Буденовка қасіреті
Ұмытпасам, 1974 жылдың желтоқсаны еді. Ол кезде Жамбыл қаласына іргелес жатқан Свердлов аудандық «Село жаңалығы» газетінде тілші болып қызмет атқаратынмын. Сол жылы ауданның әр саласында еңбек ететін ұжымдар, жеке озаттар кезекті бесжылдықтың жоспарын бір жыл бұрын орындап, ауданда үлкен слет жиналысы болатын болды. Айтулы жиынға аудан басшылары ерекше назар аударып, алдын ала жан-жақты жоспар жасалды, арнайы сценарий жазылды. Ол кезде аудан орталығы – Михаиловка селосында жөні түзу мәдениет үйі жоқ болатын. Озаттар слеті атақты Александр Нахманович басқаратын «Трудовой пахарь» колхозындағы бес жүз адам сыятын үлкен мәдениет ошағында өтетін болып, дайындық қызу басталып кетті. Аудандық газетте бірге қызмет атқаратын Валентина Мекшунова екеуміз слетті қазақ және орыс тілінде жүргізетін болып бекітілдік. Үлкен жиын еңбек озаттарын мадақтап, сый-құрмет көрсетумен шектелмейді, әртүрлі мәдени шараларға, әсіресе концерттік бағдарламағаайрықша көңіл бөлінеді. Слетке белгілі әншілер, ерекше көзге түсіп жүрген көркемөнерпаздар үйірмелерінің өнерпаздары шақырылды. Барлық дайындыққа аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нілзия Рақышева басшылық жасап жүрді. Слетқа бір күн қалғанда әкем дүниеден озғаны туралы жеделхат келіп, жағдайымды айтпақ болып, хатшыға кірдім.
– Әрине, әкеңнің қазасына барып қайт. Арты қайырлы болсын! – деп маған көңіл айтқан Нілзия Алғазықызы сәл үнсіз, ойланып қалды. Хатшыны не мазалап отырғанын айтпаса да іштей сезіп отырмын. Слет ертең сағат онда басталмақ. Осындай аз уақыттың ішінде жүргізуші таба қою қиын сұрақ еді. Көше жақтағы үлкен терезеге көз тастаған аудандық партия комитетінің хатшысы алдындағы қоңырауды басуы сол-ақ екен, жас хатшы
қыз асығыс кіре берді.
– Шырағым, райкомның алдына аудандық газеттің жауапты хатшысы Зейнолла Қаржасов кетіп бара жатыр. Артынан жүгіріп, маған ертіп келші. Көп ұзамай-ақ бірге қызмет атқаратын әріпте сім Зейнолла кіріп, бізбен амандасып, маған көңіл айтты.
– Зейнолла, слетті Доқтырхан жүргізуі тиіс еді, жағдайды естіп отырсың. Сенің еңбек демалысында жүргеніңді білемін, бірақ, оны уақытша үзуге тура келіп тұр. Сенен басқа лайықты адамды көре алмай отырмын. Түс қайта соңғы дайындық өтеді, осында кел. Буденовкаға бірге барамыз, – деді хатшы шақырған мәселесіне тікелей көшіп.
– Жарайды, Нілзия Алғазиевна, – деді Зейнолла келісімін беріп. Қаржасов екеуміз райкомнан бірге шықтық. Түс қайта мен Жуалыдағы ауылыма асығыс аттанып кеттім. Үйге күн қарая жеттім. Туған-туысқан, көрші-қолаң әкемді соңғы сапарға шығарып салуға кірісіп кетіпті. Ағайындармен көрісіп, анама көңіл айтпақ болып, төргі бөлмеге басымды сұққанымда, басына қол орамалын жайып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп отырған әкемді көріп, анамның дүниеден озғанын біліп, аңырап жылап жібердім...
Екі-үш күннен соң, менің жұмыс орнымнан әкемнің атына «Сіздің ұлыңыз, журналист Доқтырхан Тұрлыбеков жол апатынан қайтыс болды. Шұғыл жетіңіздер!» деген жеделхат келіп, тұла бойым түршігіп кетті. Ішім бір сұмдықты сезіп, сол күні жолға шықтым. Газеттің редакторы Ғани Әлиев жақсы кісі еді. Мен кабинетке кіріп, амандаса бергенімде, ол орнынан ұшып тұрып, қарсы жүрді. Мені құшақтап: «Шырағым, тірі екенсің ғой!» – деп иегі кемсеңдеп қоя берді.
Мен көрмеген екі-үш күннің ішінде күрт қартайып кеткен Ғанекең көкірегі қарс айырылып, болған жайды айтып берді....«Трудовой пахарь» колхозының орталығында болатын бесжылдық озаттарына қатысатын бір топ аудандық партия комитетінің, аудандық газеттің, мәдениет бөлімінің қызметкерлері және үш-төрт мектеп оқушысы «Кубин» деп аталатын шағын автобусқа отырып, Буденовкаға қарай бет алады. Үлкен шаруашылыққа жете берісте Талас өзені ағып жатады. Сол күні қырсыққанда көктайғақ, тұманды болып, жол анық
көрінбейді. Өзенге жақындай бергенде «Кубин» автобусы бір жолаушы таситын көлікпен соғысып, жүргізуші рульге ие бола алмай, жолдың сол жағына аударылып түсіп, есігі ашылмай, көліктегі лық тола жолаушылар тысқа шыға алмай жанталаса арпалысады. Көп ұзамай, жанармай құйылған бак жарылып, ішіндегі адамдар тірідей жана бастайды.Жолда әрі-бері өтіп жатқан адамдар көмекке келіп, есікті сындырып ашқанда тым кеш еді... Әртүрлі жарақат алған, күйікке шалынған жеті-сегіз адамды құтқарып, қалғандары тірідей жанып кетеді...
– Қайтыс болғандардың арасында менің бірінші орынбасарым Қабылбек Құлиясов, газеттің жауапты хатшысы Зейнолла Қаржасов бар. Денесінің 70 пайызын күйік шалған тілшіміз Валентина Мекшунованың жағдайы өте қиын жағдайда, – деді редактор ауыр күрсініп. – Абыр-сабыр болып, есіміз шығып жүргенде сенің әкең қайтыс болып, сұранып кеткеніңді мүлдем ұмытып кетіппіз. Біреулер қайтыс болған бір жас жігітті сенімен шатастырып, әкеңнің атына жеделхат жіберіпті...
Өте қиын болды, шырағым, әлі есімізді жинай алмай жүрміз. Содан бері арада 48 жыл өтсе де, сол оқиғаны ойласам, жаным түршігеді. Менің орныма кеткен журналист Зейнолла Қаржасов небәрі 25 жаста еді. Соңында жары, үш перзенті қалды. Анам жарықтық: «Өлім деген жаман, шырақтарым! Аштық нәубетінен анам, бес бірдей бауырым өлді. Жақын адамдарымның аман-есен жүргендерін Алладан жалынып-жалбарынып сұраймын. Сендердің аяқтарыңа кірген тікенек менің маңдайыма кірсін! Сендердің жолдарыңда өліп кетсем арманым жоқ!» – деп отырушы еді.
Мейірімге толы ана жүрегі сезді ме екен, ол өзінің өлімімен мені аман алып қалды. Бұл кездейсоқтық емес екендігін іштей сезіп, жаратқан Иеміздің құдіретіне, анашымның маған деген шексіз махаббатына таңғалып, бас иемін. Жақында жұмыс барысымен жалындаған жас кезімде аудандық газетте қызмет еткен қазіргі Байзақ ауданына бардым. Сыйласқан, көзкөргендерді іздестірдім, көбісі дүниеден озыпты. Алғашқы журналистік қадамымды бастаған «Ауыл жаңалығы» газетінің табалдырығын аттағанымда қатты толқыдым. Сол баяғы бір қабатты үй, кішкентай кабинеттері де өзгере қоймапты. Сексен жылдық тарихы бар аудандық басылымнан бірге қызмет атқарған бірде-бір қызметкерді кездестіре алмадым.
«Ауыл жаңалығын» он жылдан астам басқарған Ғани Әлиев ағамыз нағыз кәсіби журналист еді. Ұлы Отан соғысының ардагері, тұлғалы азамат, үлкен парасат иесі талай бұлақтың көзін ашты, қамқор болды. Құрылыста электрмен дәнекерлеуші болып жүрген мені қызметке шақырып, үлкен сенім көрсеткенін, қаламымды ұштап, тәрбиелеп-баулығанын қалайша ұмытайын! КазГУ-дің журналистика факультетіне жолдама беріп, сырттай оқуға түсуіме сол ағам қамқор болды. Мүйізі қарағайдай журналистика факультетінің деканы, профессор Темірбек Қожекеев пен Ғани ағам ертеректе интернатта бірге оқыпты. Үлкен кісіге хат жазып беріп, мені Алматыға шығарып салғанын есіме алсам, жүрегім елжіреп жүре береді. Кейінірек Алматыға Қазақ теледидарына қызметке ауысып келгенімде Темекеңмен араласып, сыйласып өттім.
– Әй, қу бала, Ғани Әлиев досым алып берген екі торлама қауынмен оқуға түсіп кеттің, ә, – деп Темірбек ағам кейде маған әзілдейтін. Редакцияда белгілі ақын Асылхан Рахманов ағамыз бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Аузын ашса көмекейі көрінетін балажан кісі болатын. Маған туған әкемдей мейірімін төкті, жазу мен сызудың қыры мен сырын Асылхан ағамнан көп үйрендім. Редакция қызметкерлері Қабылбек Құсайынов, София Зейнуллина, Валентина Мекшунова, Зейнолла Қаржасов менің жақын до старым болатын. Үнемі бірге жүретінбіз, қол жеткен табысымызға бірге қуанатынбыз, бір шаңырақтың ұл-қыздарындай тату-тәтті едік.
Бүгінде сол бір абзал достар мына жалған дүниеде жоқ, жаны жәннатта жатқыр әріптестерімді есіме алып, жүрегім жетімсіреп жүре берді. Қазіргі редакцияның қызметкерлері негізінен жастар. Кейбіреулері мені сырттай таниды екен. Ал 1974 жылғы жол қасіретін көбісі білмейтін болып шықты. Елу жылдан бері Байзақ ауданына талай рет қызмет бабымен келгенім бар.
Алыстап кеткен сол желтоқсанда жиырмаға жуық адам қайтыс болған қасіретті жерге баруға жүрегім шыдай бермейтін. Аудандық әкімшіліктен көлік сұрап, бұл жолы арнайы атбасын бұрдым. Мен айтқан жантүршігерлік жол апаты бұрынғы Буденновкаға жақын жерде болып еді. Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де шұрайлы өңір өзгере қоймапты. Үлкен жолдың екі шеті жасыл шалғынға бөленіп, құлпырып тұр. Жаңбыр көп болғандықтан, биыл көкорай алқапқа қызғалдақ көп шығып, көздің жауын алады. Қол созым жерде кербездене Талас өзені ағып жатыр.
Алпысты алқымдап қалған жүргізушіден алыстап кеткен желтоқсан қасіреті туралы сұрап едім, білмейтін болып шықты. Көзден кетсе, көңілден кетеді деген осы. Небір жайсаңдар мен жақсылар, бүкіл өмірі алда жалынды жас жігіттер мен қыздар, ешбір кінәсі жоқ сәбилер тірідей өртеніп кеткен қайғы мен қасіретке толы сол күнді білетін аудан басшыларына, ардагерлеріне айтар өкпе-назым жоқ емес. Мен олардың бейжайлылығына таңғаламын. Кеңестік идеологияның жалауын желбіретемін деп құрбан болған күнәсіз жандардың не жазығы бар еді? Қаншама гүл мезгілсіз солды, қаншама арман пышақ кескендей қиылды. Оларды ұмытуға бола ма?! Талай жанның өмірін жалмаған үлкен қасіретті ұмыту, түк болмағандай кейіп таныту адамгершілікке жараса ма? Ар-ождан деген үлкен ұғым бар, оған не деп жауап береміз. Қыршын кеткендерді мүлдем ұмытсақ – олардың аруағы бізді кешіре ме?
Арам дүниеге мастанып, жалғанды жалпағынан басқан кейбір байлар жақсы көретін итіне дейін ескерткіш қойып жатыр емес пе? Ескерткіш туралы айтпай- ақ қояйын, арманда кеткен сол аяулы жандарға аты-жөндері жазылған бір құлпытастың бұйырмағаны ма? Таразға қайтып келе жатып, мен осы жайында ойладым. Көңілімді кірбің, жүрегімді мұң басты...
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы-режиссер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді