Баспасөз үйі – Шерхан Мұртаза атында
Жамбыл журналистерінің басында бармақтай бақ бар десек, артық айтқандық емес. Себебі Тараз қаласының дәл орталық алаңында, ең көрнекті де көрікті жерде еңселі «Баспасөз үйі» бар. Ол ғимаратта отырып еңбек ету былай тұрсын, жай кіріп-шыққан кісінің өзін керемет әсерге бөлейтіні рас. Облыс орталығының негізгі бөлігіне шырай берген бұл ғимарат осыдан 60 жылдай бұрын облыстық атқару комитетінің кеңсесі болған екен. Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезде салыныпты. Ғимараттың әрбір қаланған кірпішіне дейін тарих. Қазақшалап айтқанда, осынау қара шаңыраққа кім келіп, кім кетпеген? Елімізге есімі танымал көптеген тұлғалар еңбек етті. «Баспасөз үйіне» қонақ болып талай қазақтың біртуар ұлдары да келген.
Осыдан 40 жыл бұрын облыстық атқару комитеті дәл іргесінен салынған жаңа және көрнекті мекемеге көшеді де, бұл ғимарат босайды. Сол тұста бүгінгі «Баспасөз үйіне» көшіп алғысы келген мекемелер аз болмапты. Бірақ, сол кездегі «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің бас редакторы Баттал Жаңабайұлы сол кездегі облыс басшысы Хасан Бектұрғановқа кіріп жағдайды түсіндіріп, аталған ғимаратты сұрайды. Хасан Шаяхметұлы журналистерді, баспасөзді аса қадірлейтін басшы екен. Бас редактор Б.Жаңабайұлын да ерекше құрметтеп, айтылған ұсынысты қабыл алып, ғимаратты баспасөз үйіне берген екен. Ол кезде қаптаған газеттер жоқ. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін облыстық екі газет осы ғимаратқа орналасады. Содан бері бұл үй – «Облыс баспасөзінің қара шаңырағы» деп аталады. Қазақта қара шаңырақтың қасиетті ұғым екені баршаңызға мәлім.
Жақында дәл осы ғимаратқа Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Маңдайшасына «Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» деп көрнекті атауы жазылды. Бұл – облыста қалам ұстап жүрген барша қауымның қуанышы. Бұл – Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына керемет сый болды. Шерхан Мұртаза – республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін, республикалық «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын ұзақ жылдар басқарған, Қазақ телерадиокешеніне бас директор болған және ҚР Жоғарғы кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған биік тұлға. Сондықтан, бұл шешім барша әулиеаталықтарға қуаныш сыйлағаны анық. Облыс орталығында Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, халықаралық Тараз инновациялық институтында «Шерхантану» орталығы жұмыс істейді.
– «Шерхан Мұртаза есімінің баспасөз үйіне берілуі – ғажап жаңалық, құптарлық шешім. Шерағаңның аталас інісімін. Бірақ, ол кісі кең ойлады. Барша қазақтың Шерханына айналды. Үнемі биік шың басында жүрді», – дейді ҚР Ақпарат саласының үздігі Ақылжан Мамыт.
Даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» құтты болсын, қадірлі әріптестер! Қасиетті шаңырақтан әділдікті ту еткен, майталман журналистер шыға бергей!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді