қауіпсіздік басты назарда болуы керек.
Әсіресе балаларға бақылау аса қажет. Жылдың дәл осы мезгілінде төтенше жағдай қызметкерлерінің де жұмыс ауқымы арта түспесе, азаймайды. Мамандар, әсіресе жағажайларда балаларды бақылаудың қиынға соғатынын айтады.
Қазір теледидармен бірге, әлеуметтік желілерден күнде кем дегенде бір жағымсыз жаңалық естіп, оқитын болдық. Жасыратыны жоқ, шомылу науқаны басталғалы түрлі жан түршігерлік оқиғалар орын алуда. Біреуге жан қайғы болып жанталасып жатқан сәтте, қауіп-қатерге тап болған адамға көмектесуге әрекет етудің орнына, қолына дереу телефонын алып, алаңсыз бейнежазбаға түсіріп жататын жағдайлар да көбейіп кетті. Мәселен, жақында әлеуметтік желіде суға түскен 2 баланы құтқармақ болған екі құтқарушының өмірі қиылғаны жайлы қайғылы бейнежазбасы қызу талқыланды.
Тіпті бұл оқиға Меркі ауданында болғандығы жайлы да мәлімет тарады. Бірақ зерделеу жұмыстарының нәтижесінде оқиға басқа елде орын алғандығы анықталды. Дегенмен соңғы кездері еліміздің әр өңірлерінде суда қайтыс болу оқиғалары күн сайын дерлік тіркелетіні жасырын емес. Тіпті бірін бірі құтқарамыз деп бір отбасынан бірнеше адамның суға батып кеткенін де естіп жатырмыз.
Осының бәрі қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдары екені анық. Құтқарушылар да өз кезегінде азаматтарға ашық су айдындарында шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды үнемі ескертіп келеді. Соған қарамастан, суға батып кеткендердің барлығы дерлік рұқсат етілмеген жағажайларда орын алуда. Жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі жұмыс аптасының соңында, демалыс және мереке күндері суға шомылу үшін жабдықталмаған су айдындарында тіркеледі екен. Адамдардың қаза болуы арнайы жабдықталмаған жерлерде суға шомылу, суда өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін сақтамау, алкогольдік масаң күйде шомылу болып табылады.
Балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың көпшілігі ересектердің қарауынсыз суға шомылу салдарынан орын алуда. Сондықтан облыстың төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары полиция қызметкерлерімен және еріктілердің қатысуымен халық арасында қайғылы оқиғаларды болдырмау және алдын алу мақсатында өңірдің су айдындарына үнемі рейдтер жүргізіп келеді.
АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ...
Өткен 6 айда облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 318 төтенше жағдай мен оқиға тіркелген, яғни 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,9 пайызға көбейген. Салдарынан 10472 адам зардап шегіп, оның ішінде 7 адам қаза болған. Зардап шеккендер мен қаза болғандар саны өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған, ал материалдық шығын 340 пайызға көбейген. Техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың 92,1 пайызы тұрмыстық және өндірістік өрттер. Жыл басынан осындай 281 өндірістік және тұрмыстық өрт орын алған. 10 адам зардап шегіп, 4 адам қаза болған. Материалдық шығын 66,51 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Шу аудандарында төтенше жағдай саны төмендегені байқалады. Ал Сарысу, Талас, Байзақ, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында керісінше көбейген. Талдауға сәйкес өрттердің орын алуының негізгі себептері отпен абайсыз болу, электр құрылғыларын жөндеу мен қолдану ережелерін бұзу, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, қасақана от қою және баланың отпен ойыны болып табылады. Бұған қоса, облыста табиғи сипаттағы 13 төтенше жағдай орын алған. 10462 адам зардап шегіп, 3 адам қаза болған. Биыл облыс аумағында 2 табиғи өрт тіркелген. 6 маусымда Байзақ ауданының Ақжар ауылында орылған 60 тонна Бірінші жартыжылдықта облыста суға батып кетудің 2 оқиғасы тіркелген. 2 сәуірде Талас ауданында 1992 жылы туған азаматтың денесі табылды, ол «Жартас» су қоймасынан өтерде абайсызда суға құлап батып кеткен. 5 маусымда Шу ауданының Бірлік ауылынан 1 шақырым жерде, Шу өзенінен 2012 жылы туған баланың мәйітін жергілікті тұрғындар судан тауып шығарды. Ол шомылуға арналмаған жерде суға батып кеткен.ОТ – ТІЛСІЗ ЖАУ
Жазғы күннің ерекше ысуына байланысты өрт оқиғалары да жиілейтіні анық. 6 шілдеде Жуалы ауданы, Көлбастау ауылындағы екі тұрғын үйде өрт шыққаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен аудандық өрт сөндіруші-құтқарушылар тұрғын үйлер мен құрылысы жақын салынған қора-жайлардың өртке орануына жол бермей, оны бір сағаттан астам уақытта сөндірген. Алайда екі үйдің 19 тонна шөбі жанып кеткен. Сондай-ақ дәл осы күні Талас ауданы, Қызыләуіт ауылындағы тұрғын үйдің ауласында жиналған 200 түк шөп өртке оранып, жанып кеткен. Ал бұдан бір күн бұрын, Тараз қаласы, «Бәйтерек» ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Өрт сөндіруші-құтқарушылар жалынды 12 минутта ауыздықтағанымен, тұрмыстық заттар мен техникасы, үй жиһаздары жарамсыз болып қалған. Осыған орай, облыстық ТЖ департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратуды естен шығармау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ шаруалардың қыстық мал азығы болып табылатын еңбекпен жинаған шөптің өртке орануына жол бермей, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Шөпхана өзге құрылыс нысандарынан белгілі бір қашықтықта орналасуын және шөпханаға жақын жерде сыйымдылығы жоғары ыдыста су қорының болуы қажеттігін айтады.СУ ДА ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
Бәрімізге белгілі, жылдың маусым, шілде, тамыз айларында күннің температурасы 40-45 градусқа дейін жоғарылап, тұрғындар кез келген жерлерге суға шомылып жатады. Суда азаматтардың (балалар) қаза болуына өзен мен каналдардың кез келген әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне, судың салқындығын ескермей, спирттік ішімдік ішіп суға түсу, сонымен қатар жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеледі. Судағы қайғылы жағдайға ұшырамас үшін шомылушы суда қарапайым өзін-өзі ұстау ережесін сақтауы керек. Бүгінде төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен, жергілікті полиция қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен су айдындарында рейд ұйымдастырылып, өткізілуде. Олар жыл сайын облыстың су айдындарында адамдардың, оның ішінде балалардың өлімінің алдын алу мақсатында, кең көлемді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бірақ 90 пайыз жағдайларда қаза болғандар тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған орындарында, сондай-ақ балаларды ересектердің қараусыз қалдыруы салдарынан су айдындарында да, жеке секторда да кездеседі. – Жасөспірімдер арасында бір-бірінің алдында күштерін сынау «бәсекелестік инстинкті» болады. Кім жылдам, епті, батыл және суға ең жақсы секіреді! Бірақ ұлдар мен қыздар бұл тәжірибенің не болатынын нақты түсініп, білуі керек. Жүзу дағдыларын жақсы меңгеру үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет, тәжірибелі жаттықтырушылардың басшылығымен айналысу керек. Барлық ата-ана баласының қауіпсіздігі өздерінің қолында екенін есте сақтауы тиіс. Ал енді мамандар суда кездейсоқтықты болдырмау үшін қарапайым және негізгі мінез-құлық ережелерінің орындалуын еске салады: тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыздар, жүзе білмей белдеріңізден жоғары келетін суға кірмеңіздер, шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыздар, жағадан алыс, қойылған белгіден ары жүзіп кетпеңіздер. Егер сіз жүзе алмасаңыз, үрмелі матрацтар немесе баллондарды қолданыңыздар. Бөгеттен, қайықтар тоқтайтын жерлерден суға секірмеңіздер. Түнгі уақытта және мас күйде суға шомылмаңыздар, су айдындарының жағалауында балаларды үлкендердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар. Оларға тек арнайы жабдықталған орындар мен учаскелерде шомылуға рұқсат етіңіздер, – дейді төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Айгүл Шахабаева.ҚҰТҚАРУШЫ БОЛУ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ
Адам өмірін құтқару – жоғары және жауапты міндет. Қазіргі жағдайда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтар қандай мадаққа да лайықты. Бір адамның өміріне арашашы болғаныңды сезінудің өзі үлкен бақыт емес пе?! Қызметің қоғамға шынымен пайда әкелсе, бұқараның қауіпсіздігіне титімдей үлес қосса, демек, дұрыс жолда жүрсің деген сөз. Бүгінгідей шым-шытырық заманда құтқарушылар тек өрт ортасынан табылады деп ойласақ, қателесеміз. Олар небір тосын шақыруларға шығып жатады. Балалары үлкен ыдыстың ішіне кіріп, қайта шыға алмай қалған немесе кілтін үйге ұмытып кетіп, есігін аша алмай әуреге түскен тұрғындар дереу осы қызметке жүгінеді. Ол ол ма, саусағына сақина кептеліп қалған әйелдер де құтқарушыларға телефон соғатын көрінеді. Сондай-ақ бұл қаһармандар ағаштан түсе алмай қалған мысығыңызды да қолыңызға табыстайды, құдыққа құлап кеткен сиырыңызды да өзіңізге қайтарады. Қысқасы, нендей қауіпке де тойтарыс беріп, халықтың жайлы тұрмысын күзетеді. Биыл 1 мамырда «112» телефон нөміріне көмек сұраған қоңырау түсіп, оқиға орнына 4 құтқарушы шұғыл жөнелтілген. Олар су шлюзіне түсіп, қайтадан кері шыға алмай қалған он жастағы баланы тауып, сыртқа шығарған. Жасақтың құтқарушысы Азамат Кенжеғараев альпинистік құралдардың көмегімен төменге түсіп, баланың жоғары көтерілуіне көмектескен. Осылайша жасақ құтқарушылары ата-ананың бақылауынсыз қалған бір баланың өмірін сақтап қалды. 19 сәуір күнгі түн жаңатастықтар үшін дүрбелеңге толы түн болды. Осы күні 2-ықшамаудандағы бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, шырт ұйқыда жатқан тұрғындар бір сәтте әбігерге түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен Жаңатас қаласы №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушылары мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары шұғыл өртті сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен қатар айналысты. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, қас қылғанда жел де күшейе түскен. Өрт оқиғасы орын алған күні өзінің тиісті демалысында үйінде болған өрт сөндіруші-құтқарушы Нұртай Исқақов та дабыл бойынша өзге әріптестерімен бірге оқиға орнына жедел жетеді. Заңғар Бекбергенов есімді жігітпен екеуі жоғары көтеріліп, судың нөпірімен тажалдың екпінін басады. Одан әрі қолқаны қапқан қою қара түтінге қарамастан екеуі өзге әріптестерімен бірге пәтер ішіне кіріп, адамдарды қауіпсіз орынға шығарумен айналысады. Осы орайда өрт сөндіру көлігін жүргізушілердің де еңбегін атап өту керек. Осылайша көп болып, жұмыла кіріскен жігіттердің арқасында өрт 3 сағаттан астам уақытта ауыздықталды. Өрт оқиғасы орнынан 180 адам қауіпсіз орынға көшірілді, оның 70-і балалар болатын. Жалпы, Жаңатас қаласы №16 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұртай Исқақов өртке қарсы қызмет органында 2004 жылдан бері қызмет атқаруда. Осы жылдар ішінде ол ІІ, ІІІ-дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен және ҚР ТЖ министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. – Құтқарушылардың адамдар көп шоғырланатын жерлерде, су айдындары мен бассейндерде, білім беру мекемелерінде жүргізген қатаң ескертулеріне қарамастан, балалардың белгіленбеген жерлерде суға шомылу жағдайлары азаяр емес. 31 мамырда жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Тараз қаласындағы Талас өзенінің маңында, балалар суға шомылуы ықтимал аумақтарда төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жүргізу барысында, сағат 12-де өзенде ағып бара жатқан баланы көздері шалып қалған. Шұғыл түрде Саят, Ермек есімді құтқарушылар жалмажан ағысы күшті өзенге секіреді. Ал бұл уақытта есі кіресілі-шығасылы күйде, судың бетіне бір шығып, бір батып бара жатқан 10 жасар шамасындағы баланы тіпті жанында бірге шомылып жүргендер де байқамай қалған. Дәл осы уақытта сол аумақта профилактикалық жұмыстар жүргізіп жүрген Ернұр есімді құтқарушы да әріптестеріне көмекке келген. Осылайша 100 метрден астам жерге ағып бара жатқан баланы судан құтқарған құтқарушылар оған шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетіп, ішіне жұтып қойған суын шығарған. Аздан соң есін жиған баланың ата-анасын және полиция қызметкерлерін шақыртып, қатаң ескерту жасаған. Егер сол маңда профилактикалық жұмыстар жүргізіп жүрген құтқарушылар кезікпегенде, баланың қандай күйде болатындығын елестетудің өзі қиын еді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің басшысы Сәуле Мұнатаева.САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жазғы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су айдындарында бүгінге дейін 770 рейд және патрульдеу іс-шаралары жүргізіліп, жазғы кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 27 335 жадынама мен кітапша таратылған. Осы іс-шараларға департаменттің 1894 қызметкері, 318 полиция қызметкері және 514 ерікті тартылған. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын түсіндіру бойынша тұрғындармен 144 жиын өткізілген. Оқу орындарында студенттер мен оқушыларға судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша 74 интерактивті сабақ өткізіліп, оған 3 мыңнан астам оқушы қатысқан. Шомылу маусымында демалушылар легінің ең жоғары деңгейінде (сағат 12.00-20.00 аралығында) патрульдеу және рейдтер жүргізілуде. Ата-аналар чаттарына және әлеуметтік желілердегі топтарға жазатайым оқиғалар мәліметін (балалар арасында) тарату және ескертпе жұмыстары тұрақты қолға алынған. Облыс аумағындағы аса қауіпті су айдындарында төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құрамынан 3 мобильді құтқару бекеті қойылып, 55 жасақшы құтқарушылар дайындалды. Айта кетсек, облыс аумағында барлығы 12 шомылуға рұқсат етілген және 86 шомылуға тыйым салынған орындар бар. Шомылуға тыйым салынған барлық орындарда тыйым салу белгілері орнатылған көрінеді. ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қорыта айтқанда, судағы жазатайым оқиғалардың көпшілігін қарапайым шараларды қолдану арқылы болдырмауға болады. Ең бастысы, суға шомылу кезінде спирттік ішімдіктен бас тарту. Балалар лагерьлерге, туристік жорықтарға, пикниктерге бармас бұрын, ересектер балаларды су нысандарындағы қауіпсіздік ережелерімен таныстыруы қажет. «Есіңізде болсын! Судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтау ғана төтенше жағдайлардың алдын алады. Ал өрт немесе түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар туындағанда «101» немесе «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажет», деп ескертеді облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі. Ендеше, қандай да бір төтенше жағдайларға жол бермей, сақтық шараларын сақтау өз қолымызда екенін әсте естен шығармағанымыз жөн!Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді