1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
«АҚ ЖОЛ»
2006 жыл 3 наурыз. №36-37 (16.212). Газеттің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулеттің «Айтыстың ертеңін ойласақ...» мақаласы ақындар арасындағы өнер сайысын ұйымдастырудың бірқатар өзекті мәселелерін қозғады. Жамбылдың туғанына 160 жыл толуына арналған «Отаным – бақыт ордасы» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өткен болатын. Онда бас жүлде Шырынбек Қойлыбаевқа, бірінші орын Күміскүл Сәрсенбаеваға берілді. Ахметжан Өзбеков пен Айтмұханбет Исаков екінші орыннан көрінді. 1 сәуір. №54-55 (16.230). «Ақ жол» газетінің редакциясында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асырылуының жай-күйіне арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Байзақ ауданында редактордың орынбасары Елен Әлімжан, бөлім меңгерушілері Ақылжан Мамыт, Сапарғали Әлібай газет оқырмандарымен кездесу өткізді. Осы санындағы тағы бір жаңалық «Үкілі үміт» айдарымен берілген «Танысыңыздар: Ақын Жұлдыз Бейсектегі» тақырыбымен берілген жыр топтамасы болды. ТарМПИ-ның екінші курс студентінің балауса жырларын жариялаған газет, оған сәт сапар тіледі. 8 сәуір. № 58-59 (16.234). «Ақ жол» журналистері өз оқырмандарымен кездесулерін жалғастырды. Бұл жолы Жуалы ауданында басылымның бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет пен бөлім меңгерушісі Ақылжан Мамыт кездесулер өткізіп қайтты. 13 сәуір. №61 (16.236). Құлан ауылында «Ақ жолдың» Т.Рысқұлов және Меркі аудандарындағы меншікті тілшісі Сейсен Қожеке атқарған жұмыстары, көтерген проблемалары, алдағы жоспарлары туралы есеп берді. Оған бас редактордың орынбасары Қуаныш Иембердиев қатысты. Осы санында басылымға қатысты тағы бір жаңалық оқырманға жеткізілді. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті өзінің 31 наурыздағы санында «Ақын келді» деген хабар жариялаған еді. Онда танымал ақын Исраил Сапарбаев «Ақ жол» тұсауын кескен, әдебиет айдынына жолдама берген Ерлан Жүніске батасын берген. Газет оны «Ақ бата» айдарымен көшіріп жариялады. 27 сәуір. №71 (16.246). «Ақ жол-ақпарат»: жиындар, конференциялар, семинарлар, «дөңгелек үстелдер» жаңа айдарының тұсауы кесілді. 29 сәуір. №72-73 (16.248). Тырнақалды жазғандары «Ақ жолда» жарияланған халқымыздың көрнекті ақын қызы Күләш Ахметова 60 жасқа толды. Газетте «Аққуға аспандағы үнін қосқан» портрет-очеркі жарияланды. Авторы – Баймаханбет Ахмет. 20 шілде. №116-118 (16.293). Облыс әкімі Бөрібай Жексембин «Ақ жол» газетінің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулетке сұхбат берді. Ол «Ашығын айтайық» айдарымен жарық көрді. Тақырыбы – «Күн түскен жерде көлеңке де болады». 17 тамыз. №133-135 (16.310). «Атпал «Ақжолдың» бұл санында облыстың бірінші басшыларымен ашық сұхбат беру жалғасты. Облыстық мәслихаттың хатшысы Әбдінұр Әсілбеков пен газеттің жауапты хатшысы Тұрсынхан Толқынбайұлының сұхбаты «Адамды көркейтетін орынтағы емес, елінің берген бағасы» тақырыбымен шықты. 12 қазан. №161 (16.336). «Ашығын айтайық» айдарымен басшыларға сөз беру жалғасты. Тараз қаласының әкімі Ілияс Тортаев пен «Ақ жол» газетінің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулеттің сұхбаты «Басшы болудан бақытты болу қиын» жарияланды. Осы санындағы Е.Әлімжанның «Ақындар айтысымен ашылған» мақаласы Мойынқұм ауданында Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығы мен атақты шопан Ж.Қуанышбаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған халықаралық ақындар айтысы туралы. Онда бас бәйгеге тігілген «Жигули» жеңіл автокөлігін қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева жеңіп алды. 16 қараша. №180-182 (16.353). «Атпал – «Ақ жолдың» кезекті саны. Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына арналған бетте Семей өңірінде болып қайтқан жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Қайрат Рысқұлбеков – ұлт найзасының ұшы» жолжазбалары берілді. 16 желтоқсан. №197-199 (16.374). «Атпал – «Ақ жолдың» бұл саны Тәуелсіздік мерекесіне арналды, түрлі түсті бояумен шығарылды. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Тәуелсіздікті жақындатқан тұлғалар» беттері, «Жасампаз Жамбыл өңірі: он бес белес» айқарма беті саясат пен арғы- бергі тарихымыздан сыр қозғаған, экономика мен әлеуметтік салалардағы жетістіктерді баяндаған жарияланымдардан тұрады. Ал «Тағзым» бетінде жарияланған газеттің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулеттің «Туған жердің топырағы» жолжазбасы да әсерлі оқылады. Ол жерлесіміз Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің анасы Дәметкен, бауыры Алтай, Мойынқұм ауданының әкімі Оңласын Жиенқұлов және басқалар бар облыс делегациясының Семейдегі батыр қабіріне зиярат етіп қайтқан сапары жайлы. 2007 жыл 4 қаңтар. №1. ( 16381). Бірінші бетке «Ақ жол»-85» деген жаңа айдармен «Ақ жолдың» мерейтойы жамбылдықтар қуанышы» деген мақала жарияланып, онда мамыр айында басылымның тұңғыш нөмірі жарық көргеніне 85 жыл толатыны айтылып, осыған орай ардагерлерден, жалпы жұртшылықтан газет тарихына қатысты тарихи құжаттар, фотосуреттер, естеліктер болса редакцияға жолдауға, мерейтойға атсалысуға шақырды. Осы бетте «Бас редактордың оқырманмен ой бөлісуі» айдарымен жарияланған «Басты тақырыптар айқын» деген мақаласында Мақұлбек Рысдәулет басты тақырыптарды айқындап алуда оқырмандардың ойы мен пікірі, тілегі мен өтініші шешуші рөлі атқаратынын атап көрсетті, оқырманнан ойлы хат күтетінін де жеткізді. 11 қаңтар. № 4. ( 16.384). Осы нөмірінен бастап «1922-2007. Шежірелі жылдар» деген тақырыппен газеттің сол кезгі жауапты хатшысы Тұрсынхан Толқынбайұлы дайындаған басылымның шежіре-деректерін бере бастады. 13 қаңтар. №5 ( 16.385). Облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Күләш Ахметованың шығармашылық кеші өтті. Оған облыс әкімі Б.Жексембин қатысып, ақынға сый-сыяпат көрсетіп, төрт бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. 6 наурыз. № 35-36. (16.417).Қала іргесіндегі Байзақ ауданында «Ақ жол» газетінің күндері өтті. Одан берілген арнаулы бет «Дәуірдің «Ақ жолы» шежіресі, құрметпен қарайды Байзақ елі» деген тақырыппен берілді. «Ақ жол» газетінің күндерін өткізу барлық аудандарда жалғасып, газет олардан арнаулы беттер беріп тұрды. 1 мамыр. № 68-70 (16.448- 16.450). Он екі бет болып шыққан газетте «Ақ жол» газетінің 85 жылдығына орай келген құттықтаулар, тілек- лебіздер, арнау өлеңдер жарияланды. «Ақ жолдың» ардагерлеріне тұтас бет арналып, олардың фотосуреттері, қысқаша өмірбаяндары берілді. Ал «Ақ жол» ертең шығады деген тақырыппен айқарма бетке редакцияның бір күнінен репортаж фотосуреттермен қоса беріліп, шығармашылық ұжым оқырмандарға жан-жақты таныстырылды. «Ақжолдықтардың» шығармашылығына да айқарма бет арналып, онда қаламгерлердің өлеңдері, эссе, новелла, әңгімелері берілді.Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді