«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Шерхан Мұртазаның өзі секілді ескерткіші де жалпы жұртқа ортақ»

«Шерхан Мұртазаның өзі секілді ескерткіші де жалпы жұртқа ортақ»
ашық дереккөз
«Шерхан Мұртазаның өзі секілді ескерткіші де жалпы жұртқа ортақ»
Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаға арналып Тараз қаласында бой көтеруі тиіс ескерткіштің төңірегіндегі талқылау қаншалықты қызу болса да, оның нүктесін қоятын кез келді. Анығында, нүктесі қойылып қойды. Бірақ қоғам тарапынан түрлі пікірлер әлі де айтылуда. Осы орайда аталған ескерткішке байланысты құрылған комиссияның төрағасы, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимовпен сұхбаттасқан едік.  width= – Мұратбек Қоханұлы, сіздіңше Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай бой көтеретін ескерткіші төңірегіндегі талқылау ұзаққа созылып кетпеді ме? – Мен ең әуелі мына мәселені айтқым келеді. Осы уақытқа дейін облысты басқарған бес әкіммен жұмыс істедім. Олардың әрқайсысы өздігінше мықты. Әрқайсысының жұмыс істеу стилі бар. Бірақ барлығы да қаланы түрлендіру мен түрлі жобаларды жүзеге асырарда өз идеялары мен айналасындағы бірқатар мамандармен ғана кеңесіп барып, іс бастап кететін. Ал Нұржан Нұржігітов ескерткіш орнату мәселесін елмен, халықпен ақылдасып, жұртпен санасуға кіріскен бірінші әкім. Бұл істе таңдауды халықтың өзіне қалдырды. Сол үшін зиялы қауым өкілдерінен арнайы комиссия құрамы жасақталған болатын. Мүсіншілер ұсынған 17 эскиздік жоба сол комиссияның үшінші маусым күнгі отырысында қаралып, үш нұсқасы мақұлданды. Ескерткіштің орналасу орнын анықтау мақсатында 14 маусымда комиссия құрамы және сәулетшілер тағы да бірлескен отырыс өткізді. Ш.Мұртазаның ескерткішін Тараз қаласына орнату орны бойынша 14 ұсыныс түссе, отырыстың қорытындысымен ұсыныстар негізінде ескерткіш қойылатын қолайлы үш жер анықталды. Бұл үш орынның ішінен комиссия басым дауыс берген Жамбыл даңғылы бойындағы халықаралық Тараз инновациялық институты ғимараты алдына қойылатын болды. – Сонда ескерткіш бой көтеретін орын аталған институттың жері ме? – Әлбетте, жоқ. Ол жер Тараз қаласы әкімдігінің теңгерімінде. Күтіп-баптау мен тазалығын «Жасыл Тараз» мекемесі жүргізеді. Институтқа тек бұрынғы қонақүй болған бүгінгі жатақхананың ғимараты ғана тиесілі. Айта кеткен жөн, институт құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов ғимарат алдындағы жерді институт меншігіне беруге өтініш жасап отыр. Ол ескерткіш аумағын, жалпы сол аумақты толықтай өзі абаттандырып, жарықтандырып, барынша тартымды орын жасауға пейіл танытуда. – Демек, Шерхан Мұртаза ескерткіші бой көтеретін орын болашақта институтқа берілуі мүмкін ғой?! – Мен әкімдікке ол шешімнің ұтымды болатынын айтып ұсыныс жасайтын ойым бар. Егер әкімдік рұқсат берсе, болып қалар. – Өзіңіз комиссия төрағасы ретінде ұсынылған қай жерге дауыс бердіңіз? – Мен бұл таңдауда қалыс қалдым. Өйткені жеке ұсынысым ретінде қоғам қайраткері өзі тұрған 12-ықшамаудандағы үйінің маңы, Төле би көшесіндегі тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы бетке орнатылса деген пікір білдірдім. Өзім сол таңдауымда қалдым. Әлбетте, ол ұсыныс қабылданбады. – Ал комиссия мүшелері басым дауыс берген соңғы таңдауға қалай қарайсыз? – Меніңше, ұсынылған өзге нұсқалардың ішінде ең дұрысы осы. Неге десеңіз, биік тұғыр тұрғызуға да, жан-жағын барынша ыңғайлы етіп абаттандыруға да қолайлы орын қажет. Қалай десек те, Шерхан Мұртазаның өзі секілді, ескерткіші де жалпыға ортақ. Сондықтан оны анаған бұрды, мынаған болысты деп ары-бері тартқыламай, зиялы қауымның шешіміне құрметпен қарап, қолдау білдірген жөн. Ең бастысы, таңдау жасалды, енді неғұрлым тезірек іске кірісу керек. Өйткені уақыт тығыз. – Ендеше, іске сәт! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Маржан РАҚАЙ.

Ұқсас жаңалықтар