«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біте қайнап әр дәуірдің әр үні, Қалықтады Қаратаудың сарыны

Біте қайнап әр дәуірдің әр үні, Қалықтады Қаратаудың сарыны
ашық дереккөз
Біте қайнап әр дәуірдің әр үні, Қалықтады Қаратаудың сарыны

Сан дәуірлердің соқтықпалы, соқпақты сәттерін, кезеңдерін бастан өткерген көне шаһар Таразда шежіреге толы облысымыздың жетпіс бес жылдық мерейтойы барлық салтанатқа сай тойланды. Тарау-тарау тарих парақтарына түрлі із қалдырған облысымыздың тарам-тарам жүріп өткен жолы да санқилы, алуан. Алатаумен астасып, Қаратаумен біте қайнасып жатқан өңір тойы «еңбек даңқы» аллеясының ашылу салтанатынан кейін «Баласағұн» орталық концерт залындағы көрмеге ұласты.

9 8 11 10Көрмеге облысымыздың әр жылдардағы өткенінен сыр шертіп, қатпарлы, тараулы тарихын тасқа басқан кітаптар қойылды. Жетпіс бес жылдықтың аясында жарық көрген «Атыңнан айналайын Әулиеата» жинағы сырлы естеліктерді еске түсірсе, «Жамбыл» деп аталатын фотоальбом арқылы өңірдің тыныс-тіршілігін, тарихын, табиғатын, жазиралы даласын, байлығын тани түсеміз. Сонымен қатар, «Жамбыл облысы – 75» атты шежірелік-жылнама кітаптан да тасқа басылған тарихи деректерді таба аласыз. Ал «Жібек Жолының інжу-маржаны» атты жинақта тарихи ескерткіштер мен сан дәуірдің сырын шертетін қалашықтардың бет-бейнесімен бетпе-бет ұшырасамыз, жәдігерлерімізді көз алдымызға елестетеміз. Соңғы «Құрмет» атты жинаққа әр жылдары облысымыздың өркендеуіне үлес қосқан Құрметті азаматтардың ғибратты ғұмыры, тәлімге толы тірлігі топтасыпты.

Сонымен қатар «Әулиеата өңірінің музыкалық мұрасы» деп аталатын сегіз дискіден тұратын жинаққа облысымызда дүние есігін ашқан халық композиторлары мен бүгінгі күн сазгерлерінің шығармалары, сондай-ақ, өңірімізде көп орындалып жүрген халық әндері, есімдері елімізге кеңінен танымал әнші-күйшілердің туындылары енгізіліпті. Анығырақ айтсақ, алғашқы дискіге халық әндері, екінші дискіге ақын-композитор Кенен Әзірбаевтың өшпес мұрасы жинақталыпты.Үшінші дискіге дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының шығармалары топтастырылса, төртінші, бесінші дискіге өңіріміздің күйшілерінің шығармалары еніпті. Бұған қоса алтыншы, жетінші дискіге Әулиеата топырағынан шыққан сазгерлердің әндері жинақталса, соңғы дискіге облыс жұлдыздарының туындылары жазылыпты. Облыстың 75 жылдығына арналған мерекелік шара мұнан әрі салтанатты жиынмен жалғасты. Бұл күні «Баласағұн» орталық концерт залында ине шаншар орын болған жоқ. Кең залдың іші қызылды-жасылды кейіпке еніп, мерекеге сай безендірілген. Сахна төріндегі лед-экран да көптің назарын бірден өзіне аударды. Мерекеге жиылған жұртшылыққа ізгі лебізін білдіру үшін мінбеге көтерілген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдымен Елбасының облыстың 75 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Мұнан соң Кәрім Нәсбекұлы өзінің жүрекжарды тілегімен бөлісті. – Бүгін – облыстың қоғамдық-саяси өмірінде айтулы күн, мерейлі мереке, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөзінің басында, – өсу мен өркендеудің, даму мен жаңарудың қиындығы мен қуанышын бірге көріп келе жатқанымызға биыл 75 жыл толып отыр. Біз бүгін облыстың бастау алған сәтін ғана емес, өңірдің жеткен жетістіктері мен жеңістерін, оның ежелгі де терең тарихын зерделеп, тағылым-тәлім үшін бас қосып отырмыз. Сондықтан, бұл айтулы күн – баршамызға ортақ мереке. Бүгінгі салтанатқа ардақты ағаларымыз бен апаларымыз, еңбек ерлері, жұртшылық өкілдері, көрші Қырғызстан Республикасы Талас облысының делегациясы қатысып отыр. Сонымен бірге, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелди, Амалбек Тшанов, Болат Жылқышиев, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев секілді көпке сыйлы азаматтар, Парламент депутаттары, елге танымал тұлғалар және ортамызда. Шақыруымызды қабыл алып, арнайы келген қымбатты қонақтарымызға облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Мереке құтты болсын, ағайын! Қазақ жері кең-байтақ, ұлан-ғайыр. Соның бір ғажайып мекені – Әулиеата әр топырақтың, әр өлкенің өзіндік қасиеті болады. Асқақ Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен торабында кең көсіліп, Шу мен Талас, Аспара мен Мойынқұм аясында өсіп-өнген Жамбыл өңірінің елімізде алар орны ерекше. Өткені сара, жолы дара бұл өңiр – ата-бабаларымыздың жазира жайлауы, іргесі берік құтты қонысы. Қашаннан қойнауы кенге, үсті ырыс-несібеге толы қазыналы аймақ. Рухы күшті, сыры мол шежірелі өңір. Ең бастысы – ата дәстүрі мен ана тіліне берік, жүрегіне жылу мен мейірім ұялаған киелі халқы, жомарт жұрты бар ел. Ел басына күн туған талай қиын-қыстау замандарда халқымызға пана болған, ұлыстың ұйытқысы болған да осы өңір. Бұл өлке айыр көмей ақындарымен де, от ауызды, орақ тілді шешендерімен де, саз балшықтан сәулет өрген алтын қолды шеберлерімен де, әлемді аузына қаратқан ғұлама ойшылдарымен де, көне тарихты тарқатып айтар шежіреші қарттарымен де, адал да ақкөңіл еңбекқор жандарымен де мақтана алады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай,«Бұл өлке – бір кездері құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы ірге көтеріп, туын тіккен жер. Жүз жасаған жыр алыбы – Жамбыл атамыздың атын иемденген ежелгі Әулиеата жері – «алтын құрсақты» өңір. Күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер, білікті билер мен білекті батырлар өткен берекелі аймақ». Қазақ қауымының қайраткері, асқақ ойшыл, ғалым Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн секілді ғұлама, атағы алысқа кеткен дарабоз тұлға Төле би, Бөлтірік шешен, Майкөт, Ұлбике, Сауытбек ақындар мен жырдың кені Кенен Әзірбаев сияқты дара перзенттерінен тамыр тартқан аймақтың тарихы терең, тағылымы әріде. Біз бүгін ел тәуелсіздігі, ұлт бостандығы үшін ат үстінде күн кешкен Қойгелді, Өтеген, Көшек, Саңырық, Жауғаш, Сыпатай, Байзақ сынды батырларымызды, Алашының жолында аянып қалмаған Тұрар Рысқұловтың есімін еске аламыз, рухтарына бас иеміз. Олардың есімдері халық жадында мәңгі сақталары ақиқат. Сарғайған тарих парақтарына жүгінсек, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Әулиеата еліне ғана емес, қазақ жері үшін де тарихи оқиғаларға толы жылдар болды. 1939 жылы 14 қазанда құрылған Жамбыл облысының құрамына Оңтүстік Қазақстан облысынан Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас және Алматы облысынан Красногор, Қордай, Шу аудандары және жаңадан Көктерек ауданы енгізілді. Небәрі 320 мыңдай ғана халқы бар облыс – небір қиындықтарға қарамастан жылдармен жарысып алға қарай қадам басып отырды. Осындай күнге жету үшін аянбай еңбек етті. Еңбек елдің еңсесін көтерді. Ұлы Отан соғысы жылдарында жамбылдықтар киелі топырақ, аталы жұртына лайық батыр мінез танытты. Әулиеата жерінен 120 мың адам майданға аттанды. 20 жамбылдық жауынгер Кеңес Одағының Батыры, 7 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Қазақ батырларының бойтұмарындай болған Бауыржан Момышұлы, сұрмерген Ыбрайым Сүлейменов, жаужүрек Ағаділ Суханбаев, панфиловшы Николай Белашов, Владимир Савва, пулеметші Саттар Естемісов, Сәду Шәкіров, Яков Тюлькин, Нурулла Фазылаевтардың ерліктері аңызға айналды. Олардың майдандағы ерлігін тылда еселі еңбекпен жалғастырған жамбылдықтар жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосты. Соғыстан кейінгі жылдары облыстың даму қарқыны жедел өсті. Облыс аумағында маңызы зор Түркістан-Сібір, Мойынты-Шу темір жолдары пайдалануға берілді. 1957 жылы Жамбыл қаласында Қазақстанның оңтүстігіндегі тұңғыш әуежай салынды. Алпысыншы жылдары Қаратау мен Жаңатас қалаларының құрылыстары басталып, қазыналы Қаратаудың жерасты байлығын игеру жұмыстары жүргізілді. Осы жылдары облыс орталығында ірі ет және былғары-аяқкиім комбинаттары, жүн өңдеу фабрикасы, Жамбыл, Меркі, Шу қант зауыттары ел игілігіне берілді. Ал 1967 жылы Жамбыл аймақтық электр стансасының алғашқы кезегі іске қосылды. Осы жылы халық шаруашылығында қол жеткен табыстары үшін Жамбыл облысына Ленин ордені берілді. Облыс әлемде химия өндірісінің алып та, қуатты ошағына айнала бастады. «Қаратау» кен-химия комбинаты, Жамбыл суперфосфат, Жаңа Жамбыл фосфор зауыттары іске қосылды. Жамбыл қаласы – «Үлкен химияның астанасына» айналды. Химия саласында өндіріс қуаттарының тез өсуі халықтың әлеуметтік-тұрмысының жақсаруына зор ықпал етті. Сол жылдары экономика саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 267 адам, оның ішінде 195 ауыл еңбеккері Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Олардың қатарында шопан Жазылбек Қуанышбаев, байзақтық Әжібай Тілеубердиев, қызылша өсіруші Сындыбала Оңғарбаева, Дариха Жантоқова, Рүстем Шүпенов, меркілік Галина Адаменко, Жамбыл және Жуалы аудандарының жылқышылары Әбден Байсыров пен Сәрсен Қазанғапов сынды дала перзенттері облысты даңққа бөледі. Еңбектің көрігі қызған сол шақта бір ғана, Талас ауданынан шыққан 56 Еңбек Ерін бүгінгі ұрпақ үлкен мақтанышпен еске алады. Бүгінде сол жылдары жанқияр еңбегі үшін «Алтын Жұлдыз» таққан Мәрзия Ибрагимова апайымыз ортамызда жүр. Осындай «Алтын жұлдызды» Әбдір Сағынтаев, Хати Сауранбаев, Бәйгелді Кейкиев сынды кеңшар директорлары ауылдарды өркендетуде барын аямады. Аға буын өкілдерінің сол ауыр жылдары қол жеткізген табыстары мен жетістіктері бүгінгі күннің еңбек озаттарына үлгі-өнеге болары сөзсіз. Қалыптасу мен өркендеу жылдары облыс орталығында көптеген өндіріс орындарымен қатар, мәдени-ағарту мекемелері мен жоғары оқу орындары ашыла бастады. Жамбыл – жастар қаласына айналды. «Ел ағасыз болмайды» дегендей, жетпіс бес жыл белесінде іргелі өңірді 17 азамат басқарып, облыс экономикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосты. Аймақ тарихында қайсыбір басшының болмасын өзіндік қолтаңбасы, игі іздері қалды. Михаил Игнатьевич Ткаченко, Ізмұхаммед Еділбаев, Шолақ Артығалиев, Махмұд Сапарғалиев, Асанбай Асқаров, Бименде Садуақасов, Мұстахим Ықсанов, Мұқатай Жармұхамедов, Хасан Бектұрғанов, Әнуар Жақыпов, Сәбит Байжанов, Өмірбек Байгелди, Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин, Қанат Бозымбаевтардың есімдері облыс тарихынан берік орын алды. Атқарған жұмыстары, тындырған істері – халықтың көз алдында. Ал Сейілхан Аққозиев, Афанасий Питулов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атқарушы биліктің ісін дөңгеленткен адал еңбектері мен төккен терлері ел есінде. Бүгінгі салтанат үстінде облыс аудандарын басқарған – Еңбек Ері Әзімбек Ысмайылов, Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Екейбай Қашағанов, Әнуарбек Сандыбаев, Аман Алпысбаев, Ұзақбай Сыздықбаев, Айтбай Назарбеков, Рақыжан Ерсейітов, Жапар Түйебеков, Рафик Асадулин, Василий Кравчук, Петр Качесов сынды аса талантты, тәжірибелі іскер ұйымдастырушы ағаларымыздың аттарын айналып өткен жөн болмас. Өңір тізгінін берік ұстаған осындай аға буын өкілдерінің ерен еңбектері мен айтулы аттары халық есінде, жұрт жадында қалды. Облыстың басқару жүйесіне жаңаша леп, тың серпін әкелген Смат Есімов, Асан Нүркенов, Әлмұхан Исақ, Берден Байқошқаров, Сейфулла Қожаханов, Нұрғали Торғаев, Дмитрий Жигалкин, Леонид Ремез, Анатолий Шупта, Тұрсынхан Мүсірәлиев, Тлеуқабыл Төребеков, Ералы Дадабаев, Кеңес Ахаев, Әмзебек Жолшыбеков, Сағынхан Әміреқұлов сияқты еңбекте ысылған, өмірде шыңдалған басшылардың есімдері облыс тарихынан өзінің лайықты орнын алды. Қазақ қыздарының арасынан шыққан қоғам қайраткерлерінің ортасында өздеріне лайық орны бар, облысты басқару ісіне белсене араласқан Ғайникен Бибатырова, Фариза Атшабарова, Лидия Ахметова, Нілзия Рахышевалар еліне елеулі, халқына қалаулы жандар. Туған Отаны үшін аянбай еңбек етіп, елдігімізді еңселеткен ер, айтулы тұлға Қаратай Тұрысов сияқты асыл азаматтар да ел есінде. Өңірде еңбекпен есейген, тірлікпен өскен жандар аз емес. Олар әрқашан да көптің құрметіне, жұрттың алғысына бөленгені уақыт шындығы. Бүгін 75-тің биігіне көтерілген Жамбыл өңірінің дамуына өзіндік үлесін қосқан аптал азаматтардың есімдерін атап, ризашылығымызды білдіру – біздің азаматтық парызымыз деп санаймын. Облыс еліміздің өнері мен руханиятына да өз үлесін қосуда. Өлкеміздің мәдениет саласындағы небір таланттардың есімі мен ісі бәрімізге де үлгі-өнеге. Көркемөнердің ұлы суреткерлері Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, театр және кино саңлақтары Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұлов, композиторлар Әбдімомын Желдібаев, Ілия Жақанов, музыка өнерінің майталманы Алдаберген Мырзабеков, сазгер Алтынбек Қоразбаев пен көрнекті ақын Күләш Ахметовалар облысымыздың ғана емес, шоқтығы биік қазақ мәдениетінің мақтанышы.

4 5 6Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, зерттеуші-ғалымдарымыз Мекемтас Мырзахметов, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Жаңғара Дәдебаевтар туған әдебиетіміз бен төл тарихымызды түгендеуде мол еңбек сіңіріп, егемен еліміздің игілігіне айналдырып отыр. Бүгінде жазушы Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутаев, Айша Көпжасарова, әнші-термешілер мен ақындарымыз – Аяз Бетбаев, Бағдат Сәмединова, Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхамеджан Тазабеков секілді тума таланттарға бай өлке әдебиет пен мәдениеттің дархан дәстүрін жалғастырып отыр. Аттарын ел біліп, есімдерін жұрт таныған қыл қалам шеберлері, атақты суретшілеріміз қаншама?!

2 1Бұл өлке тарих пен мәдениеттің, өнердің қара шаңырағы ғана емес, әлемдік спорт саңлақтарының да алтын ұясы. Осы жылдар жиегінде облыстан шыққан дарабоз спортшыларымыз, Олимпиада чемпиондары мен жеңімпаздары – Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Евгений Яровенко, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Болат Ниязымбетов пен Ақжүрек Таңатаровтар әлемдік спорт бәсекелерінде қазақ ұлтының даңқын асырды. Ал 70-ші жылдары жамбылдық велошабандоз Василий Эрлих дүниежүзінің рекордын жаңартуы, айрықша жетістік болды. Жамбыл спортының осындай жеңіс дәстүрін бүгінгі спортшылар да табысты жалғастырып келеді. Ғасырлар қойнауынан жаңғырып, жаңарып шыққан рух,желісі үзілмеген рухани сабақтастық – өңір халқының бүгінгі өміріне де өлшеусіз қуат беруде, болашағына береке сыйлауда. Дана халқымыз «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, Тәуелсіздіктің арайлы 23 жылында Әулиеата өңірі берекелі, шуақты өлкеге айналды. 1997 жылғы 8 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен облыс орталығына тарихи Тараз атауы қайтарылып, көне шаһардың 2000 жылдық тойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Елбасы айтқандай, «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» екені әлемге паш етілді. Облыс аумағында ашылған Амангелді газ кен орны да Тәуелсіздік табысы екені ақиқат. Бүгінде ірі индустриялық-инновациялық жобалар табысты іске асырылу үстінде, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Шағын және орта бизнес қанат жаюда. Әулиеата аймағында сәулетті үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандар жарыса бой көтеруде.Ауыл шаруашылығы дамудың даңғыл жолына түсіп, замана көшіне ілесіп келеді. ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Тараз шаһарында «Көне Тараз - Мәңгілік елдің бесігі» атты археологиялық саябақ ашуды қолға алдық. Бір сөзбен айтқанда жаңа ғасырдағы Жамбыл облысы – бір миллионнан аса халықтың береке-бірлігі жарасқан, тұғырлы мекеніне айналды. Мұның барлығы да еліне тірек болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болашақты болжай білген дана саясатының арқасында іске асырылып отырған игі істер. Облыс өз мерейтойын өрлеу жағдайында қарсы алып отыр. Біз өндірістік аймақтар мен индустриялық жүйені дамытудамыз. Экономиканың барлық маңызды салаларына инвесторлар тартып жатырмыз. Жылдан-жылға көбейіп келе жатқан бүлдіршіндер үшін жаңа балабақшалар тұрғызудамыз. Талантты жастар қамқорлық құшағында. Шын мәнінде облыстың шетелдік инвесторлар қызығатын тұстары мол. Әрі болашағы да зор. Осының бәрі де экономика мен әлеуметтік әлеуеттің ілгерілеуіне мүмкіндік туғызып отыр. Тек соңғы үш жылда және биылғы 9 айда облыс экономикасына 669 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Өнеркәсіптік өндіріс 1,4 есеге артты. 4,5 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын 29 кәсіпорын ашылды. Тұрғындар үшін аймақта жайлы да қолжетімді тұрғын үйлер соғылуда. Облыстың басты байлығы, алтын қоры – ол, әрине, халқы. Өңірде сексеннен астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосуда. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде достық дәнекеріне айналды. Осы орайда Ассамблея мүшелері, этномәдени орталықтардың жетекшілері Клименко Федор Леонтьевич, Кан Лаврентий Анатольевич, Махмутжон Давришев, Мухабат Турдыева, Бахром Муминов және басқалардың толеранттылық пен аймақ дамуына қосып келе жатқан айрықша еңбектерін атап өткен жөн. Тәуелсіздік ұлағатымен бірге тыныстаған облыс халқы осы жылдары қажырлы еңбек үлгісін көрсетті. Төрткүл дүниені дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік Ел» мұратын жаңғыртты. Жібек жіптей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы жаңа уақытпен үндесті. Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған облыстың келешегі кемел, болашағы бұдан да баянды болатынына сенімім зор. Бүгінгідей мерейлі күнге мол жетістіктермен, толағай табыстармен жетіп отырған киелі Әулиеата өлкесі әрқашанда ұлтымыздың ұйытқысы, өркениеттің бесігі болары сөзсіз. Туған өлкеде арайлап шыққан әр күннен нұр іздеген, туған топырақтан қуат алып өскен әрбір жамбылдық ел игілігін еселей түседі деп ойлаймын. «Ұлан-ғайыр жерің болса мақтан, көш бастайтын ерің болса мақтан» дегендей, бүгінгі өлкелі өңірде біз мақтан тұтар даралар мен даналар аз емес. Осындай азаматтарға арналған «Құрмет тақтасы» қойылған «Еңбек даңқы» аллеясы бүгін мерекеге орай ашылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл да бүгінгі ұрпақтың құрметі. Жетпіс бес жылдық мерекеге орай Жамбыл жерінің өткен тарихы мен шежірелі жылдарынан сыр шертетін деректі фильм мен бірнеше кітап, әндер жинағы, Әулиеата өңірінің музыкалық мұрасының жинағы шығарылды. Жаңадан жарық көрген «Құрмет кітабы» да өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпақ үшін қажетті дүние. Онда соңғы 15 жыл ішінде «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағына ие болған 64 азаматтың өмір жолы өрнектелген. Өткен күннің белгісіндей бұл танымды дүниелер бүгінгі өскелең ұрпақтың рухты әрі патриот болып қалыптасуына қажет деп ойлаймын. Сөзінің соңын Кәрім Нәсбекұлы: – Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің торқалы тойы құтты болсын! Баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Той тойға ұлассын, ардағы биік ағайын! – деген тілектермен түйіндеді. Салтанатты жиында мемлекет және қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Өмірбек Байгелди құттықтау сөз сөйледі. – Облыстың өмірі, өңір халқының тарихы тым тереңде. Мен де осы халықтың ішінен шыққан азаматпын, осында туылғанмын. Бүгін менің де туған күнім. Мен де 75-ке келіп отырмын. Еңбек жолымды ең төменгі сатыдан бастадым. Ұжымшардың арбасын айдадым, шөп жинадым, жүгері ектім. Балта мен балға да соқтым. Сібірге де барып жұмыс істедім. Сөйтіп барып оқуға түстім. Бірақ, мені туған жерім, қасиетті Әулиеата өңірі өзіне тартты да тұрды, – дей келе Ө.Байгелди өзінің облыста әр жылдары атқарған еңбек жолына, басшылық қызметтерде атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде облыс басынан өткен қиын-қыстау жылдардағы қилы тағдырды, одан құтылып шыққан еңбек пен ерлік істерді айтып, облыс экономикасындағы кейбір қиын мәселелердің қалай шешілгенін әсерлі әңгімелеп берді. Мәселен, Жамбылдың байлығы сары фосфордың тоннасын Мәскеу 7 мың АҚШ долларымен сатып алып отырған. Ө.Байгелди Англияға барған бір сапарында Лондон қор биржасындағы фосфордың бағасының 20-22 мың АҚШ доллары шамасында екенін біліп, осы мәселе бойынша Мәскеумен «айтысып-тартысып» ақыры сары байлықтың бағасын 13 500 АҚШ долларына көтерткенін айтты. Ол кісі облыс басшылығына келген кезде нанның бағасы 13 теңге болған екен. Ас атасының бағасын да басқа қызметке кеткенше көтертпей ұстап отырғанын да ауыз толтырып айтуға болады. Сонымен қатар, ол облыстың тарихына сипаттама беріп, осы жерлерде өткен небір тарихи кезеңдерден де сыр шертті. - Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ жерін бүкіл әлемнің тарихшылары іздеп жүр. Дәл сол жерде 1229 жылы Шыңғысхан өлгеннен кейін оның балалары қағанат сайлауға бірінші рет жиналған. Бір құрылтай сонда өткен. Тағы бір құрылтай Құланда болған. Міне, барлық оқиға біздің жерде орын алған. Біздің ұлы тарихымыз болған, біз ұлы халықпыз, біз ұлы мемлекет, ұлы империя болғанбыз, – деп Ө.Байгелди заманның тыныш, елдің аман болуын, келер ұрпақтың бақытты ғұмыр кешуін тіледі. Келесі кезекте сөз сөйлеген қоғам қайраткері Александр Савченко Жамбыл жұртшылығының ауызбіршілігі, еңбекқорлығы, қиындықты еңсерудегі ерік-жігері туралы тамылжыта әңгімеледі. «Баршаға белгілі, Құлан өңіріндегі жер сілкінісінің тигізген зардабы аз болған жоқ. 4,5 мыңнан астам үйлер мен білім, денсаулық сақтау нысандары жарамсыз болып қалғанда тұрғындар сабырлылық танытты. Осы нысандар небәрі жарты жылда толық қалпына келтірілді. Жуалы ауданын омбы қар басқанда да жұртшылық ынтымақ-бірліктің арқасында ол қиындықты да еңсере білді. Осындай мысалдардың өзінен жамбылдықтардың мықтылығын, Елбасының саясатын бірауыздан қолдайтындығын және оны жүзеге асыруға аянбай атсалысатындығын аңғаруға болады» деді. Мерекелік шарада жүргізушілер жиылған жұртшылықты облыстың 75 жылдығына орай Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтан, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексембиннен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтен, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманжол Жанқұлиевтан құттықтау жеделхаттарының түскендігінен хабардар етті. Салтанатты жиыннан соң облысымыздан шыққан өнер жұлдыздары мерекелік концерт ұйымдастырды. Әр дәуірдің әні, сазы әуелеп, Алатау мен Қаратаудың күйі қалықтаған кештің шымылдығын алдаспан ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы «Көне Тараз» атты өлеңімен ашып берді. Одан әрмен қарай өлкенің барлық мұрасын, болмысын танытатын Аман Малдыбаевтың күйін ұлт аспаптар оркестрінің орындауында тыңдадық. Сөйттік те туған жердің құдіретіне шексіз тәнті болдық. Күй сыртындағы бейнесюжет те өңір тарихымен барынша астасып жатты. Сырлы әуендер әуелеген кеш барысында танымал солист Әсел Уәшева да әуелете ән шырқады. Әдетте, талай опера солистерін сынап жататындар бұл күні Әселдің даусына шексіз риза болысты. Сонымен қатар Әсел Уәшева мен Тимур Тілеуқабылов дуэтінің орындауында Шона Смаханұлының «Жамбылым қандай тамаша» әні де көңілдерді жадыратты. Бұл күні композитор, мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбаев жерлестеріне Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған «Аяулы Таразым» атты жаңа әнін тарту етті. Елімізге еңбегі сіңген әртісі Бағдат Сәмединова да «Туған жер» әнін шарықтата шырқады. Шырайлы кештің финишінде Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай әл-Тарази, Бағдат Сәмединова триосы шырқаған ұлы ақын Жұбан Молдағалиевтің «Қазақстан» әні әр қазақтың бойын оттай шарпыды. Патриоттық сезімдерді оятты. Бұл күні «Кәусар» вокалдық ансамблі Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасын» акапелло түрінде нақышына келтіріп орындаса, Алатау фольклорық ансамблі де өз өнерлерін көрсетті. «Ақ кербез», «Жас дәурен» бишілер ансамбльдерінің билері де үлкен хореографиялық жұмыстың бір көрінісіндей болды. Әсіресе, «Ақ кербез» бишілерінің мың бұрала билеген «Шаттық» биіндегі қимылдар, қолдардың көкке көтеріліп, қайтадан ылдилауы, дененің пластикалық әрекеті, бәрі әдемі үйлесім тауып, бидің мазмұнын аша түсті. Ән кешінің әдемі өтуіне өзге әншілермен қатар филармония директоры Сәуле Жанпейісова мен «Тараз» триосы да атсалысып, мазмұнды әндерді орындады. Залға жиналғандар барлық жанрдың мүмкіндігінше қамтылғанына риза болысып, күй тартысқа да ду қол соқты.

Қазақ әдебиетіне қайталанбас тарихымен олжа салған Шерхан Мұртаза «Ұлы анамыздың артында, батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа созылып жатқан қыруар ұрпақ бар» дейді. Осы ұрпақтың бір тобы, облыс тойының құрметті қонақтары кеше облыстық қазақ драма театрындағы Ерсайын Төлеубайдың режиссерлігімен сахналаған Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» пьесасын көрді. Қазақ тарихындағы Бәйдібек би мен Домалақ ананың ерекше орнын сипаттап, суреттейтін пьесаның дәл осы күні назарға ұсынылуы тегін емес. Қазақ халқының белгілі тұлғаларының бірі Бәйдібек және оның үшінші әйелі, ел арасында «Домалақ ана» атанып кеткен Нұрила мен өзге де жарлары туралы аңыздың негізінде жазылған пьеса тарихи тұлғалардың тапқырлығын, өзіндік иірімі мол өмірдің кедір-бұдырын жайып салады. Бәрінен бұрын отбасының жарастығы мен ұрпақ өсіруді бірінші қоятын қойылымның желісі қазақтың қасиетті қара шаңырағының астында өрбиді. «Білегімнен бірінші ұстаған жанды жар етем» деп даналық танытқан Нұрила, өзінің тектілігімен Домалақ ана атанады. Бәйбішенің күндестігі, қысастығы қатар өріліп жататын шығармада қызғаныш дейтін қызыл иттің жетегінде кетпеген ақылды әйел ошағының отын сөндірмеуді ойлайды.

Нұриланың рөлін сомдаған облыстық қазақ драма театрының әртісі Анар Сағымбекованың өнері көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Малы мыңғырған байдың, бекзат болмысын сақтаған Бәйдібек бидің образын ашқан Құрақ Оразбаевтың да актерлік шеберлігі көрерменін тәнті етті. Жамбылдықтардың қуанышы кешке Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында мерекелік гала-концертке ұласты. «Туған елге тағзым» деп аталған концерттік бағдарламада негізінен Жамбыл жерінен шығып, республикаға қанат қаққан өнер жұлдыздары жамбылдықтарға ән мен биге толы ыстық сәлемдерін жолдады. Кеш Шона Смаханұлының сөзіне жазылған Садық Кәрімбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» әні арқылы орындалған жастар вальсімен ашылды. Одан кейін өлкемізден шыққан өнер майталмандары өздерінің тойға тартуларын ұсынды. Атап айтсақ, Сәуле Желдібаева Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнінен шашу шашса, елге танымал термеші Елікбай Исаев тәрбиеге толы жыр-термелерін ала келіпті. Ал жас дарын Маржан Закирова көпшілік әншілердің жүрегі дауалай бермейтін итальян операсын орындап берді. Онысы сәтті шықты да, өйткені ән ырғағымен қосылып, жұптасып билеген көрермендер де болды. Сонымен қатар, Саят Медеуов, Динара Қырықбаева, Тахмина Әшімбекова, Тимур Тілеуқабылов пен ол ән айтатын «Аңсар» тобы, Жанна Асанқұлова, «Тарту» тобы, Айзат Юсупжанова, Ардақ Исатаева, Бақытжан Қонысбаев, Перизат Омарбекова және тағы да көптеген әншілер мен бишілер жерлестері алдында екі сағатқа жуық уақыт өнер көрсетті. Концерт кезінде мерекелік отшашулар да көкке атылып, орталық алаң нағыз думанға бөленді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, Тұрсынбек Сұлтанбеков, Гүлжан РАХМАН, Жасұлан СЕЙІЛХАНов, Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар