«Тараз» ойындары жақсы басталды

«Тараз» ойындары жақсы басталды
ашық дереккөз
«Тараз» ойындары жақсы басталды
Шыны керек, жергілікті «Тараз» футбол клубының ала-құла ойындарына көзіміз үйреніп қалғаны сондай, жанкүйерлер бұл клубтан пәлендей нәтижені күтпейтін де болған. Алайда «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» дегендей, «Тараздың» биылғы ойыны көз сүйсініп, көңіл толатындай дәрежеде. Тіпті клуб басшысы Жандос Ахметов чемпионаттың басында: «Қарызымыз көп. Сондықтан қымбат ойыншыларды ала алмадық. Тараз жерін құрметтейтін, командаға жаны ашитын жігіттерге сенім арттық» деген болатын.  Айтқандай-ақ, жігерлі жігіттерден құралған команда жарап келеді. Қазір турнир кестесінде 5-орында. Бұл дегеніңіз өте жақсы көрсеткіш. Биылғы чемпионатты дәл осындай белеспен аяқтап жатса, оның өзі қуаныш. Бұған дейін бірінші топқа түсіп қала жаздаған клуб үшін 5-орын деген шүкіршілік қой. Одан жоғары нәтижеге қол созып жатса, тек қана құптаймыз. Чемпионаттағы соңғы ойынын Шымкенттің «Ордабасы» құрамасымен өткізген «Тараз» 2:3 есебімен жол берді. Соған қарамастан турнир кестесіндегі 5-орынымызды берік сақтап тұрмыз. Қазір Премьер-лига командалары арасындағы чемпионат уақытша тоқтап тұр. Себебі ҚР кубогы жолындағы ойындардың топтық кезеңдері өтіп жатыр. Кубок жолындағы ойындарда да биыл өзгеріс бар. Топтық кезеңнен басталып жатыр. «Тараз» футбол клубы ел кубогы жолындағы алғашқы ойынын Қостанайдың «Тобылымен» өз алаңында ойнап, 6:1 есебімен айқын ұтты. Гол соққандар арасында Қараман, Қуантаев, Жақып, Шаяхметов секілді өзіміздің қаракөз қандастарымыз бар. Енді бүгін кешке «Тараз» ел кубогы жолында Түркістан облысының «Мақтаарал» командасымен өз алаңында шеберлік байқасатын болады. Ойын сағат 21:00-де орталық алаңда басталады. «Міне осылайша, ел кубогы жолындағы ойындарды да белсенді бастап отырмыз. «Тараздың» биылғы жақсы жетістігіне жанкүйерлердің қосып отырған үлесі үлкен. Жанкүйерлер қолдаған сайын арқаланып, жақсы ойын өрнегін көрсететіндерін ойыншылар да мойындап отыр. Сондықтан, алдағы ойындарға да жанкүйерлер көп жиналса деген тілегіміз бар. Бұйырса, ел кубогы жолында сәтті ойнап, ел чемпионатында да жақсы нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ендігісін уақыт, ойын барысы көрсетеді», – дейді команданың бас бапкері Нүркен Мәзбаев.

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар