«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
ашық дереккөз
1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
(2010 жыл) 24 сәуір. № 72-73. (17.126-17.127). Осы нөмірінен бастап газет «Ел ертеңі – жастар» жобасын жүзеге асыра бастады. Арнаулы айқарма беттерде жастар саясатын жүзеге асыру барысы, ауылдағы бозбала мен бойжеткендердің бос уақытын қалай өткізіп, немен айналысатыны, өнерлі жастардың шығармашылық ізденістері, жалпы ауыл жастарының хәл-ахуалы туралы мақалалар берілді. Айқарма беттің алғашқысы Байзақ ауданына арналып, кейін қалған барлық аудандардан да кезекпен берілді. 22 шілде. № 131. (17. 171). Редакция басшылығында өзгеріс болды. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығымен Ғалым Қасабай облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Ол бұған дейін республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келген еді. 23 қыркүйек. № 169. ( 17.223). Газеттің бұл нөмірі тұтасымен даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналды. Қазақстанның Халық жазушылары Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, ақын Тұманбай Молдағалиев және басқалардың шығармаларынан үзінділер, естеліктер, өлеңдер берілді. 25 қыркүйек. № 170-171. (17.224-17.225). Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында батырға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Ал «Баласағұн» мәдениет сарайында «Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бауыржан Момышұлының 30 томдық жинағының және «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсімі де ұйымдастырылды. «Мен Бауыржанды жырлаймын» атты республикалық жыр мүшайрасының қорытындысы жарияланды. Бас жүлде жерлесіміз Ақтолқын Күлекееваға бұйырды. 1-ші орынға арналған қос жүлдені атыраулық Әлия Дәулетбаева мен астаналық Динара Маликова бөлісті. Екінші орыннан ақтөбелік Балтабек Нұрғанов, үшінші орыннан қарағандылық Дәуренбек Бұланбаевтар көрінді. Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарда ұлттық ат спорты ойындары өткізілді. (2011 жыл) 14 мамыр. № 79-80. (17.369-17.370). Таразда тұңғыш рет кардиологиялық диспансер ашылды. Осы замандағы озық технологиялық құрылғылармен жабдықталған, екі ауысымда жұмыс істейтін емдеу мекемесі күніне 250 адамды қабылдап, медициналық көмек көрсете алады. Облыстағы осынау тамаша жаңалықты газет бірінші бетіне жариялады. 11 маусым. № 99. (17.389). Бұл нөмірінде де оқырмандарға тың жаңалық хабарланды. Тараз металлургия зауытында феррросплав өндірісін жаңғырту және кеңейту жобасының нәтижесінде екі пеш іске қосылды. Бұл жоба «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 28 шілде. № 132-133. (17.423-17.424). Тараз топырағында тағы бір тамаша жаңалық болды. Жаңартылған облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешіті келушілерге есігін айқара ашты. Мешітті күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. 12 қараша. № 189-190. (17.480-17.481). Тараз мемлекеттік университетінің Жастар сарайында «Қазақстан Республикасында Тәуелсіздік жылдарында азаматтық қоғам және құқықтық мемлекеттің қалыптасуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Ресей, Беларусь, Түркия, Қырғызстан мемлекеттерінен келген тарихшы, құқықтанушы, саясаттанушы ғалымдар қатысты. Конференциядан есеп газеттің бірінші бетіне жарияланды. 6 желтоқсан. № 206-207. (17.497-17.478). Желді пайдалану арқылы электр қуатын өндіретін Қордай жел электр стансасы іске қосылды. Қазақстанда жел энергетикасының алғашқы жобаларының бірі болып табылатын және желді пайдалану арқылы электр қуатын өндіретін бірінші өнеркәсіптік нысаннан түсірілген фоторепортаж газеттің бірінші бетінде берілді. (2012 жыл) 19 қаңтар. № 7. (17. 523). «Ақ жол» газетінің арнайы сайты ашылды. Онда газетте жарық көрген жағымды жаңвлықтар, салиқалы сұхбаттар, қызықты материалдар беріле бастады. Басылымның осы санынан бастап «Ақ жол» газетінің алғашқы нөмірі шыққанына 90 жыл толуына арналған мақалалар, ардагер-қаламгерлердің естеліктері жарияланды. 14 ақпан. № 18. (17.534). Есімі аңызға айналған Дариға Жантоқованың ерлік еңбекке толы өмір жолы туралы қызы, Жамбыл медициналық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау ісінің үздігі Самиха Қоңырованың «Қайсар рухты анам» кітабы республикалық «Алаш» баспасынан жарық көрді. Тұсаукесер рәсіміне Өтеулі Досыбиев, Баттал Жаңабаев, Әкім Садықбеков, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет және басқалар қатысып, батыр ана туралы естеліктер айтылып, медициналық колледж білімгерлері өнер көрсетті.

Дайындаған Тұрсынхан Толқынбайұлы.

     

Ұқсас жаңалықтар