Сертіне берік Сейітбек
СЕРТІНЕ БЕРІК СЕЙІТБЕК. Егер тірі болғанда 70 жасқа толғанын тойлап жатар едік-ау! Түгіскен ауылы. Шағын клубта қойылған кинодан шығып келеміз. Кеш болып қалған уақыт. Шамасы 6-7-сыныпта оқитын кезіміз-ау, анығы есімде жоқ. Ол кезде балаларға арнап киноны күндіз көрсететін. Кино шетел тыңшысын ұстаған кеңестік барлаушылар туралы. – Мен болсам, жаңағы шпионды сол жерде-ақ атып тастар едім, – деді балалардың бірі қызбаланып.
– Мен алдымен қол-аяғын шауып, сонсоң құлағын құнтитып, мұрнын шұнтитып кесіп, көзін ойып қинап өлтірер едім, – деп өзеуреді біреуі.
– Сен ертегілер мен батырлар жырындағыдай қалмақ жансызының көзін жою туралы айтып кеттің ғой. Қазір ондай заман емес. Дұрысы токпен ұрып, тырнағының астына ине жүгіртіп қинап өлтірген, – деп білгішcініп жатыр келесісі.
– Жоқ, өлтірмеу керек. Оны тергеу арқылы жаудың құпиясын біліп алған дұрыс. Сонда қарсыластың қандай жауыздық әрекет жасағалы жатқанын білуге болады. Әйтпесе, бір тыңшыны өлтіргеннен не пайда?! Жаудың құпиясы, қылмыстың түптөркіні ашылмай қалады ғой, – деді Сейітбек жайлап, баппен сөйлейтін әдетімен. Оған дәл сол сәтте келісе қойған ешкім жоқ. «Қылмысы әшкереленіп қолға түскен қаскүнемнің көзін жою керекке» келіп тірелді көпшілігінің пікірі. Тек Сейітбек қана әлгіндей ұсыныс айтқан.
Оның пікірінің дұрыстығына кейін есейе келе көзіміз жетті ғой көбіміздің. Қолға түскен жалғыз «жауызды» өлтіре салғаннан пайда жоқ екеніне, оны тергеу, тексеру арқылы қараниет жаудың құпиясын ашып, қылмыстың тамырына балта шабудың дұрыс жолы Сейітбектің ұсынысы екеніне.
Мектеп бітіргеннен кейін әскерге шақырылып, Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан Сейітбек Саттаровтың таңдауы – қоғамдық тәртіп сақшысы болу. Өз өтінішімен ішкі істер органдарына қызметке қабылданған сержант Сейітбек арнайы жолдамамен Алматы орта-арнаулы милиция мектебіне оқуға жіберілген. Онда оқыған екі жарым жылдан астам уақыт ішінде қылмыспен күрес, қылмыскерлерді құрықтаудың әдіс-тәсілдері туралы жан-жақты білім алып, лейтенант шенінде жұлдыз тағып шыққан жас сақшы Жамбыл қаласындағы Орталық аудандық ішкі істер бөліміне қызметке жіберілген. Қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторы.
Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан ауған кез. Дәл осы тұста Жамбыл қаласының «ең бұзық қала» атанып, бұзақылықтың ұшқындап тұрған тұсы. Қалада көше-көшелерге бөлініп алған бұзақы топтар көп. Әрқайсысының өздері «билік» жүргізетін аумақтары бар. Оған басқалар кіріп кетсе, қып-қызыл қырғын төбелес, өзара есеп айырысу. Қалада тыныштық сақталуына олардың тигізіп жатқан кері әсері орасан. Салдарынан бейбіт адамдар зардап шегеді.
Лейтенант Сейітбек Саттаров қызмет атқаратын бөлім қылмысты құрықтаумен айналысады. Ал қылмыс әлемінің небір әккі серкелері бар. Олар өздері тасада тұрып жастарды итермелейді қылмысқа. Ішінде кәмелетке толмаған сарыауыз балапандары да бар. Оларға не, атамандары мақтап-мақтап айтақтап қойса, кез келген қылмысты жасауға бар. Сонан соң қармаққа түсіп, темір тордың аржағынан бір-ақ шығады.
Сейітбек қызметінде әріптестері Меделхан Нұретов, Жамбыл Шақабаевтармен тізе түйістіре жұмыс істеді. Олар торға түскен «шабақтар» арқылы «шортандарды» аулайтын. Олардың қолға түсулері қиындау. Оларды құрықтау үшін күн-түн қатып жұмыс істеу керек. Сондықтан уақытпен санасу деген жоқ. Өйткені қылмыстың көбі түнде жасалады.
– Бірде мені Сейітбек қылмыскерлерді торуылдауға бірге баруға шақырды, – деп әңгімелегені бар кластас досымыз Сағаттың. – Маған бәрі қызық. Түн ортасы болып қалған кез. Спирт комбинаты аумағындағы жұмысшылар жатақханасының сыртындағы кісі бойындай келетін кірпіш дуалдың тасасында жатырмыз. Жатақханада өзі діттеген терезенің шамы жанған болуы керек, Сейітбек мені дуал сыртында қалдырып, өзі ішке секіріп түсіп жатақханаға қарай кеткен. Көп ұзай қойған жоқ, жатақханадан қашып шыққан еңгезердей біреу тіке маған қарай салып ұрып келеді.
Дуалдың мен тасалап тұрған тұсы сәл аласалау екен. Қорыққанға қос көрінді ме қайдам, әлгінің қолында жалаңдаған пышағы бар. Артында Сейітбек келеді қуып. «Сағат, алдынан шық!» – деп айқай салды маған. Қабан шошқа сияқты жарып кететіндей екпінмен жүгіріп келе жатқан қарулы қылмыскердің алдынан қарсы шығып өле алмай жүрмін бе, дуалдың тасасына бұға қалдым, ол мен бұққан тұстан секіріп өтіп, айдалаға қашып барады. Артынша секіріп өткен Сейітбек әлгінің соңында. Көп өтпей-ақ, бірін бірі қуған екеу қараңғылық құшағына еніп кетті. Мен «есің барда еліңді тап» деп үйге зыттым.
Түні бойы ұйқым қашып, ойланып шықтым: «Сейітбек не қылды екен? Қылмыскерді ұстады ма, жоқ па? Әлгі қарулы қылмыскер қараңғыда қапысын тауып, Сейітбекті жаралап кетпесе болғаны», – деп.
Ертеңіне амандығын білмек болып телефон шалсам:
– Өй, сен неғып бұғып қалдың? Анау мені біраз әуреге салды ғой. Сен бұғып қалмағанда, көп ұзамай-ақ қолға түсетін еді, – деп кейігені Сейітбектің.
– Әй, анауың жарып кетуден тайынатын емес қой, – деп ақталып жатырмын мен.
– Қылмыскерлер қорқақ келеді. Ол сені көргенде басқа бағытқа бұрыла қашатын еді. Дуалдың биік тұсынан секіру – қиындау. Сонсоң қолға түспегенде қайда барады, – деп өз уәжін айтып жатыр Сейітбек.
– Сонымен, ұстадың ба, неғылдың енді.
– Ұстадым ғой ақыры. Қарулы екен бәле. Көп қарсыласты.
– Е-е-е, ұстасаң болғаны да, абайласайшы, жұмысың қауіпті әрі қиындау екен.
Сағат өзі достық, тілектестік ниетте түйіндеген бір оқиғаны осылай әңгімелеп беріп еді. Сонда тыңдап тұрып, Сейітбектің әрекетін көзге елестеткенмін. Шынында да, көзсіз ерлік. Қылмыскер – қарулы. Өзі еңгезердей. Сейітбек те денелілер санатына жатады. Сонда да болса, Сағат «қабандай» дегеннен кейін қылмыскер маған орасан дәу болып елестегені рас.
Сол қабандай қылмыскердің соңына түскен Сейітбек қылмыскер «арақ зауыт» аталатын кәсіпорынның оңтүстік жағын ала өтетін теміржол желісінен өтіп, Тектұрмас бағытындағы ашық далаға қарай қашса да қалатын түрі жоқ. Айнала қою қараңғылық. Бір сәт қашқын кілт тұра қалған. Сейітбек «ол қару жұмсайды-ау» деп ойлаған. Әккі қылмыскер олай жасаған жоқ, екпінмен келе жатқан қуғыншының алдынан аяғын көлденең қоя қойды. Шалынысқан Сейітбек етбетінен жер сүзе құлады. Жерге денесі тиер-тиместе көз ілеспес жылдамдықпен бір жағына қарай аунап түскен. Бұл кезде қуғыншының үстіне қона түспек болған қылмыскер жер қаба етбетінен түсті. Керісінше, сол сәтте Сейітбек оның үстіне қона кеткен.
Жанына батыра ауыртатын әдіспен қолын артына қайырғанда астында жатқан жауыз жан даусы шыға шыңғырып жібереді. Қылмыскердің талма тұсынан ауыр соққы жасап, есеңгіреп қалған сәтінде қолына кісен салып үлгерген. Содан жолға шығып көлік тоқтатып, бөлімге әкеліп тапсырғанында таң қылаң беріп қалған кез болатын.
Бұрын да сотты болған Иванов тағы бір ауыр қылмыс жасап, қолға түспей жүрген. Орталық аудандық ішкі істер бөлімі қылмысты іздестіру бөлімшесінің аға инспекторы, аға лейтенант Сейітбек Саттаров ақыры құрықтады аса ауыр қылмыскерді. Кейін мойнына талай адамның қанын жүктеген қанішер сотта әділ жазасын алып, бірталай жылға бас бостандығынан айырылды.
Бір бұл емес, талай «дардан қашқан» қылмыскерлерді құрықтап, бұзақыларды бұғаулаған қоғамдық тәртіп сақшысы Сейітбек Саттаров басшылықтың назарына ілініп, оны қызметі қырын кеткен бөлімдерге жұмсайтын. Ол ешқайсысынан бас тартқан емес, өзі басшылыққа алатын Кодекстерін сөмкесіне тоғытып салып алып, жіберген жеріне тартып отырады. Өйткені оның қызметінде жоғары тұрған басшылықтың бұйрығы талқылауға жатпайды, орындалуға тиіс.
Сейітбек осы тәртіппен Жамбыл қалалық Орталық ауданында, Жамбыл ауданында қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы, Жаңатас қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымды қызметтерін абыроймен атқарды. Қалалық жерде қылмыстың басым көпшілігі бұзақылық, тонау, пәтер ұрлығы болып келеді. Арасында кісі өлімі оқиғаларының кездесіп қалатыны бар.
Ауылдық жерлерде қылмыстың басым көпшілігі – мал ұрлығы. Қорадан қолды болған малды іздестіру оңай, табу мүмкіндігі жоғары. Өйткені куәлар тартуға, заттай айғақтар табуға болады. Ал өрістен жоғалған малды табу, ұрының ізіне түсу қиынның қиыны. Бұл жерде көпшіліктің көмегі керек. Әйтпесе, тау-тасты, жайылым алқаптарын, құм өңірін кезуге тура келеді. Автокөлік жүре алмайтын жерлерді атпен аралаған кездер де болған. Әккі ұрылардың ұстата қоюы қиындау.
Олар жер жағдайын бес саусақтай біледі. Сондықтан құрған торыңнан сусып шығып кететін кездері көп. Жамбыл ауданы облыс орталығын қоршап жатыр. Қала маңындағы саяжайларда екі күннің бірінде қылмыс. Өтірік айтып қайтейік, солардың бірқатары ашылмай қалатын да кездері болады. Ондайда Сейітбектің тап бір өзі кінәлідей қиналғанын көрсеңіз ғой. Заты ұрланған немесе жазықсыз жапа шеккен жәбірленушіге шарасыздық жайды түсіндіруге тырысады ондайда.
Оған түсіністікпен қарайтындар да бар. Ал кейбір бетбақтар өздерінің бейқамдығына қарамай шабынатынын қайтерсің. Үндемеген үйдей бәледен құтылар, онсыз да мінезі ауыр, жер қозғалса да қозғалмайтын Сейітбек ондайлармен дауласуға жоқ.
Жаңатаста ойдан қашқан, қырдан қашқандар көп. Кеңестік кезеңде «екпінді комсомолдық құрылысқа» жолдамамен келгендер Одақ тарап, жұмыссыздық белең алған кезде талай қылмыстар жасады ғой. Оның үстіне мұнда түрме болған. Түрмеден «түзеліп» шыққандардың да көпшілігі қалада қалып қояды. Басқа барар жер, басар тауы жоқ. Олардың да бұзақылыққа бір иықтарын беріп тұратыны айтпаса да түсінікті.
Міне, қалалық ішкі істер бөлімін Сейітбек Саттаров басқарған кезең осыған тұспа-тұс келді. Онсыз да уақытпен санаспай жұмыс істеуге әдеттенген ол бастықпын деп шіреніп отырмай, қылмыскерлерді құрықтау, іздестіру операцияларына өзі жетекшілік еткен де оқиғалар болды. Қылмысты іздестіру қызметінің қыр-сырын жақсы меңгерген маман қалай қарап отыра алсын?!
Сөйткен Сейітбек кейбіреулерге жақпады. Жасыратыны жоқ, көрсеткіш қуған сол бір кезеңде полицияда кейбір ашылмаған қылмыстарды сол тектес қылмыс жасағандарға жаба салу, кейбір жазықсыздарға жасамаған қылмысын ұрып-соғып, зорлықпен «мойындату» етек алған. Сейітбек ондайға барған жоқ. Шындықты бетке айтатын. Жақпағаны да сондықтан. Шыншылдығы үшін талай марапаттардан құр қалған да шығар?
– Біздің Секең өте шыншыл еді ғой. Өзі де «шындықты айтамын деп талай нәрседен құр қалдым» деп отырушы еді. Сонда біреу: «Егер бәрін де бастан бастасаңыз, қайтер едіңіз?» – деп сұраған екен. «Құдай берген қу мінез қалар деймісің. Осы кеткеніміз кеткен ғой», – деп жауап беріпті әлгіге. Оның бар болмысы – осы. Қанмен пайда болған қасиет сүйекке сіңіп, о дүниеге өзімен бірге кетті, – дейді Сейітбектің ширек ғасыр бірге жұбайлық ғұмыр кешкен жары, балаларының анасы Орал замандасымыз. Айтса айтқандай, ол ешқашан шындықтан жалтарған емес. Біз бір жылдың төлі едік. Бір сыныпта оқыдық, бірге өстік. Туыстығымыз тағы бар. Айтқанынан қайтпайтын, сертіне берік Сейітбектен басқа қасиет байқаған, басқа әрекет көрген емеспіз.
Көзін көрген, өзін көрген, ел жағдайымен жақсы таныс кейбіреулер Сейітбектің милицияда, кейін полиция болды ғой, қызмет атқаруын «нағашысы Тасынға тартқаны» деп жатады. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген бар, ол да мүмкін. Тасын Маханов – өткен ғасырдың 50-90-ыншы жылдары Талас өңірінде танымал тәртіп сақшысы болған кісі. Сейітбектің туған нағашысы. Арнаулы кәсіби білімі болмағандықтан, шені капитан дәрежесінен аспаған Тасын талай «тарпаң» бұзақыны тәртіпке салып, талай қылмыскерді құрықтаған кәнігі сақшы. Сейітбек шынымен де нағашысына тартса, жаман болмағаны.
Сейітбектің өз шыққан тегі де жақсылардан. Атасы Жаппар – «құралайды көзге атқан» атақты мерген кісі болған. Ашаршылықта түгел бір әулетті аң етімен асырап, нәубеттен аман алып қалған екен. Соғыс кезінде арнайы броньмен елде қалдырылған ОСОВИАХИМ мүшесі Жаппар Қалымбетов майданға көп мөлшерде аң етін жіберіп тұрыпты. Өкімет оның майданда бір-екі фашисті өлтіргенінен гөрі, әскерді асырағанын дұрыс көрсе керек.
Әкесі Саттар мұғалім еді. Соғыстан кейінгі жылдары Түгіскен мен оның бөлімшелерінде тұрған, әліпті таяқ деп білетіндерге алғаш әліппені танытқан мұғалімдердің бірі. Әсіресе арифметикаға өте жүйрік болатын. Бүгінде «біз есепті Саттар ағайдан үйренгенбіз» дейтіндердің алды сексенді алқымдап, соңы отыздан асты. Ол кісі де шаруаға пысық, аңшылыққа құмар болды. Дүниеге 11 перзент әкеліп, «Батыр Ана» алтын медалі мен «Алтын алқа» ілмесін омырауға таққан Әйнек жеңешем ауылдағы адуынды, іске ширақ кісілердің бірі еді. Әйнекке қыз кезінде жеңгелері «Көкжал» деп ат қойған екен. Соған қарағанда өткір болғаны ғой. Сейітбек осылардан тәлім-тәрбие алған. Есепке жүйрік еді, бірақ математика емес, милицияны таңдады. Таңдаудан жаңылыспапты, облыста қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі зор.
Сейітбек дүниеден ерте кетті. Небәрі 52 жасқа қараған шағында. Енді оның өмірін ұрпақтары жалғастырып жатыр. Сейітбек Құдай қосқан қосағы, жоғары санатты мұғалім Орал Кемпірбекова екеуі өмірге 3 перзент әкелген: Жансерік, Жанболат, Талғат. Ортаншысы енді гүлдеп келе жатқан шағында кенеттен қайтыс болды.
Үлкені Жансерік С.Демирель атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Бүгінде елордада «Астана» колледжінің директоры. Динара келін – «Білім инновация» халықаралық қорында тәрбие жөніндегі әдіскер.
Қарашаңырақта отырған Талғат бір коммерциялық компанияда жетекші маман. Гүлнәр келін – «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубында күрестің каратэ түрінен жаттықтырушы. Мен Секең жайлы мәлімет алуға барған күні Қырғыз елінің астанасы Бішкекте болған халықаралық чемпионаттан келген беті екен. Ол алып барған 15 «бұрымды балуан» 10 алтын, 8 күміс, 4 қола медальды олжалап, жалпы есепте Қазақстан бірінші орынды иемденіпті.
Балалары да, келіндері де жоғары оқу орындарын бітірген. Сейітбектің осылардан өрбіген 6 немересі желкілдеп өсіп келеді. Сұрай қалсаң, бәрі де Сейітбек атасының балалары. Әсіресе үлкендері «Сейітбек атамның баласымын», «Сейітбек атамның қызымын» деп тақ-тақ етеді. «Өмірі жалғасып жатыр» деген осы емес пе?! Ұрпағың өсіп-өне берсін, қызығын апасы Орал мен елі көре берсін!
«Сенің жайың жәннатта болып, пейіште нұрың шалқысын, Секе!» дейміз рухы әрқашан бізбен бірге Сейітбек досқа.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді