«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәулен Жаппасбаев

Мәулен Жаппасбаев
ашық дереккөз
Мәулен Жаппасбаев
Тамшы үні Жапыраққа жасырынған тамшылар, Жесір бұлттың жанарынан түстің бе? Әлде сені құлатты ма жасындар, Адалдығың, мөлдірлігің үшін де. Жапырақтан тайғанаған тамшылар, Ерке желдің есерінен ықтың көп. Бәлкім сенің тағдырыңа тән шығар, Топыраққа сіңе беру тұтқын боп. Тұнық, томпақ, ақ моншақтар әдемі, Шырқау көктен құмға құлап жығылдың. Менің санам тастап мынау әлемді, Сендік жақтан іздеп кеткен ғұмырын. ...Өмір мені сүймейтіні белгілі, Саған ұқсас тағдырым бар менің де. Мен де өмірді сүйе алмадым ендігі, Анау жақтың ақтығына сендім де. Нұр жалғанның пейішінен келген бе, Маған жұмбақ әр мөлдірдің жан сыры. Асқар көкке жете алмай жүргенде, Аспан жақтан жылап түсті тамшы үні... Бөген Қалада қарбалас, Дала ше? Далада тыныштық. Әр белес мүлгиді гүл құшып. Қала ше? Тым суық, қатыгез. Көп адам тас бауыр, Далада мейірім басқа өмір. Қалада Жасанды сәулеге, Билейді көбелек. Ай нұрын сеппейді себелеп. Ақ түні ауылдың, Тым басқа. Желпіген самалы, Жаныңа жібектей жағады. Қосылмас екі өмір, Екі әлем. Аңсарым ауады, Сағындым ауылды, анамды. Құрысын қаласы. Кеттім мен. Шаң жұтып өлем бе? Ал, әже, жүрейік Бөгенге! Мұң Өткенім – көп мұң, ертеңім бұлдыр ақ сағым, Фәниден тайып тым ерте неге ақсадым? Тағдырым сараң жымиып жалаң қор етті, Тұншығып іштен үзілді тағы жақсы әнім. Жүрегім ерте үсігін көрді ақпанның, Бос үміттермен сендіріп кепті ақ таңым. Өзекке тепкен ұлы ма ем әлде өмірдің, Уы мен мұңы тірліктен тауып татқаным. Жатырқай қашып кеміді, жұтап сенімім, Сақылдап күліп арманым кетті – серігім. Шыңырау ойдан жетеді жиі көп үндер, Сеземін сол үн сүйкімді менің өлі үнім. Шаршаған жаным жазады дертті ғазалын, Осымен енді біткендей барлық базарым. Түбіме жеткен дауаңды бергін жауыз – ой, Құшағын жайып келмесе екен Ажалым...

Ұқсас жаңалықтар