«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалардың болашағына бейжай қарауға болмайды

Балалардың болашағына бейжай қарауға болмайды
ашық дереккөз
Балалардың болашағына бейжай қарауға болмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялады. Балалар жылы аясында Президент ел үміт, мемлекет сенім артып отырған өскелең ұрпақты қорғап, қамқорлық көрсету үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керектігін тапсырды. Ол тапсырма облыс орталығында қаншалықты орындалуда? Қандай олқылықтар орын алуда? Жуырда Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен Тараз қалалық қоғамдық кеңестің отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланды. Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, қалалық мәслихат депутаттары, басқармалар мен бөлім басшылары, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында Балалар жылы аясында Тараз қаласында белгіленген іс-шаралардың орындалу барысы жан-жақты талқыға түсті. Ең алдымен жиынды ашып беріп, жүргізіп отырған кеңес төрағасы Балалар жылының ел ертеңі үшін маңыздылығына және оның аясында жоспарланған жұмыстарға жауапкершілікпен қараудың мәні тереңде екеніне тоқталды. Ал қалалық қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаевтың баяндамасы нағыз «қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көресіңнің» кері болды. Айталық, облыс орталығында 139 436 кәмелетке толмаған жасөспірім бар екен. Бұл қала халқының 37,8 пайызын құрап отыр. Балалар жылы аясында осынау жас жеткіншектердің сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп-өнуіне ықпал ететін, сапалы білім алуына мүмкіндік беретін қандай іс-шаралар жүзеге асып жатыр, мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай жеңілдіктер жасалуда, ата-анасыз қалған балаларды қамқорлыққа алу үшін қандай бағдарламалар әзірленген, жалпы балалардың игілігі үшін қандай бастамалар қолға алынып жатқандығын анықтау мақсатында аталмыш кеңес жанынын арнайы құрылған мониторингтік топтың жұмыс нәтижесі былай өрбіді: – Балалар жылына арналған шаралардың жүзеге асырылу барысы көңіл көншітерліктей деп айтуға келмейді. Балаларды қорғау, олардың өмірін жақсарту үшін нақты қадамдар әлі жасалмай отыр. Мәселен, қаламызда ана мен бала өлімі азаймай тұр. Ана мен бала өлімі бойынша қаладағы бірде бір медициналық ұйымның көрсеткіші көңіл көншітпейді. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша Тараз қаласында ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 6453 нәресте дүние есігін ашса, соның 67-сі бір жасқа толмай шетінеп кеткен. Сәби өлімінің 1000 адамға шаққандағы көрсеткіші 10,4 адамды құрайды. Бала шетінеу көрсеткіштері «Almaz Medical Group» және №9 қалалық емханалардың қызмет аясында тіптен жоғары. Мұнда дүние есігін ашқан әрбір 1000 сәбидің 15-16-сының шетінеуіне жол берілген. Сол сияқты, 5 жасқа дейінгі балалардың өлімінің 2020, 2021 және 2022 жылдардың алғашқы бес айының салыстырмалы көрсеткіштеріне жасалған талдау нәтижесі де көңіл көншітерліктей емес. 5 жасқа дейінгі әрбір 1000 балаға шаққанда өлім көрсеткіші 12,1 мен 12,5-ті құрайды. Медицина мамандарының айтуынша, бала өлімінің себептері арасында перинаталды кезеңде пайда болатын аурулар жиі кездеседі. Бұл барлық өлім-жітімнің 50 пайызының басты себебі. Осы орайда бір алаңдатарлық жайт, соңғы 3 жылда аутизммен ауыратын 18 жасқа дейінгі балалар саны күрт көбейіп, екі есеге артып отырғандығы. Нақты цифрмен айтсақ, бұл санаттағы пациенттердің саны 2020 жылы 89 болса, 2021 жылдың соңында 180-ге жеткен. Олардың әрқайсысына ерекше күтім керек. Сол себепті Балалар жылында бос ұраншылдыққа салынып, цифрлық көрсеткіштерді тізбектегеннен гөрі іс жүзінде осындай балаларды оңалтуға бағытталған медицинаның заманауи жетістіктерін кезең-кезеңімен жүзеге асырмасақ, бұл салада атқарылып жатқан кейбір әрекеттеріміздің бос әурешілік екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отырғандығын атап өткен жөн, – дей келе кеңес хатшысы Сәкен Омарәліұлы ата-ана қамқорлығынан айырылған және мүмкіндігі шектеулі, сонымен қатар балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің де мәселесін назардан тыс қалдырмады. – Соңғы кездері балабақшалар мен шағын орталықтардың саны біршама өсті. Дегенмен қалада сәби үшін балабақшалардағы орын зәрулігінің мәселесі әлі шешілмей отыр. Бүгінгі күні қала бойынша балабақшаға 19700 бала кезекте тұр. Жекеменшік балабақшалардың көбейгені, олардың өзара бәсекелесе алатындай деңгейге жеткені жақсы, әрине. Дегенмен бар білімнің негізі балабақшадан қаланатындығын ескерсек, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мәселелер жеткілікті екендігін аңғаруға болады. Жекеменшік балабақшалардың саны бар, ал сапасы қандай деген сұраққа жауап іздесек, бүгінгі жекеменшік білім мекемелері бизнеске айналып бара жатқандай. Жеке кәсіп иелерінің жұмысын тексеруге мораторий енгізілгендігін пайдаланып, балабақшаға мемлекеттік тапсырыс бойынша аударылған қаржыны жұмсауда олар түрлі қитұрқылықтарға жол беретіндігі айтпаса да түсінікті. Жекеменшік балабақшаларда 722 педагог жұмыс атқарады. Онда сырттай диплом алып, сабақ беріп жүрген педагогтер де жетіп артылады. Жалған дипломмен жүргендердің де кездесетіні жасырын емес. Әр баламен жеке жұмыс істей алмау, бүлдіршіндердің психологиясын түсінбеу, тіпті ұрып-соғу – саналы білікті маманның болмауынан орын алатындығы дәлелденген жағдай. Ал біліксіз мұғалім білімді шәкірт тәрбиелеп шығара ала ма? Осы уақытқа дейін қаладағы жекеменшік балабақшалардың бірде-бірінің тәрбиешілері арнайы аттестациядан өткізілмеген. Ал мемлекеттік балабақшалардың небәрі 3-еуінде ғана аттестациядан өткен тәрбиешілер қызмет атқарады. Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асса да, қазақ балабақшалары мен мектептер саны жыл сайын көбейіп жатқанымен, ұлттық тәрбие мен білімнің сапалық көрсеткіші сын көтермейді, – деп талай ата-ананың жанайқайын жеткізді. Сонымен қатар саладағы солқылдап сыздаған талай мәселені көтерген кеңес хатшысы 2021 жылдың маусым айынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс арқылы секциялар мен үйірмелерде балаларды жан басына нормативтік қаржыландыру жүйесі іске қосылғанын тілге тиек етіп, бұл бағытқа облыстық бюджеттен 278,1 миллион теңге қарастырылғанын және оның желге кеткендей жетпей қалғанын да атап өтті. – Өткен жылдың қазан-қараша айларында ваучерлердің, яғни бала санының күрт өсуіне байланысты осы мақсатқа бөлінген қаржы тапшылығы туындап, мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ваучерлерді тіркеу уақытша тоқтатылған. Оған негізгі себеп, қаламызда мұндай үйірмелердің баланы бейімдеп, белгілі бір нәтижеге жеткізуді көздейтіндері аз. Көбісі құжатын түзеп, айлық есебін уақтылы тапсырып отыруды әдетке айналдырғаны жасырын емес. Сонымен қатар спорт шенеуніктері арасындағы тұрақты сыбайлас жемқорлық бұқаралық спорттың дамуына кері әсер етіп отырғандығы да жасырын емес. Тереңірек үңілсе, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ашылған тегін спорт залдардың қайсыбірі бүгінде пысықайлардың ақша табу нысанына айналып отырғандығын аңғаруға болатын сыңайлы. Жекелеген мемлекеттік тапсырыс орындаушылардың жалға алған бөлмелері мен спорт залдары талапқа сәйкес келмейтіндіктен балаларға арналған мемлекеттік спорт нысандарында кестеге сәйкес балалар жаттығатын уақыттарда залда ересек адамдардың айналысып жатқандығын көруге болады. Мониторинг барысында қайсыбір спорт залдарда бекітілген жаттығу кестесіндегі уақытта жаттықтырушылар да, балалар да болмағандығы анықталды. Ал спорт нысандары басшыларының айтуынша, оқушылардың жазғы демалысы кезінде балалардың жаттығу залдарына келуі күрт азаятын көрінеді. Алайда спорт мектебіне тіркелген 1000-ға жуық жеткіншек бір мезгілде түгелімен қаладан кетіп қалды дегенге сену қиын. Мысалы, тізім бойынша 930 жасөспірімді спортқа баулып отырған №1 спорт мектебінде мониторинг топ мүшелері күндізгі уақытта залдардың есігі құлыптаулы болғандықтан жаттығып жатқан бірде-бір спортшыны немесе жаттықтырушыны көре алмады. Қаламызда «Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі» бар. Бұл оқу орнының қажеттілігі үшін бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Ағымдағы жылға да 458 миллион 346 мың теңге қарастырылған. Бұл спорт ошағының бүгінгі жағдайы мәз емес. Колледж ғимараты 2004 жылдан бері жөндеу көрмеген. 170 оқушыға арналған жатақханада ұлдарға арналған бөлмелерде 10 төсектен, қыздарға 6 төсектен қойылған. Бөлмелердегі жиһаздар тозған, төсек орындары ескірген, қабырғалары сұрғылт тартып, төбесінің кей жерлерінен су аққан, едені тозып, жыртылған. Жатын бөлмелерде дәретхана, қол жуғыш деген атымен жоқ. Мониторингтік зерделеу нәтижесі бұл жеткіншектер арасынан олимпиада резервтерін дайындаумен тікелей айналысатын, мемлекет қамқорлығындағы бірден бір арнайы оқу орнында үміткерлерді таңдау өз дәрежесінде еместігіне көз жеткізді, – деген С.Қондыбаев қазіргі жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жұмыстардың да лайықты деңгейде атқарылмай жатқанын алға тартып, ұсыныстарымен бөлісті. – Тараз қаласында тұрып, қаладағы балаларға арналған ойын-сауық орталықтарына барып көрмеген балалар бар. Мәселен, қала орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы демалыс саябағындағы балаларға арналған аттракциондардың біріне мініп 3-5 минут айналу үшін 400-500 теңге төлеу қажет. Бір баланы 30-40 минут ойнатуға кемінде 5000 теңге қаржы керек. Ал оны көпбалалы талай ата-ананың қалтасы көтермейді. Мұның бәрі халықтың әлеуметтік мәселесіне келіп тірелетін жағдай. 1 маусым – Балалар мерекесі күні бірлі-жарым дүкендер тегін балмұздақ таратып, ойын алаңдары бірер сағатқа қана тегін қызмет көрсетеді. Неге Балалар жылы балаларға жасалатын жақсылықты бір күнмен ғана шектеп қоямыз? Сондықтан ең болмаса, балалардың үш ай жазғы демалысында саябақтардағы ойын алаңдарының, музейлердің, киноорталықтардың қызмет көрсету құнын арзандатып, балалардың есінде қаларлықтай демалыстарын көңілді өткізуге неге жағдай жасамасқа? Жазғы демалыс кезінде балалардың бір бөлігі ғана лагерьлерге демалғанымен басым көпшілігі жазғы демалысты үйінде өткізеді. Лагерьде де небәрі 15-20 күн ғана болады. Демалыстың қалған уақытында балалар суға шомылуға әуес келеді. Күн ыстықта қайсыбір шомылуға мүлдем болмайтын жабайы тоғандар мен каналдарға түседі. Мұның арты қайғылы оқиғаларға душар етіп жатады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сүйенсек, соңғы 3 жылғы шомылу маусымында 23 адам суға кетіп, қаза тапқан. Өкініштісі олардың 14–і немесе 60 пайызы 15 жасқа дейінгі балалар.Тек биылғы шомылу науқаны басталғаннан бергі бір айдың ішінде 2 жасөспірім өмірімен қоштасып үлгерген. Қазір бұрынғыдай балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер жоқ. Бар болғанның өзінде олар ақылы негізде болғандықтан көпшілігінің ата-анасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан олар тегін демалыс орындарын іздейді. Осындай жағдайлар суға шомылуда жасөспірімдердің өлімінің көбеюіне себеп болуда, – деп түйіндеді ол. Сонымен қатар былтырға қарағанда қала аумағында жол апатынан зардап шеккен жасөспірімдер саны биыл 9 адамға артып отыр екен. Оған қоса ағымдағы жылдың 5 айында 1664 кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі құқықбұзушылық дәйектерімен полицияның тірек пунктілеріне жеткізілген. Олардың 15-і қылмыстық әрекеттер жасағаны, 2-еуі бұзақылығы, 1271-і қадағалаусыз түнгі уақытта көше кезіп жүргендігі, 47-сі ата-ана тарапынан қараусыз қалып, қаңғыбастықпен айналысқандығы, 321-і түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін ұсталғандар. Ал қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімовтің айтуынша, бұл аталған деректер қаладағы балалар мен жасөспірімдер жайлы мәселелердің бір парасы ғана. Өз сөзінде барлық мәселені тізіп-терсе, бір кітапқа сыймайтынын да жеткізді ол. Жиын соңында қала тұрғындары мен ата-аналар да өз ойларын ортаға салды. Олардың басым көпшілігі жаңа ықшамаудандарда балалардың спортпен шұғылданатын алаңшаларының жоқтығын алға тартты. Қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил шаһар аумағындағы жаңа ықшамаудандарға алдымен жылу, кәріз жүйелері толыққанды орнатылатынын, одан кейін балалар алаңшасы міндетті түрде жоспар бойынша жасалатынын жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар