Салт-дәстүрді ұлықтаған ұлы тұлға
Таластықтардың ескі көз қариялары болмаса бүгінгілері сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың Талас ауданына жұмыс сапарымен келгенін көп айта бермейді. Білетіндерден сұрай қалсаң, біреуі 1972 жылы, екіншісі 1974 жылы мамыр айында іссапармен келгендігін айтады. Келген мезгілін дәл жазып кеткен Ералы Дадабаев ағамыз. Ол өзінің «80-ші көктемім» деген кітабында Қонаевтың Талас ауданына 1973 жылы мамыр айының бел ортасында барып қайтқанын жазыпты. Бұдан бұрын да ол кісінің Ойық ауылына барар жолдағы Қаратөбе деп аталатын жерде жеті үй тігіліп, сол жерге аялдағаны туралы естіген едім. Сол жолғы сапарында «Бостандық» совхозының атақты шопаны Забира Тұрсынбековтың отбасында болғаны жайында аталмыш жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ерсейітов Рахыжанның аузынан естігенмін. Енді Ерекеңнің кітабын оқып отырсам сол кездегі Мемлекет басшысының бұл сапарында «Ойық», «Бостандық» және «Жданов» (қазіргі Шәкіров) ауылдарында болғаны жайлы қысқаша жазылыпты.
Ералы ағаның жазуына қарағанда аудандағы үш ауылға аудандық партия комитетінің бюро мүшелері өкілдікке Бостандық ауылына аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Рахыжан Ерсейітов, Жданов ауылына аудандық партия комитетінің хатшысы Алдаберген Сәрсенбаев және Ойық совхозына аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Ералы Дадабаев бекітіліпті. Ел басшыларын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Р. Асадулин және аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә.Сатыбалдиндер ауданның шекарасында қарсы алған көрінеді.
Мәртебелі меймандар үкіметтік «Чайка» мәшинесімен және 2 «Волга»-ға мініп келген. Оларды бастап келгендер Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х. Бектұрғанов және облыстық атқару комитетінің төрағасы Ф. Питулов. Сол жолғы сапарында Қонаевтың қасында өзінің көмекшісі Дүйсетай Бекежанов пен облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы А.Сарыөзеновтер ілесе жүрген.
Белгіленген жоспарға сәйкес мәртебелі қонақтар жұмыс сапарын ауданның сол кездегі орталығы Ақкөлден шыға Ойық ауылына беттейтін асфальт жолдың оң қапталындағы «Жданов» совхозының көктеуіндегі «Көлқұдық» деп аталатын жердегі малшының үйіне соққан. Бұл жерде оларды аудандық партия комитетінің хатшысы А. Сәрсенбаев пен Жданов совхозының директоры Е. Үдербаевтар қарсы алыпты.
– Көлқұдықтың маңайына қос үй тігілді. Ол үйде ауылымыздағы ең үлкен, сол кезде жасы 90-ға келген Ақынбай қария мен кемпірі екеуі қазақтың ұлттық киімін киіп отырса керек, – деп еске алады Шәкіров ауылының тұрғыны Әбілсейіт Бейсенов,
– Мен жиырмадағы жас жігітпін, малшы ауылдарына ауыз су тасимын. Директордың тапсырмасымен ертемен ертерек келіп киіз үйдің маңайына шаң шықпасын деп су септік. Басшыларымыз малшының балаларын «Үлкен кісілер келгенде ұят болады» деп малқораның екінші жағында тігілген қараша үйге апарып, қамап қойғандай болды. Таңғы 10-дар шамасында қонақтар келді.
Ең әуелі 90- ға келген қариямыз: «Ассалаумағалейкум» деп қол алысты. Димекең ол кісінің қолын алып: «Қария, амансыз ба, бақуаттысыз ба? Малшы ауылында бала-шағаларыңызды көруге келген боларсыз?» деді жадырай күліп. Ақынбек ақсақал іркілместен: «Бір мезгіл балаларымды көрмесем сағынып қаламын, қарағым» деді. Оның жауабына риза болған Димекең: «Жасыңыз қаншада, қария?» деп сұрады. Ақынбай қария күліп: «бір тоқсанға келдік» дегенде риясыз күлген Димекең: «Ә, менің әкем Меңліахмет қатарлы екенсіз, 100 жасаңыз» деді.
Қариядан кейін біз де жапатармағай амандасып, қол алысып жатырмыз. Мен де ұзын бойлы, денелі жігіттің бірі едім, алақанымдағы саусақтарым да ірі келетін. Бірақ Димекең қолымды алғанда менің дәу алақандарым көрінбей қалды. Сол тұрғанда Димекең малқораның маңайындағы қара борбай балаларды көріп қойыпты. «Оу, бастықтар, анау балаларды неғып тығып қойғансыңдар, шақырыңдар, батырларға сәлем берейік» деп бұйырды Димекең. Балаларды шақырып келейін деп жүгіріп мен кеттім. Үстерінде мәйкі мен жұқа шалбарларынан басқа дәнемесі жоқ балаларды көрсе ұят-ау деп ойлап қоямын.
Үлкен кісі, ештеңеден қаймығатын түрлері жоқ, ауылдың сарыауыз балапандарының сәлемін а лып, баст арынан сипап, беттерінен сүйіп жатып: «Баланы жалтақ қылып өсірмеңдер, болатын баланың бетін қақпа, белін бу демей ме ата-бабамыз, бұл балақайлар өжет болып өссін, ертең Қазақстанды басқаратын осылар емес пе?» деді.
Бастықтарымыз «Иә, Иә» деп бастарын шұлғысып жатыр. Содан кейін Димекең үйге кіріп Ақынбай мен оның кемпірін қасына отырғызып, дайындалған астан дәм татты. Әңгіме арасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рафик Шәкірұлы Асадулин бұл совхоздың «Бостандық» совхозынан бөлінгенін тәптіштеп түсіндіріп, сөйтіп өз алдына шаңырақ көтергеніне 2-3 жылдың-ақ шамасы болды деп баяндап жатыр. Димекең совхоз директоры Ерман Үдербаевтан шаруашылықтың жай-күйі туралы сұрастырды.
Ерекең де өмір көріп, ысылған кісі еді. Әрі Қонаевтың мейірбан жүзіне риза болып, ауылдың, әсіресе шаруашылықтың жетістіктерін қысқаша айтты. Пәлен бас қой, түген бас мүйізді ірі-қара және бесінші түлік ретінде шошқа өсіреміз дегенде Димекең: «Інім, айналайын, тоқта, тоқта, талпақ танауды не үшін өсіресіңдер?» деп сұрады. Мұндай сұрақты күтпеген директорымыз тұтығып ауданның басшысына қарады. Ал ол болса: «Димаш Ахметович, бізде мемлекеттік ет тапсыру жоспары бар. Шошқаны сол үшін асыраймыз» деп салды.
Димекең оған ашуланған жоқ. Бірақ: «Рафик шырағым, сенің өзің де мұсылман емессің бе? Халықтың салт-дәстүрі бұны көтере қоймас. Ет жоспарын орындаудың басқа тәсілін ойлап табыңдар» деді. Отырғандар түгел «Мақұл, мақұл» десті. Арғы жағы айтпаса да түсінікті еді. Жалғыз біздің совхоз ғана емес, талпақ танауды ауданның барлық шаруашылықтары өсіретін. Димекеңнің сол сапарынан кейін ауданда шошқа өсіру жұмысы тоқтатылды.
Үлкен кісі кетерінде: «Қай заманда да біздің халық салт-дәстүрге берік болған. Ақылды ақсақалдардың сөзін тыңдаған. Тоқсанға келген қарияны үйге әкеліп қойғандарың жөн де шығар, бірақ мен мына Ойық ауылына бара жатырмын. Менің өтінуім бойынша сол жақта біраз ақсақалдармен ақылдасып, сәлем бермекшімін. Егер мүмкін болса бұл кісі де сол жаққа барсын» деп кетті. Димекеңнің осы сөзінен мен қазақылықты ғана байқамай, жасандылықты, жағымпаздықты жек көретінін сезген едім.
Шынында да сол жолғы Димекеңнің сапарында аудан және шаруашылық басшылары терең ойланбай тірлік жасап, Қаратөбедегі қаз-қатар тігілген жеті үйге тек сол төңіректің ақсақалдарын ғана шақырып қойғаны дұрыс болмады деп жазады Ералы аға өз кітабында. «Ауылдардағы аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарды неге теріп шақырмағансыңдар?» деп совхоз партия комитетінің хатшысы Сейсенбек Шолпанбековтен сұрадым дейді бұл кісі. Сөйтсе ол екі иығын көтеріп: «Тапсырма солай болды» депті.
Сол сапардағы жіберген кемшілікті он тоғыз жыл өткен соң Ералы Дадабаев «түзеген» сыңайлы. 1992 жылы 16 мамыр күні Дінмұхамед Қонаевтың 90 жылдығын Талас ауданының жұртшылығы атап өтті. Оны ұйымдастырып жүрген Ералы ағамыз. Мерейтойға Ерекеңнің шақыртуымен ауданның ғана емес, облыстың қадірлі қариялары түгелге жуық шақырылды. «Жақсыны көрмек үшін» демекші Димекеңе сәлем беруге тек ақсақалдар ғана емес, естіген жұрттың бәрі келді десе де болады.
Жақсыда жаттық болмайды. Е. Дадабаев жазып кеткендей Димекең қазақты бөлмеді, тіпті өзге ұлт өкілдерінің көшбасшысына айналған ерекше тұлға еді. Әрі оның Талас өлкесіне келгені, ата-бабасының кіндік қаны тамған жерін ұлықтағаны ғана емес, бүкіл қазақ халқын туған жерін сүюге үндегенін білдіреді. Тап сол ауылдардың төңірегінде осыдан 760 жыл бұрын Талас құрылтайы өткенін ол кісі білді. Дәл осы Талас өлкесінде ұлы дала көшпенділері Алтын Орда мемлекетін құруға уағдаласты.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай жиынын Түркістан қаласында өткізу жөніндегі байламын айтты. Осы орайда бүкіл Түркі жұртының басын қосып, Алтын Орда хандығын құруға негіз қалап берген Талас бойында және Қозыбасыда қазақтың ұлы жиындарының бірін өткізсе де болар еді деп ойлаймын. Сонда кешегі Түркі қағандығының ұрпақтары өз тарихын терең танып, бірлігі бекем бола түсер еді. Меніңше, өз дәуірінің ұлы тұлғаларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Таласқа атбасын тегін бұрған жоқ. Тектілігіңді танып жүр деп кетті.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ
журналист.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді