Мағжаннан маржан терген Заңғар

Мағжаннан маржан терген Заңғар
ашық дереккөз
Мағжаннан маржан терген Заңғар
«Жалпы адамзаттың жақсылығына сену – адамгершіліктің ең биік белгісі» деп отты жырымен оғлан ұлттың жүрегіне ордалы ойды найзағайлы нөсердей төгіп-төгіп кеткен ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың мұрасын жас ұрпаққа таныту, қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, мектеп оқушыларының классикалық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және дарынды оқушыларды қолдау мақсатында Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаев оқуларының республикалық кезеңі өтті. Мағжан оқуларының республикалық дарабоздар додасына қазақ әдебиеті марғасқаларының маңдай тері сіңген киелі Әулиеата жерінен қатысқан таластық талант Заңғар Сәтберген жүлделі екінші орынмен оралды. Айта кету керек, аталмыш байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылған болатын. Үміткерлер «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» атты Мағжан шығармаларын жатқа оқудан бақ сынаса, «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» атты кезеңде ақынның ізбасарлары арнау өлеңнен сынға түсті. Ал «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» атты бөлімде қатысушылар ақынның шығармалары бойынша өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарын сынға салды. «Өртке тиген дауылдай» өр ақынның рухына арналған дәстүрлі байқауда өңіріміздің атынан барған жалғыз үміткер – Талас ауданы, Бостандық ауылының 10-сынып оқушысы Заңғар Сәтберген өзінің арнау өлеңін оқып, жүлделі екінші орын иеленді. Байқау соңында замандастарымен бірге Мағжан ақынның туған ауылына барып, рухына тағзым етті. Айта кету керек, жуырда ғана Заңғардың жеке жыр жинағы да жарық көрген болатын. Осы ретте жас өреннің шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыс тілей отырып, назарларыңызға оның авторлық алғашқы кітабынан өлеңдер топтамасын ұсынуды жөн көрдік.

ЖАН ЖЫРЫ

Пай-пай! Қалқам жырыңды айт, Ішіңдегі сырыңды айт. Хиуадан асып терлеген, Тізгінін жанға бермеген,

Тұла бойды кернеген, Жүрегіңде төрлеген, Ашылмаған мұңыңды айт! Ай-хай!Көңіл тербеші,

Тұла бойды кернеші. Бақытсыздықтан шөлдеген, Келіп қалған көлденең, Өн бойыңда өрлеген,

Тірі қалып, өлмеген, Сезіміңді сермеші! Беу-беу!Дүние сайрашы, Қиқулап бір ойнашы.

Әдептен еш аспаған, Толассыз асып-таспаған, Қайраттыдан жаспаған, Жасқанбай жолда тастаған, Ағысыңнан таймашы!

ШҮКІРШІЛІК Шүкір деймін әр атқан таңым үшін, Шүкір Алла қолдағы барым үшін. Шүкіршілік қыламын аяқ-қолға, Шүкір деймін денсаулық,жаным үшін. Шүкір, шүкір айтамын бір Аллаға, Шүкір деймін жаныма кір алмаған. Шүкіршілік қыламын ғұмырыма, Шүкір жүрек соққан, бір тына алмаған. Шүкіршілік қыламын жан-тәніме, Шүкір деймін күніме батқан күле. Шүкір Раббым қыламын несібеңе, Шүкір тағы күніме атқан міне. ТУҒАН ЖЕРІМ Туған жерім сағындырып, аңсаттырып тұрасың, Алыстасам іңкәрімді өзіңе арнап бұрасың. Шегі менен өлшемі жоқ сағынышты мендегі, Баурап алып,одан әрмен сөнбес жалын қыласың. Туған жерім топырағының өлшенбейтін бағасы, Паң төсінде жатыр қымбат, сайы менен саласы. Талай асқар таулар менен ну орманды құшақтап, Кеңдігінен масаттана жатыр байтақ даласы. Туған жерім табиғатты құшағында тербеткен, Безендірген жалаң төсін таңғажайып өрнекпен. Құстың үні, жусан иісі, самал желдің ескені, Шабыт берер өзіңдегі әр бір маған жер неткен. Туған жерім көкейінде талай жатқан сырлары, Қалың елдің төскейінде таңдай қаққан жырлары. Таулар діңі, ал құздары ұстап тұрған қазықтай, Маған қарап үн шағады талмай біткен қырлары. Туған жерім бітпес жырым айта берсем өзіңе, Мына менің шектеу болмас, саған деген сөзіме. Сен дегенде талмай келіп, тығылады көмейге, Шабыт шіркін бағынбастан тіпті менің өзіме. УАҚЫТ Уақыт бүркіп жатыр артта қалғанды, Кім көріпті өткен шаққа барғанды? Уақыт деген болдырмайтын арғымақ, Теуіп кетер тұяғымен таңдарды. Уақыт өтер, қайта келмес өткенге, Шапқылайды өмір атты өткелде. Болдырмастан бұл арғымақ ұшады, Шабандозы мәресіне жеткенде. Уақыт санап бұл өмірді кешпелік, Қайта келер деп уақытты бөспелік. Өтіп жатыр қазір ғана уақытың, Алғы минут болып қалды естелік. Уақыт бізге білдірместен өтуде, Жетелейді, жетеріне жетуге. Қарап тұрсақ алтын біздің уақыттар, Ұшқан желдің тізгінінде кетуде. Уақыт бітпес, өмір бітер дегенмен, Әр жүйріктің уақыты бар теңелген. Апарғанда асау уақыт шапқылап, Ең соңында жан ұшады денеңнен. ҚҰСТАР ҚАНАТ ҚАҚҚАНДА Құстар қанат қаққанда, Ұмтылады жиекке. Олар сайрап жатқанда, Жыр қонады тиекке. Құстар қанат қаққанда, Асып өтер шыңдарды. Суырылып топтан да, Алып ұшар жырларды. Құстар қанат қаққанда, Жүректерге жол табар. Сыңғырымен жапқанда, Кең далаға жыр қонар. Құстар қанат қаққанда, Дауа болар жүрекке. Дала үнге батқанда, Арқау болар тілекке.

Заңғар СӘТБЕРГЕН

       

Ұқсас жаңалықтар